Ел Президентінің бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы біздің өңір бойынша да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аймақ көлемінде тазалық, көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Облыс тұрғындарының басын біріктіріп, тазалыққа шақырған аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев қоршаған ортаны қоқыстан тазартудан бөлек, жұртшылықты табиғатқа деген жауапкершілікті сезініп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру қажеттігін алға тартты.
Бұл бағыттағы тазалық жұмыстары облыс көлемінде тек арнайы науқан кезеңінде емес, жоспарға сәйкес тұрақты түрде жүргізіледі. Әр саланың мамандары бірігіп, сквер мен парктерді, тарихи-мәдени ескерткіштерді, әлеуметтік, өнеркәсіп пен бизнес нысандарына және көшелерге тазарту жұмыстары ұйымдастырылады.
Аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы:
– Сыр жұртшылығы жалпыұлттық акцияға алғашқы күннен бастап белсене қатысып, туған өлкеміздің тазалығы мен көркеюіне зор үлес қосып келеді. Жыл басынан бері тазалық шараларына 400 мыңнан астам кәсіпкерлер, коммуналдық сала қызметкерлері, еріктілер мен белсенді жастар қатысты.
Өңіріміздің климатына сәйкес келетін 88 мыңнан астам тал мен көшет егілді.
Тазалық әр үйден, әр ауладан, әрбір елді мекеннен басталады. Сондықтан табиғатты қорғау ісінде мемлекеттік мекемелермен қатар кәсіпкерлердің, қоғамдық ұйымдардың және әрбір тұрғынның белсенділігі маңызды.
Бүгінгі акцияда тазалық жұмыстарымен қатар ағаш көшеттерін егеміз.Баршаңызды туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырамын!
Туған жердің экономикалық ахуалынан тыс экологиялық жағдайы да әркез назарда екенін жеткізген Құрылтай депутаты Ирина Тен сырбойылықтарға қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру қажеттігін де атап өтті.
Құрылтай депутаты Ирина Тен:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «таза» деген сөздің мағынасы көпқырлы. Бұл – қалаларымызды тазалау, көгалдандыру, көркейту, абаттандыру деген сөз. Сонымен қатар бұл – ниетіміздің тазалығын сақтау, отаншылдығымызды паш ету деген сөз».
Осы сөздің астарында үлкен мән бар.
«Таза Қазақстан» – өз аулаңа, көшеңе, туған жеріңе жанашырлықпен қарау. Қоғамдық мүлікті сақтау, табиғатты аялау, өзіңнен кейін тазалықтың ізін қалдыру. Ең бастысы – мұны күнделікті әдетке айналдыру.
Тазалықты өзгеден талап етпес бұрын, әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Өйткені аула да, көше де, саябақ та, туған жердің табиғаты да – бәрімізге ортақ.
Бүгін Қызылордадағы сенбілікте осы ортақ жауапкершіліктің күшін тағы бір сезіндім.
Таза ел таза ниет пен жауапкершіліктен басталады.
Қала және аудандарды түгел қамтыған акцияға 12000-ға жуық адам қатысып, 1750-ге жуық тал егілді. Олардың қатарында Құрылтайдың өзге де депутаттары бар. Депутат ретіндегі алғашқы сапарларындағы сезімдерімен және «Қайсар Арена» стадионында жаппай сенбілікке қатысты пікірлерімен олар әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы да ой бөлісті.
Құрылтай депутаты Серік Қожаниязов:
– Құрылтай депутаты ретінде туған жерге алғаш рет келгеніме өте қуаныштымын.
Кеше әріптестеріммен бірге Арал қаласы, сондай-ақ Төретам мен Жосалы кенттерінде жаңартылған теміржол вокзалдарының ашылу салтанатына қатыстық. Туған жеріме алғашқы сапарым аясында қызылордалықтармен бірге «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, «Қайсар-Арена» стадионы маңына ағаш отырғыздық.
Құрылтай депутаты Нұркен Бакытбекұлы:
– Тазалық сенбілікпен бітпейді. Ол туған жерге деген құрметтен басталады.
Бүгін Дүниежүзілік тазалық күніне орай Қызылордада өткен ауқымды экологиялық акцияға қатыстым.
Бір алаңда мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, ардагерлер, жастар, еріктілер, эко-белсенділер мен қарапайым тұрғындар бас қосты. Әрқайсымыздың қолымызға күрек алып, ағаш егіп, айналаны тазалағанымыздың өзі – үлкен ортақ істің көрінісі. Себебі таза қала, таза көше, таза аула – біреудің емес, бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз.
Сыр елінде бұл бағыттағы жұмыс жыл бойы жалғасып келеді. Биыл тазалық шараларына жүздеген мың адам қатысып, мыңдаған тонна қоқыс шығарылып, ондаған мың тал мен көшет егілген. Бұл – халықтың туған жерге деген жанашырлығының нақты көрінісі.
Бір тал отырғызу – болашаққа жасалған кішкентай қадам.
Бір қоқысты жерден көтеру – үлкен мәдениеттің белгісі.
Ал туған жердің тазалығына бейжай қарамау – әр азаматтың парызы.
Құрылтай депутаты Мағжан Ералиев:
– Сыр еліне жасаған сапарымыз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясымен жалғасты.
Құрылтайдағы әріптестерімізбен, аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевпен, жастар және қала тұрғындарымен бірге «Қайсар Арена» стадионының маңына ағаш отырғыздық.
Тазалық пен туған жерге жанашырлық әр адамнан басталады. Бүгін отырғызылған әрбір көшет ертең қаламыздың көркіне айналып, кейінгі ұрпаққа сая болсын!
Туған жерімізді таза әрі жасыл ету – бәрімізге ортақ міндет.
Айдана Әлиарыстан