Өткен аптада«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталғаны туралы ресми ақпарат тарады.   Айта кету керек, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасыНұрлан Жақыпов қорды 2023 жылдан бері басқарса, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиев2026 жылғы шілдеде яғни жақында ғана осы қызметке тағайындалған болатын. ҰҚК мәліметінше екеуіне де сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасады деген күдік келтірілген. Бүгінде тергеу амалдары жүргізілуде.

МИЛЛИАРДТАҒАН ПАЙДА, ТРИЛЛИОНДЫҚ ҚАРЫЗ ЖӘНЕ БАСШЫЛЫҚ СЫЙАҚЫСЫ

Елжас Отыншиев басқарған «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ тиесілі қаржылық көрсет­кіштеріне зер салсақ, соңғы жылдары табыста өсім бар. Сәйкесінше қарыз да аз емес.

2025 жылдың қорытындысында таза пайда 343,6 миллиард теңгеге жетсе, 2026 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш тағы 191 миллиард теңгені құрады. Дегенмен кірістің артуымен қатар компанияның қарыздары да артып, 3,9 триллион теңгеге жеткен. Бұл аталған компанияға тиесілі жалғыз мәселе емес. Сонымен бірге басшылық құрамына төленетін сыйақы көлемі мен акционерге дивиденд аударылмауы да назар аударатын мәселелердің болып табылады.

Өткен жылдардың табысына шолу жаса­сақ, ресми ақпарат бойынша 2023 жылы компания 136,7 миллиард теңге таза пайда тапса, 2024 жылы оның көлемі 160,8 мил­лиард теңгеге жетті. Ал 2025 жылдың қорытын­дысында бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда екі еседен астам өсіп, 343,6 миллиард теңгені құраған. Жалпы өсімге ең алдымен жүк тасымалы тарифтерінің өзгеруі мен халықаралық транзит көлемінің ұлғаюы ықпал етіп, компанияның негізгі қызметінен түскен кірісі де айтарлықтай артқан. 2024 жылы 2,16 триллион теңге болған түсім 2025 жылы 2,75 триллион теңгеге дейін көтерілген.

Атап айтқанда, 2025 жылы жүк тасымалы­ның тарифтері орта есеппен 28 пайызға қымбаттап, тасымалданған жүк көлемі 10,4 пайызға артты. Нәтижесінде жүк тасымалынан түскен кіріс 2,46 триллион теңгеге жетті. Ал Қазақстан аумағы арқылы шетелдік жүктерді өткізу компанияға 827,2 миллиард теңге табыс әкелді. Осылайша транзиттік тасымал ҚТЖ кірісінің маңызды бағыттарының біріне айналды.

Жүк тасымалы биылғы жылдың алғашқы алты айында 195,3 миллиард теңге пайда әкелген. Ал жолаушылар тасымалы бойынша есепте көрсетілген шығын 17,9 миллиард теңгеден 4,1 миллиард теңгеге дейін азайғанымен, валюта әсерін есептемегендегі нақты шығын 6,2 миллиард теңгеден 14,7 миллиард теңгеге дейін өскен. Бұл бағытқа мемлекет тарапынан жарты жыл ішінде 25,8 миллиард теңге қаржылай қолдау көрсетілген.

Алайда компанияның барлық қызметі бірдей пайда әкелмеген сынайлы. Мәселен, жолаушылар тасымалымен айналысатын құрылым 2025 жылы билет сатудан 129 миллиард теңге кіріс алғанымен, жыл қоры­тындысында шамамен 29 миллиард теңге шығынға ұшыраған. Алайда, мемлекет бюд­жет есебінен қолдауды жалғастырған. 2024 жылы 41,1 миллиард теңге, ал 2025 жылы 46,1 миллиард теңге субсидия бөлінген.

ТАБЫСПЕН БІРГЕ ҚАРЫЗ, ҚАРЫЗБЕН БІРГЕ ПРЕМИЯ ДА ҰЛҒАЙҒАН

Жоғарыда атап өткендей компанияға тие­сілі табыспен қарыз да теңдей артып келеді. Соңғы үш жарым жылда ҚТЖ-ның қарызы шамамен екі есеге жуық көбейген.2023 жылы 2,1 триллион теңге болған міндеттемелер 2026 жылғы маусымның соңында 3,901 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде тек 2026 жылдың алғашқы алты айында қарыз көлемі 715 миллиард теңгеге яғни 22,4 пайызға артқан.

Ал ақпан айында «Самұрық-Қазына» қо­рына шамамен 159,4 миллиард теңгеге және маусым айының соңындағы жағдай бойынша ұлттық компанияның «Самұрық-Қазына» қорынан алған қарызы 1,214 триллион теңгені құраған. Оның 285,7 миллиард теңгесін алдағы бір жыл ішінде қайтару қажет. Жалпы несиелік міндеттемелер бойынша да келесі 12 айда төленуі тиіс сома 562 миллиардқа жеткен.

Алайда, қарызға батса да, компания бас­шылығына төленетін сыйақы көлемі азайған не тоқтамаған көрінеді. Тіпті, премияның көлемі артқан. Ресми мәлімет бойынша, компанияның басқарма және директорлар кеңесінің мүшелерін қамтитын негізгі басшы­лық құрамына есептелген жалпы төлемдер 2024 жылы 816 миллион теңге болса, 2025 жылы 1,036 миллиард теңгеге жеткен. Осылайша бір жыл ішіндегі көрсеткіш 27 пайызға артқан. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында есептелген қаржы көлемі 564 миллион теңгені құраған. Бұл қаржыға басшылардың қолға алатын жалақысы ғана емес, оның құрамына салықтар, зейнетақы және әлеуметтік аударымдар, еңбек дема­лысына арналған төлемдер мен өзге де шығындар кіреді.

«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» НЕГЕ ДИВИДЕНД АЛМАДЫ?

Қызығы, «Самұрық-Қазына» қоры ҚТЖ-дан дивиденд алудың орнына, оған қаржылай қолдау көрсетіп келеді. 2025 жылы қор тарапынан компанияға 28,8 миллиард теңге қосымша қаражат берілген. 2025 жылғы 2 мамырдағы акционердің шешімімен 2024 жылғы жеке қаржылық есепте көрсетілген 157,8 миллиард теңге таза пайданы компанияның өзінде қалдыру туралы шешім қабылданған. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына арналған есепте де қорға дивиденд төленгені көрсетілмеген.

Негізі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Соған қарамастан ҚТЖ соңғы жылдары тапқан таза пайдасынан акционерге тиесілі қаржыны аудармаған. Оған негізгі себеп ретінде ірі инфрақұрылымдық жобалар мен қарыз міндеттемелерінің көлемін айғақтайды. ҚТЖ-ның инвестициялық жоспарындағы жобалардың жалпы құны 4,68 триллион теңгеге бағаланған. Сондықтан таза пайданы акционерге бөлуден гөрі, оны басқа да ауқымды қажеттіліктерге бағыттаған.

ПРЕЗИДЕНТ ШҰҒЫЛ ОТЫРЫС ӨТКІЗДІ

Астанадағы «Atlant-6» тұрғын үй кешенінің маңынан сегіз чемодан мен шашылған доллар тәрізді банкноттар табылғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін 13 қараша  күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады. Кездесу барысында ҰҚК төрағасы Президентке ведомствоның жыл басынан бергі жұмысының нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы баяндаған. Атап айтсақ, Мемлекет басшысы терроризм мен экстремизмге, есірткі бизнесі мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, кибер және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударған. Кездесу соңында Президент ҰҚК қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар тапсырмалар да берді. Демек, бұл басқосу тек сыбайлас жемқорлыққа қатысты істің төңірегіне ғана бағытталмаған сынайлы…

Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Отырыста мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесі, ұлттық компаниялардың қызметіне бақылау жасау және мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Президенттің тапсырмасымен сыбайлас жемқорлықты азайту, мемлекеттік компаниялардың жұмысындағы ашықтықты арттыру және заң бұзушылықтардың алдын алу бағытында бірқатар міндет қойылды. Сонымен қатар ұлттық компаниялардың инвесторлар, несие берушілер және серіктестер алдындағы міндеттемелерін орындауы керектігі атап өтілді.

Осы орайда Мемлекет басшысы Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде ұсыныс беруді тапсырды.

Президент шұғыл отырыс барысында жаңа тарихи кезеңге қадам басқан тұста «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыруға кедергі келтіріп жүрген тұлғалардың бар екенін атап өтті. Тоқаевтың мәліметінше, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы сапалы әрі белгіленген талаптарға сай жүргізілуі тиіс. Атап айтқанда жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендерінің құрылысына ерекше назар аудару қажет. Мемлекет басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына ғана емес, бөлінген бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына да баса мән берді. Осыған байланысты мемлекет қаржысының жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайтынын мәлімдеді.

Түпкі мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту және елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Сондықтан жоспар бойынша қолға алынған жобалардың нәтижесі ең алдымен халықтың игілігіне қызмет етуі керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында жасаған мәлімдемесі:

Мәселе мемлекетіміздің абыройы, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі, Қазақстанның халықаралық беделі туралы болғанда біз, халық билік ету өкілдігін берген тұлғалар, ұлт мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек етуіміз керек, сол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл – азаматтық және саяси борышымыз.

«Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқарады, ауқымды инвестициялық жоба­ларды жүзеге асырады, аса ірі шетелдік компания­лармен және халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.Түптеп келгенде, кез келген келісімнің, серіктестіктің артында ұзақ жылдар бойы жасалатын көптеген келіссөздер, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың елімізге деген үлкен сенімі мен мемлекетімізге жүктелген нақты міндеттер тұрады.

Тек соңғы үш жылдың ішінде, яғни 2023 және 2025 жылдар аралығында 3168 сыбайлас жемқорлық бойын­ша құқық бұзушылық анықталды, соның ішінде 2 165 құқық бұзушылықты мемлекеттік қызметшілер жасаған, ал қалғанын басқа да тұлғалар, атап айт­қанда, квазимемлекеттік сектор қызметшілері жаса­ған. Жалпы сомасы 248 миллиард теңгеден асады.

Осы жылдың он айы ішінде 751 сыбайлас жемқор­лыққа қатысты құқықбұзушылық жасалған, соның 546-сын – мемлекеттік қызметшілер, ал 205-ін өзге де тұлғалар жасаған, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметшілері де бар.

Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз. Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылда­натын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз.

Сол себепті түрлі деңгейдегі басшылардың жымқыруға қатысты құқық бұзушылықтарын Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге жедел және жіті тексереді.

«Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конс­титуцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек.

ҰҚК-НЕ ЖАҢА БАСШЫ КЕЛДІ

Осы оқиғалардан үш күн өткен соң 2026 жылғы 16 қарашада Президент жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев қызметінен босатылды.Ол бұл қызметті 2022 жылғы 6 қаңтардан бастап атқарған.Оның орнына ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарған Марат Ирменов тағайындалды.Марат Ирменов 1996 жылдан бері ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етіп келеді.

Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, кадрлық шешім қабылдау кезінде ҰҚК жүйесін реформалау, басшылық құрамдағы ротация және күштік құрылымдардың жұмысына қатысты мәселелер ескерілген.Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына байланысты жұмыс процесі де назарға алынған.Осылайша, мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық деректері мен оған тосқауыл қоюдағы жүйелі кемшіліктер, жемқорлардың жегені терезеден желмен жерге ұшуы қауіпсіздік комитеті төрағасының қызметтен босатылуына басты себептің бірі болды.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де қызметтік ескерту жарияланды.Президент полиция қызметкерлерінің тәртібі мен кәсіби даярлығын күшейту, қатардағы қызметкерлер мен офицерлер арасында тәрбие жұмысын жетілдіру жөнінде міндеттер жүктеді.

Артынша Мемлекет басшысы ҰҚК-нің жаңа басшылығымен кездесті. Кездесу барысында Президент Марат Ирменовке ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмысын жетілдіру, кадрлық саясатты жақсарту, экономикалық қауіпсіздікті қорғау және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту бағытындағы міндеттерді жүктеді.

Жалпы соңғы күндері орын алған оқиғалар мемлекеттік басқару жүйесінде жауапкершілік мәселесін жаңа деңгейге көтерді. Ұлттық компаниялардағы жағдай, күштік құрылымдар басшылығындағы кадрлық өзгерістер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмалар – басшыларға жүктелген міндеттің орынды орындалуына енді қатаң бақылауға алынатынын айғақтайды.

Алайда кез-келген бағыттың тиімділігі қабылданған шешімдердің санымен емес, оның орындалу сапасымен өлшенеді. Бір басшының орнына екінші басшыны тағайындау өздігінен жүйелі мәселені шешпейді. Ол үшін мемлекеттік органдардың қызметінде ашықтық орнап, әрбір лауазымды тұлғаның жеке жауапкершілігі күшеюі керек. Мемлекеттік компаниялардағы қаржылық операциялар қоғам үшін түсінікті әрі бақылауға қолжетімді болғаны маңызды.

Осы тұрғыдан алғанда, «Заң мен Тәртіп» қағидаты тек құқық қорғау органдарының қызметіне қойылатын талап емес, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің жұмыс істеу өлшеміне айналуы тиіс. Заң бәріне ортақ болғанда ғана әділеттілік орын алатыны белгілі.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясындағы әлеуметтік нысандардың сапасын бақылау мен бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету де осы міндеттің маңызды бөлігі. Өйткені салынатын мектеп, емхана, жол немесе спорт кешені қағаз жүзіндегі есеп үшін емес, халықтың нақты қажеттілігі үшін қызмет етуі керек.

Ендігі кезекте қоғам, яғни ел халық нақты нәтижені күтеді. Тергеулер әділ әрі заң аясында аяқталып, анықталған заңбұзушылықтарға құқықтық баға берілуі, мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына тұрақты бақылау орнауы қажет.

Түптеп келгенде мемлекеттің басты құндылығы – халықтың сенімі. Сол сенімді нығайтудың жолы – әділ шешім, ашық басқару, заң алдындағы теңдік және әрбір мемлекеттік міндеттеменің нақты орындалуы. Аталған кадрлық өзгерістер мен саяси тапсырмалар осындай жүйелі жаңаруға ұласқанда ғана ел күткен нәтижесін береді. Президенттің қалауы да, тапсырмаларының бағыты да осындай үлкен жетістіктердің алғашқы қадамы деуге негіз бар.

Айдана Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған