Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаев қала орталығындағы әлеу­меттік және инфрақұрылымдық нысан­дарға барып, жұмыс барысын көрді.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту, инвестициялық тартымдылы­ғын арттыру және жаңа өндіріс орын­дарын ашу мақсатында «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрыл­ғаны белгілі. АЭА аумағы 3 функ­цио­налдық ішкі аймаққа бөлінген: авиа­цияға қызмет көрсету аймағы 50 гек­тар, қоймалау және сақтау аймағы 100 гектар, өнеркәсіптік аймақ 400 гектар.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі­нің 2025 жылдың 31 қазанындағы №470 бұйрығымен 2024 жылдың 22 ақпанындағы №72 бұйрыққа тиісті өзге­рістер енгізіліп, «Қорқыт Ата» АЭА аумағында жүзеге асырылуы мүмкін экономикалық қызметтің 18 түрі бекі­тілді. Бұл қызмет түрлері өңірдің ресурс­тық, еңбек және географиялық артықшылықтарын, сондай-ақ әлеуетті инвесторлардың сұранысы мен мүдде­сін ескере отырып айқындалды.

Қазір бұл жерге инженерлік инфра­құрылым тартудың, құрылыстар салу­дың жоба-сметалық құжаттамасы әзір­ленуде. АЭА аумағын нақты инвес­ти­циялық жобалармен толықтыру, өнді­рістік кәсіпорындарды орналастыру және әлеуетті инвесторлармен ынты­мақ­тастық орнату бағытында Қытай, Түркия және отандық инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

Аймақ басшысы «Еңбек» саяжайы аумағында салынып жатқан 9 қабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Президент саябағына қарама-қарсы аумақта 2024 пәтері бар 23 тұрғын үй бой көтереді. Жалпы ауданы 121 900 шаршы метр тұрғын үйлердің құрылысына 46 млрд. 751 млн. теңге бөлінген, жұмысқа 16 мердігер мекеме тартылған.

Бұдан кейін облыс әкімі Тасбөгет кентіндегі Қорғаныс министрлігі 99215 әскери бөлімінің инфрақұрылымымен танысты. Әскери бөлімнің 5,4 гектар аумағында 6 ғимарат бар, 90 әскери және 10 азаматтық қызметкер еңбек етеді. 1982 жылы салынған нысан 2023 жылы жергілікті атқарушы органның теңгеріміне берілген.

Әскери бөлімнің инфрақұрылымын дамытуға жергілікті бюджеттен соңғы үш жылда 1 млрд. 242,1 млн. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 481,5 млн. теңгеге құрылыс салынуда. Жоба бойынша 1,2 шақырым бетон қоршау, 654 метр жылу желісі, 72 метр орта қысымды газ құбыры және бір газ реттеу шкафы орнатылады.

Құрылысына 20,5 млрд. теңге бө­лін­­ген «Қызылорда Арена» спорт кеше­нінде қазір ішкі әрлеу, дизайнер­лік безендіру, сыртқы қасбетті қап­тау, аумақты абаттандыру және көгал­дандыру жұмыстары жүргізілуде. Бас мердігер «Aspan holding» салған кешен 2,1 гектар аумақта орналасқан, ауданы 25 540,67 шаршы метр, үш және төрт қабатты 9 блоктан тұрады. Нысан 2552 көрерменге арналған. Мұнда олимпиадалық стандарттарға сай бассейн, футзал, баскетбол және волейбол алаңдары, 300 орындық конференц-зал қарастырылған.

«Nursat» теннис орталығы 2012 жылы пайдалануға берілген, жазғы теннис корты 2022 жылы ашылған. Бүгінде мұнда 182 спортшы жаттығады, 16 қызметкер еңбек етеді. Қазіргі уақытта орталықта 847 млн. теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, оған облыстық бюджеттен 100 млн. теңге бөлінген. «Интегрострой» ЖШС жұмысты алдағы жылы ақпанда аяқ­тауды жоспарланған.

Сол жағалаудағы 6,8 гектар аумаққа «Мелиоратор» ЖШС салып жатқан, ауысымына 100 келушіні қабылдайтын емханасы және онкологиялық бөлім­шесі бар 300 төсектік көпбейінді ауру­хана құрылысына 54,3 млрд. теңге бөлінген. Үш, бес, жеті және тоғыз қабатты 10 блоктан тұратын ауруханада емхана, пансионат, конференц-зал, қабылдау, реанимация, химиотерапия, операция, радиология, физиотерапия, әкімшілік және тамақтандыру бөлімдері орналасады. Қазір мұнда ішкі әрлеу, дизайнерлік безендіру, инженерлік жүйелерді жүргізу, сыртқы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқын алған.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған