Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселелері қаралды.

Өткен он айдың қорытындысы бойынша елімізде өндіріс көлемінің өсімі оң динамика көрсеткен. Алдағы «Халықтық құрылыс жылы» құрылыс материалдарын, жабдық пен бұйымдар өндірісін дамытуға қосымша серпін береді.

Үкімет басшысы О.Бектенов:

– “Халықтық құрылыс” бағдарламасын жүзеге асыру өнеркәсіп саласы үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашып, отандық өндірістің дамуына елеулі серпін береді. Президент бастамасын жүзеге асыруға  Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн. теңге бағытталады. Бізде қалыптасқан өндірістік база бар. Бүгінде қазақстандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдары бойынша ішкі қажеттіліктің орта есеппен 73%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Енді осы қуаттарды “Халықтық құрылыс” бағдарламасының жобаларына барынша жұмылдырып, материалдар мен жабдықтар өндірісін кеңейту қажет болатын бағыттарды алдын ала айқындап алу керек.

(Үкімет жиынынан)

Үкімет отырысына селекторлық режим арқылы қатысқан Қызылорда облысы әкімі М.Ергешбаев Үкімет отырысынан кейінгі облыс әкімдігінің мәжілісінде өңірдің өңдеу өнер­кәсібінде осы жылдың 10 айында 10,7 пайыздық өсім қалып­тасқанын айтып, жұмысты жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.

«Өңдеу өнеркәсібі – облыс экономикасының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында жекелеген салаға немесе бір кәсіпорынға тәуелді болмай, негізгі өндірістердің айналасында толыққанды біртұтас жүйе құрудың маңыздылығын атап өткен болатын.

Сондықтан өңір экономикасын әртараптандыру, өндірістік әлеуетті арттыру және отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуіміз қажет. Қала және аудан әкімдіктері, жоспарланған инвестициялық жобалардың мерзімінде, яғни жыл соңына дейін іске қосылуын қамтамасыз етіңіздер.

Бюджеттік бағдарлама әкімшілері, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтаңыздар.

Бұдан бөлек, отандық тауар өндірушілердің, әсіресе жергілікті кәсіпорындардың сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту керек. Сатып алу кезінде отандық өнімдерге, оның ішінде өңірімізден шығатын өнімдерге басымдық берілуі тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Е.Нағаспаев:

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында елімізде отандық өндірісті дамыту, жаңа кәсіпорындар ашу және өнеркәсіптің мүмкіндігін арттыру бойынша нақты міндет қойды. Осы орайда өнеркәсіп саласындағы тұрақты өсімді сақтап, өндіріс көлемін одан әрі арттыру маңызды. Он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсіп, оң динамика көрсетті. Салаға серпін беретін маңыз­ды бағыттардың бірі – жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн. теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 17 мың­нан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 5,5 мың жұмыс орны ауыл­дық жерлерде құрылады. Жобалар толық қуатына шыққан жағдайда, жыл сайын шамамен 1,5 трлн. теңгенің өнімі өндіріліп, 500 млрд. теңгесі экспортқа бағытталады.

(Үкімет жиынынан)

Мемлекет басшысының Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, бизнесті қолдау және оның экономикалық белсенділігін арттыру міндеті нақтыланған. Өңірде бірнеше қаржы институты жұмыс істейді. Облыс әкімі кәсіпкерлердің ұсыныстары мен бастамаларына қолдау көрсетуді тапсырды.

Жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға тұрақтылығына қатысты мәселе де талқыланды. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорының өнімдері облыс аумағындағы 36 әлеуметтік дүкен мен 5 ірі сауда үйінің әлеуметтік бұрыштары арқылы сатылуда.

Қала және аудан әкімдері тұрақтандыру қорындағы азық-түлік құнының белгіленген бағадан ауытқымауын бақылауы тиіс. Облыс және аудан орталықтарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру да баға тұрақтылығына оң әсерін тигізеді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған