Қаланың шынайы келбеті зәулім ғимараттарымен ғана емес, әр көшенің тыныс-тіршілігімен, тұрғындарының тұрмысымен де өлшенеді. Бір көшенің бойынан бүтін бір шағын ауданның әлеуметтік ахуалын, инфрақұрылымдық жағдайын, кәсіпкерлік белсенділігін және тұрғындардың ортақ мәселелерін аңғаруға болады. Алайда,біз сөз еткелі отырған мәселе көшедегі тіршілікпен қатар, сол көше атауына да байланысты болмақ. Себебі көше атауының өзі терең мағынаға ие.
Ата Заң – ел егемендігі, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сипаттайтын маңызды құжат. Сондықтан қаланың бір көшесіне осындай атаудың берілуі жай ғана мекенжайлық белгі емес, мемлекетке, ұлттық тарихқа деген құрметтің көрінісі болса керек.
АТА ЗАҢ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗІ
Қазақстанның конституциялық даму жолы тәуелсіздік жылдарындағы маңызды тарихи кезеңдермен сабақтас. 1993 жылғы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды.Онда мемлекеттік егемендік, билік тармақтарының бөлінуі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары айқындалды. Бұл тәуелсіз мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырудағы алғашқы маңызды қадам еді.
Араға екі жыл салып, 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. Ол 5 қыркүйекте күшіне еніп, елдің мемлекеттік құрылымы мен билік институттарының қызметін реттеді. Кейін Ата Заңға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Ал 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда жаңа Ата Заң қабылданып, 1 шілдеден бастап заңды күшіне енді. Осылайша, еліміздің конституциялық дамуында жаңа кезең басталды. Жаңа құжатта мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін нығайту және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту бағыттары қамтылды.
Конституцияның маңызы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет атап өтті. Президент күні кеше өткен Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында да Ата Заңды мемлекеттің негізгі заңы, әрі халықтың құқықтық төлқұжаты деп атап, оның ережелерін құрметтеу әр азаматтың міндеті екенін жеткізді. Ата Заңды менсінбеу мен келемеждеуге жол берілмейтінін айтып, заң талаптарының елдің бәріне бірдей қолданылуы қажеттігін еске салды.
«АТА ЗАҢДАҒЫ» ТҰРҒЫНДАР ТЫНЫСЫ
Қызылорда – Сырдария жағасында орналасқан, тарихы терең, мәдениеті бай шаһар. Қаланың көшелеріне берілген атаулар да елдің өткені мен бүгінін байланыстырып, ұрпақ жадында тарихи ұғымдарды жаңғыртады.
Қаланың батыс бөлігіндегі Ә. Мақұлбеков көшесін қиып өтетін Республика, Ата Заң, Алтын Орда және Тәуелсіздік көшелері бар.
Ата Заң көшесінің тұрғындарымен барып тілдескенімізде көше атауына қатысты оң көзқарас білдірді. Олар атауды өзгерту жөнінде ұсыныс айтпайды. Алайда Ата Заң көшесінде тұратын азаматтардың бір бөлігі Ата Заңның қабылдану тарихы мен оның мазмұны туралы толық біле бермейтініне көз жеткіздік…
Ата Заң көшесінде 2001 жылдан бері тұратын тұрғын көшенің қазіргі жағдайына жалпы оң бағасын берді. Оның айтуынша бұл аумақ тыныш, таза, көршілер арасындағы қарым-қатынас та жақсы. Тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Көше атауы өздеріне ұнайды.
Тұрғынның сөзінше, бұрын көшені жарықтандыру мәселесі өзекті болған. Қазір бұл бағытта жұмыстар қолға алынып, тұрғындардың пікірлері ескеріліп жатқаны қуантады. Дегенмен әлі де назар аударуды қажет ететін мәселелер бар. Атап айтқанда, аталған көшемен қиылысатын Журба көшесіне асфальт төселмеген. Тұрғындар көлік қозғалысы осы бағыттарға жиі түсетіндіктен, жол сапасын жақсарту қажеттігін жеткізуде. Ата Заң көшесінің біз кездескен тұрғынының тағы бір маңызды ұсынысы көшемен қиылысатын Сырдария жағасына қоршау орнату. Оның пікірінше өзен жағалауы, әсіресе балалар үшін қауіпті. Сондықтан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бұл мәселені назардан тыс қалдырмаған жөн.
Көшенің тағы бір тұрғыны да көше атауына қатысты пікірін білдіріп, оны өзгертуді қажет деп санамайтынын айтты. Оның көтерген негізгі мәселесі – жарықтандыру жұмысын толық аяқтау және қоғамдық көлік қатынасын реттеу.
Тұрғынның айтуынша көшемен қоғамдық автобус жүрмейді. Балалары мектепке қатынаған кезде кейде такси шақыртуға мәжбүр. Ал қатынайтын №28 бағыттағы автобус №136 мектепке дейін бармайды. Бұл ата-аналар үшін қосымша қолайсыздық туғызады. Сондықтан қоғамдық көлік бағытын қайта қарау қажеттігі туындайды.
Кез-келген аумақтың дамуы тұрғындардың күнделікті сұранысын ескеруден басталады. Қиылысатын жолдардың сапасы, көшелердің жарықтандырылуы, қоғамдық көліктің қолжетімділігі, балалардың қауіпсіздігі мен абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта шешімін табуы тиіс мәселелер қатарында.
Сонымен бірге көшенің кәсіпкерлік келбеті мен әлеуметтік нысандарының қолжетімділігі де жалпы инфрақұрылымдық жағдаймен тығыз байланысты. Қолайлы жол, жарық, әрі қауіпсіз орта шағын кәсіпкерліктің дамуына да, тұрғындардың күнделікті тіршілігіне де оң әсер етеді. Алайда, мұнда тек тұрғын үйлердің орналасқанын аңғардық.
Ата Заң – мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың өміріне қатысы бар құндылық. Сондықтан осындай атауға ие көшенің тұрғындары үшін де оның тарихи мағынасын білу, құқықтық мәдениетті құрметтеу маңызды. Ал жергілікті инфрақұрылымды жақсарту сол құндылықтарды күнделікті өмір сапасымен ұштастырудың нақты көрінісі деуге болады.
Қызылорданың әр көшесі қаланың ортақ келбетіне өзіндік үлес қосады. Ата Заң көшесінің де басты ерекшелігі – атауындағы тарихи мағынамен тұрғындардың бүгінгі тіршілігінің сабақтастығы. Тұрғындардың ұсыныстары ескеріліп, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тапса, бұл көше атауына сай мазмұнды әрі жайлы мекенге айнала түспек.