ШӨЛСТАНҒА ШАБУЫЛ

Менің туған ауылым – Көкаралдың Аққұмы дария атырауының өкпе тұсында. Аспан ашық күндері дарияның теңізге құярлығы сонау көктегі Күн астында айнадай жарқырап жатады. Екіаралық асқанда 20 шақырымдай. Біздер, жалаң аяқ жорытқан ауыл балалары Сарытөбе деп аталатын теңіз жағалауындағы енапат құм төбенің басына шығып алып ойнайтынбыз. Сол төбе үстіртінен қарсы беттегі алып теңіздің айдынында жүзген тірі ноқаттың бәрі көрінеді. Сонау көз ұшында теңселген балықшы қайықтарын бұлыңдаған сағым толқындары теңіз бетінен көтеріп әкетердей көрінетін. Бүгін көрген қызықтарымыз ертең қайталанбайтын ғажайып көріністер өзіне еріксіз еліктіреді, ұзын-сонар қиял әлеміне алып ұшады. Бір сәтте сол-сонау сиқырлы дүниенің тұтас шымылдығы арасынан сағым көтерген ұбақ-шұбақ ұзын көш – теңіз керуені бар салтанатымен көрінер еді. Біздер қанша аунағанымызда үстімізге қылау жұқпайтын Сарытөбенің асыл топырағына жапатармағай етпеттей жата-жата қалып, қос алақанымызбен жағымызды таянып жіберіп, сонау қиырдағы көш-керуеннің тіркемелерін санай бастаймыз. Біреу, екеу, үшеу… кейде 5-6, кейде 7-8 тіркеме болады, кейде он, тіпті он екіге дейін барады. Мәссаған деп шулаймыз. Көз ұшындағы сол ғажаптың қызығына тоймайтынбыз, көзіміз жасаурап талғанша алыс қиырға ұзатып салудан жалықпайтынбыз.

Кейін білгеніміздей, ұлы теңіз қойнауларынан Арал портына қарай күні-түні тынымсыз өтіп жататын сол керуендер – сексеуілдің кұж-құж кәрі томарлары тиелген баржалар екен. Оны сүйреп портқа жеткізетін қуаты күшті кемелер болады екен. Түтіні будақтаған алып кеме баяу жүзіп бара жатады. Арал аймағының сыңсыған қалың жынысты сексеуіл томарларын портқа жеткізгесін одан әрі жүк вагондарымен тірі табиғатымызды құныға жалмаған Қызыл империяның түкпір-түкпіріне жөнелтіп жатады екен. 1954 жылы Арал қаласының көшелеріне алғаш рет аяқ басқанымда өз көзіммен көрдім, әлгі алып баржалардағы сексеуіл томарларын вагондарға кранмен тиегеннің өзінде бірнеше тәулікте әрең түсіріп үлгіретін көрінеді. Алла-ай, сексеуіл болғанда қандай, әрбір томарының өзі алқа бел атан түйеге жүк болғандай! Сондай керемет ірі томарларды мен кешегі бергі заманда Қарақұмнан да, Арысқұмнан да, Қызылқұмнан да, тіпті Борсықтың ұлы құмдарынан да көре алмадым. Жаппай жабыла отаудан құрыған. Құрымай қайтеді, баяғы соғыс жылдарында шығыстан батысқа қызыл эшалондарды жеткізетін паравоздардың көмірі таусылып қалғанда, сексеуіл мен жыңғылдың томарын, тіпті мұзқалада тоң болып қатып жатқан балықтарды да жағады екен. Паравоздың обыр оттығы соның бәрін жұтқан…

Енді бүгінде Арал портының орны иесіз, құлаққа ұрған танадай құлазып тұр. Заманында ен байлығын пайдаланған алағай да былағай дәурені зар желіп өткен. Тым-тырыс. Құрғап қалған теңіз табаны қаңсып бұл жатыр. Тұра түссең ашқылтым сасық иісі қолқаны кеулеп, тынысыңды тұншықтыра түседі. Баяғы толқыны тулаған Арал айдыны қайда, теңіз аңғарынан жан сарайыңды сілкіндіріп соғатын саумал сері самалы қайда? Оның енді бірі де жоқ. Бүгінгі талайсыз ұрпақты баяғыда, теңіздің қойын-қолтығында жабайы сексеуіл жынысы болған дегенге енді сендіріп көр; сол енапат байлықты кешегі құрдым империяның жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін отынға пайдаланып құртқанына иландырып көр. Арал атырабы сексеуілдерінің жабайы томарларымен теңізде кемелерді, жерде паравоздарды, заводтар мен фабрикаларды тынымсыз жүргізіп, тұрғын үйлерді жылытқаны енді ертегіге айналған заман ұмыт болған. Бүгінде баяғының бәрі бәлду-бәлду бәрі өтірік. Өйткені, Арал аймағында жайқалған сексеуіл орманы жоқ. Тырдай жалаңаштанған жердің құмы, тұзы, шаңы мидай араласып кеткен шөлстанның ұшы-қиыры көзіңді талдырады.

Орман шаруашылығы дейтін мекеме баяғыда бұл ауданда да болған. «Жұт жеті ағайынды» демекші, ұрымтал жерлерінен бұғалық түсіп арыны қайтқан Сырдариядан тамшы тамбай, теңіз емін-еркін тулай алмай тек солықтап жатқанда, бір білгіштер жоғарыдан тиесілі суын сұраудың орнына қайраткерлік ой өрісінің жеткен жері: 1971 жылы әлгі орман шаруашылығы мекемесін қысқартуды қолайлаған. Онысын креслосы биіктегілер дұрыс көрген де, мекемені Қазалы ауданының қанжығасына қосақтай салған. Күні ертең не боларын кім ойлаған… Екі ұлы өзен Әму мен Сырдың суын бей-берекет ысырапқа салған туасы тойымсыздардың кеудемсоқ ісіне Табиғат анамыз қашанға дейін төзе берсін, бір күндері қаһарланып берсін. Оның салдары байтал тұрғай бас қайғы, талай жылдан бері өркен жайып, өрістей бастаған орман өсіру жұмысы ай далада аяқсыз қала берген.

Арада бос сергелдеңмен 19 жыл өтті. Ал, Арал орманшыларын қаңғыртып жіберу есебінен үнемделген қаржымен облыстың жыртығы бүтінделген жоқ. Керісінше жер аза берді, тұрмыс тоза түсті, денсаулық кеміді, өлім-жітім көбейді. Экология қыспағынан есеңгірей бастаған ел ғайыптан пайда болған қайта құру мен жариялылықтың арқасында ғана сілкіне бастады. Айтсам деген ауызға еркіндік тиді. Жариялылық желімен аудан басшылығына тағайындалған Биғали Қаюпов баяғы орман шаруашылығы мекемесін ізденіп жүріп қайтарып алған.

– Қазақ орман шаруашылығы министрлігінің 1990 жылғы 4 мамырдағы жетпісінші бұйрығымен Арал аудандық орман мелиоративтік стансасы құрылды, – деп бастады бас орманшы Арыстан Игіліков әңгімесін. Министріміздің сол бұйрығы негізінде облыстық орман шаруашылығы өндірістік бірлестігі бастығының берген бұйрығы (№111. 25.05.1990 ж.) қолымызға тиісімен «иә, сәт» деп жұмысымызға жедел кірісіп кеттік. Аудан орман қорының көлемі – 725 мың 696 гектар, елуден аса жұмысшыларымыз бар. Елді мекендеріміз бір-бірінен жырақ, өте шалғайда. Сондықтан, жұмысты 4 бөлімше бойынша жүйелі жүргізуді ұйымдастыруға тура келді. Айталық, Арал бөлімшесі тоғай қорын күзетумен және тұрғындардан орман түсімін жинаумен, Арал қаласын көгалдандыру және айнала жасыл белдеу жасаумен айналысатын болады. (Ойпырмай, оңай деген…) Ал Аманөткел бөлімшесінде түрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Аққұлақ бөлімшесі дария бойындағы тоғайлықтарды қорғаумен бірге қосалқы шаруашылығымызды жүргізеді. Қамыстыбастағы бөлімшеміз негізінен қамыс орып құрылыс материалдарын дайындайды. Оны, Президентіміз айтқандай, тұтынушыларға сатып өз күнімізді өзіміз көреміз.

Сонымен біздің әзірге бітіргеніміз, соңғы екі жылдың көктемгі, күзгі маусымдарында 4500 гектарға жыңғыл, сексеуіл және сарыбарқын егіп үлгірдік.

– Сарыбарқын?! Оның қандай қасиеті бар екен?

– Оның бар қасиеті құрғаған теңіз табанының удай ащы тұзына төтеп бергіш. Біздің бұл ісіміз тұз дауылына қарсы тұрудың әрекеті ғой. Осы сарыбарқынды халық «сары сазан» дейді.

– Иә-ә. халық айта-а-ады… Шығымы қалай екен?

– 1991 жылдың қазан-қараша айларында облыстық орман шаруашылығы бірлестігі алғашқы тәжірибе ретінде 16 мың гектарға сол сарыбарқын тұқымын еккен болатын. Ал енді бұл бір ғажап! Өзі жеріміздің бұйырғын деген шөбіне ұқсайды. Қаулап өсуде.

Қаулап өсуде… айтуға оңай, бірақ қанша қаулап өскіш болса да, көп емес, көлшік емес, аумағына Европаның Бельгиядай 4 мемлекеті еркін сыйып кететін теңіз табанын сарыбарқынмен тегістеп шығу мүмкІн бе?!

Осы ойымды Арыстанға айтқанымда:

– Күдігіңіз орынды. Құрғаған теңіз табанын тегістеп шығуға біздің мекемені айтасыз, бүкіл облыс орманшыларының шамасы келмейді, – деді.

– Сонда, не істеу керек?!

– Ең дұрысы бұған Қазақстандағы 19 облыстың бүкіл орманшылары нақты үлестерін қосуы керек. Арал қорына там-тұмдап тиын-тебен жинаумен және құр жанашыр сөзбен іс бітпейді. Онымен экологиялық дағдарыс жайлаған өңірді сауықтыра алмаймыз. Ең төтесі, әрбір облыс жалаңаштанып қалған теңіз ұлтанын өзара бөліп алып, тез арада сарыбарқынды егіп тастаса – нақты көмек, тиянақты іс сол болар еді. Ондай атты күн туа қалса, бүкіл аудан байтағының тұзды шаңы біршама басылып, әжептәуір өңі кіріп қалар еді.

Бұл оның жеке пікірі. Бірақ, мұндай зор ауқымды жұмысты жедел жүзеге асыра қою мүмкін бе, сірә? Оған қаржы қайда? Кейін ел ішін аралап, адамдармен сөйлесе келгенде білгенім: «Сарыбарқынға бола қаржы бөліп керегі не? Қаржыны оған бөлгенше ауданның әлеуметтік мұқтажына жұмсаған тиімді болар. Теңіздің ұлтанына өзінің ежелгі табиғи өсімдіктері орманшыларсыз-ақ өсе бермей ме?» деушілер де болды. Демек, біздің бұдан ұққанымыз: осылай әрі тарт та, бері тартпен жүргенде, апат аймағының ең-ең қиын проблемасы (кеңістікті зиянды тұзды шаңнан қорғау) бұл тұста орайымен шешіле қояр ма екен. Ой, қайдам-ау…

Осылай ой жүгірте отырып ең негізгі сұрағымды Арыстанға төтесінен тағы қойдым:

– Айтуына қарағанда, аудан аймағын сауықтыру үшін жыңғыл, сексеуіл, сарыбарқын егіп, көшет және тұқым дайындайды екенсіздер. Мұның өзі қалай, ғылыми негізі бар жұмыс па, әлде…

– Бізде көзжұмбай жұмыс болмайды, – деді Арыстан. – Не істесек те «Казгипролесхоздың» негіздеп берген нұсқауымен қимылдаймыз. Көкшетаудың Шортанды қаласында орман ғылыми-зерттеу институты бар. Ондағылар теңіз ұлтанына қандай өсімдікті жерсіндіру керектігін шұғыл зерттеуде. Демек, сарыбарқыннан да басқасын егуімізге ұсыныс келіп түсуі әбден мүмкім. Ал, ондай жұмысты маман орманшыларсыз қалай жүзеге асыруға болады? Айталық, «Казгипролесхоз» 1990 жылдың тамызында 10 мың гектар жердің топырақ құрамын анықтап берсе, 1991 жылдың қыркүйек-қазан айларында да іздестіру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде біз Аралдың «Бас жоспарына» сай қаланың санитарлық-қорғау аймағын ғылыми негізде жасауға мүмкіндік алып отырмыз. Алғашқы жұмысымыз Ақтөбе Қызылорда автоколік жолының бойынан басталмақ. Әрине, көшкін құмның қоршауында қалған қаланы айналдыра жасыл белдеу жасау оңай емес. Анықталған алғашқы деректерге қарағанда, қаланың төңірегі толайым тұзды, сортаңды жер болып шықты. Бұған көп күш, қажыр-қайрат жұмсауымыз керек болады.

Мен Арал қаласын бір емес, бірнеше рет аралап та, айналып та шыққан адаммын. Төбесінен күндіз де, түнде де ұшып өткенбіз. Сонда байқағаным: қаланың айналасы да, алыс маңайы да құм басқан құла түз: көшелері қиыр-шиыр; үйлері қиқы-жиқы; әр жерден бір тұзы көпіршіген сордың ащы иісі аңқып тұрады. Қысқасы, қаланы ұлы шөл қамауға алған. Теңіз шегініп кеткендіктен қала көрер көзге айдалада адасып қалғандай. Қаланың тұрған жері де, маңайы да тұщы су шықпайтын арам жер. Орынбор – Ташкент темір жолының салынуына байланысты орныққан Арал стансасының айналасына кезінде жыпырлап қоныстанған ел орнығып қалған. Әйтпесе, бұл жер қала салатын жер емес. Нағыз шөлстан. Құммен алысқан қаланың жасыл белдеумен оңайлықпен көмкеріле қоятынына мен сене алар емеспін.

– Сонда-а… жасыл белдеудің көлемі қанша болмақ?

– Әзірге 620 гектар деп отырмыз.

Рас шығар… Бұл қаланың тұрғындары күні бүгінге дейін ауыз судың өзіне бірде жарып, бірде жарымай келді. Қалада алаңсыз су болмай қалатын кездер әсіресе соңғы уақытта жиілеп кеткен. Толағайдағы жерасты теңізінен жеткізілген құбырды облыстың Морозов басқаратын құрылысшылары сапасыз салған. Қыруар каржыны жалмаған бұл құбырлардың ұзына бойында тесілмеген, жарылмаған жері жоқ. Аралдан шығып Сексеуіл стансасына дейін машинамен жүріп отырғанымызда құбыр бойы дерлік батпаққа айналған. «Толағайға жеткенше осылай ма?» деп сұрағанымызда: «Әр жер, әр жері осылай батпақтанып жатыр» деген жауап алғанбыз. Олай болса, қаланың қазіргі жағдайына қарап Арыстан айтып отырған «жасыл белдеуді» қиялшылдың хикаясы дегің келеді екен…

Дегенде, бірақ, кім біледі, жаңа басшылық, жаңа қоғамдық бағыт дегендей, Аралдың ақ жарылқайтын күні алда шығар. Үмітімізді үзбейік…

* * *

Ой, заман-ай! Аралдың баяғы даңқы аспандап, айдыны шалқыған заманында ішпесіңді ішіп, жемесіңді жегендерден бүгінде әскерилерден басқаны емге іздеп таба алмайсыз. Туған жерін тойған жеріне айырбастап жүре беретіндер қаладан кетіп біткен. Нені көрсе де, жергілікті халық көріп жатқан. Құла түз, құба шөлде, алып түсер аңызақтың астында, алақаншық желдің өтінде шұрайынан шыр қалмаған жердің «ән салып тұратын» топырағын шайнай жүріп, тұз-тозаңын жұта жүріп малын бағады, шөбін шабады, отын-суын тасиды. Ал ауданның бірден-бір бас орманшысы мына Арыстан бастаған табиғат тамыршылары жылы ұя, жұмсақ төсегінен безіп, жырақта талықси жүріп жер тырналайды: еріндері кезеріп жүріп көгеріш егеді, көшет дайындайды.

Арал орманшыларының кеңсесі Қамыстыбас темір жол стансасында, маман қызметкерлері де сонда, өздерінше бір ауыл. Есеп-қисаппен айналысатындарынан басқасын, әсіресе маусымдық жұмыстың қызған кезінде кеңседен таба алмайсыз. Мен Арыстанмен алғаш жолыққанда-ақ оның шаршап жүргенін бірден аңғардым. Бас орманшы өте кеш жатып, ерте тұрады екен. Шаруашылығын аралағанда шөліркеп қалатын қаламшаларға су бере жүру үшін көкқасқа водовозына қаршығадай құнжиып отырып алады екен. Сол кеткеннен үйіне кейде кештетіп, кейде түнделетіп бір-ақ оралатын көрінеді. Келе алмай қалатын күндері де болып тұрады екен.

Бұл жолы екеуміз сапарлас болдық. Су толы көлігімізді Аманөткел қайдасың деп зарлатып келеміз. Арыстан айтқан: «Біздің бір  шеті Шалқар шекарасына, екінші  шеті Қазалы жеріне дейін жайылып жатқан даламызды аралап үлгірмейсіз. Аманөткелде жұмысы 1991 жылдың көктемінде басталған питомнигіміз бар, соған алып барайын» -деп. Келістім. Үйткені, маған бұлардың питомнигі қандай болады екен дегендей де ой келді. Арыстан жол үстінде біраз жайға қанықтырды. Шығыс Қазақстандағы Лениногор орман шаруашылығы техникумын бітірген. 1976 жылдан бері осы саланың ыстық-суығынан бір мезет ажырамаған…

Аудан орталығында елдің, жердің қамын ойлайды-ау деген бірқатар кісілермен пікірлесіп көргенімде, соңғы уақытта болып жатқан өзгерістердің бұл аймаққа қатысы жоқтай күмілжігендеріне таң қалғаным бар. «И-и, солар, құдай біледі, жапырағымызды жайқалта қоймас…» – деп ыңыранады. Осыны есіткенде өзім ыңғайсызданып қалдым. Мен ауданда орман шаруашылығының қолға қайта алынғанына өзімше қуанып келсем, мына шойтықтар керсолқы. Арал, Арал деп ай далада шыр-пыр болып жүрген мына біздер-ау деймін. Журналистерді айтамын. Мына мықтылардың дүниелері түгел көрінді. Арал жері өртеніп кетсе де, қайғыра қоятын пейілдері байқалмайды. Бұл шойтықтар қара халықтан баяғыда-ақ бөлектеніп алған-ды. Тұмсықтары әлі де аспанда екен. Еңкейе қоймапты. Өздерінше компан – бір шеңберден шықпайды: ауданның тәуірін киеді, жылы жұмсағын жейді, сол баяғы қыдыру, ақша салып карта ойнау; қыл аяғы Толағайдың тәтті суын ит өлген жерден водовоздармен арнайы алдырып ішіп жаман үйренгендер, соған жуынып шомылады… Бұларға былайғы қара халық без тереп кетсе де, бәрібір…

Ал арса-арсасы шығып жатқан мынау өлі даладағы орманшылардың тыныс-тірлігі Аралдың күн тимес, жел тимес шойтықтарынан мүлде бөлек. Кабинетте отырғандардың басы қосыла қалса, әңгімені саясаттан бастайды, соңын өсекке айналдырады, кімнің қандай лауазымға кім арқылы көтерілгеніне дейін есептеп отырады. Шынтуайтына келгенде жалақысынан басқа ішім-жем есебін халықтың үстінен айыратындардың арқа-басы кең келеді. Қайда барамын, қайда қыдырамын, не істеймін десе де еріктері. Олардың тұрмыс салтын мына Арыстан сияқты қара сирақ орманшылардың тірлігімен әлбетте салыстыра алмайсыз.

Бұл ауданда айнала төңіректі көгалдандыру озалдан үрдісте жоқ. Себебі, бұл аймақта аяқсудың өзі жоқ. Ауыз су тапшы. Суландыру үрдісте жоқ болғандықтан «аборигендерге» қорықты қорғау, тоғайды шарлау, жасыл жапырақты бұта өсіру өнбес тірліктей көрінеді. Жалпы Арал орманшыларының бейнеті нулы-сулы аймақтағы орманшылар бейнетінен бөлек. Аптап қуырған шөлстанда орманшы болып көріңіз. Питомникті күту бір, көшет дайындау екі, кеуіп қалған теңіз табанына сарыбарқын егу үш, құмға сексеуіл өсіру төрт, ағаштардың санитарлық жұмысы бес, мал жайылымын қалпына келтіру алты, жасыл белдеу жасау жеті, тұқым және орман түсімін жинау сегіз, жануарлар дүниесін қорғау тоғыз, қолдан тұрмыстық заттар жасап, оны тұтынушыларға сату он, қосалқы шаруашылықты жүргізу он бір…

Бірақ бұл да бейнеттің шегі емес және осының бәрі көзге көрінбейтін нәзік те шетін жұмыстар. Оның қанша­лықты қиындығын күйіп тұрған Күн астында нәрестедей күтім тілейтін әрбір көгеріштің түбіне үңіліп, ертеден қара кешке дейін иіліп-бүгіліп жүретін жандар ғана біледі. Ал дайынға ие болатын былайғы пенделер үшін шөл кезген орманшы деген кім? Арқыраған айғыр машинасын азынатып келіп, тіркемелі тракторын селкілдетіп келіп, сексеуілдің сүйекті томарларын жуан троспен қас қағым сәтте қиратып отайтындар үшін орманшы деген кім? Қияметіне бақса, ерні кезеріп, көзі қарауытқан немені бағбан шөлдің бір қал­тарысына қисайта салуы да қиын емес…

(Басы өткен номерде. Жалғасы бар)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған