Көпшілікке аты мәлім блогер, қоғам белсендісі, кәсіпкер Бейбіт Әлібеков әлеуметтік желісінде Respublika атты жаңа партия құрар ойы барын жеткізді.
Әлібековтың сөзінде жаңа партия елдегі реформаларды қолдап, билікке көз үйренген басшылардың келмеуін, «Ескі Қазақстанның» қайтадан жарыққа шықпауын қадағаламақ.
– «Бүгінде біз қоғамдағы саяси белсенділіктің артқанын көріп отырмыз. Бұрын біз де көптеген қандастарымыз сияқты саясатқа немқұрайлы қарайтын шығармыз, ал қазір бәрі мүлде басқаша. Біз саясатқа қатыса аламыз, қалаймыз және қатысуымыз керек. Құтырған популистердің билікке келуіне жол бермеу немесе ескі Қазақстанның қайта оралуына, жаңа жүйеден кек алуына жол бермеу үшін жұмыс атқарылмақ. Сондықтан көп ойланып, талқылаудан кейін реформаларды қолдайтын саяси партия құру туралы шешім қабылдадық», -деді Әлібеков жарияланған видеода.
Болашақ партияның құрамына түрлі саланың кәсіпкерлері енді. Олардың қатарында: Сырымбек Тау, Максим Барышев, Бейбіт Әлібеков, Қуаныш Шонбай, Айдарбек Ходжаназаров, Динара Шүкіжанова және т.б. Айта кету керек, құрамда бар азаматтардың дені ел білетін кәсіпкерлер, блогер,мотиваторлар болып табылады. Әсіресе жастардың аузынан түспейтін тұлғалар осы тізімде баршылық.
– «Алғашқы қадам жасалды, бірақ алдымызда әлі көп жол бар. Соңғы реформалар мен жаңартулар жаңа Қазақстанды құрудың тірек нүктесі болды. Кең ауқымды реформалар қажет, бірақ бұл үшін қоғамдық қолдау мен бақылау, қоғам күші, қоғамдық ерік қажет, бұл реформалардың бәсеңдеуіне немесе кері кетуіне жол бермейді, – дейді ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші Айдарбек Ходжаназаров.
– Елге қордаланған мәселелерді шешу үшін жаңа көзқарас қажет. Ал ол үшін өткеннің өзара жауапкершілігінен тазарған тың көзқарас қажет.