Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаев, Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Арал ауданындағы Көкарал бөгетіне барып, облыстың су шаруашылығының қазіргі жағдайымен танысты.
Бүгінгі мәлімет бойынша Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы су көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Шардара су қоймасына секундына 193,9 текше метр су түсіп, 999 млн. текше метрге жетті.
Ал Шардарадан төменгі ағысқа секундына 200 текше метр су жіберілуде. Соның нәтижесінде 217 текше метр су келіп жатыр.
Облыс аумағындағы негізгі су тораптарында да су өткізу көлемі артқан. Мәселен, Қызылорда су торабынан төменге секундына 250 текше метр, Әйтек су торабынан 235 текше метр, Қазалы су торабынан 200 текше метр және Ақлақ су торабынан 150 текше метр су жіберілуде. Ал Арал теңізіне секундына 150 текше метр су түсіп жатыр.
Әрі қарай делегация тікұшақпен Арал теңізінің құрғаған ұлтанында жүргізілген жұмыстарды көрді.
Арал теңізінің құрғаған табанынан көтерілетін тұзды шаңның қоршаған ортаға әсерін азайту мақсатында Қазақстан бөлігінде бірнеше жылдан бері орман отырғызылып келеді. Мәселен, 2021 жылға дейін Қазақстан аумағында 192,8 мың гектар жер игерілген. Оның ішінде 1991-2020 жылдары облыстық бюджет есебінен 119,7 мың гектар жерге сексеуіл егілді. Халықаралық ұйымдар да қолдау көрсетті. Атап айтқанда, Халықаралық Аралды құтқару қоры есебінен 1,1 мың гектарға, Германия ынтымақтастық ұйымы арқылы 1,3 мың гектарға, Қазақстан және Дүниежүзілік банк қаржысы есебінен 57,4 мың гектарға, Оңтүстік Кореяның қайтарымсыз қаржысы есебінен 13,3 мың гектарға орман отырғызылды. Мемлекет басшысының бес жыл ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2021-2026 жылдары 1,1 млн. гектар алқапқа фитоорманмелиорация жүргізілді.
Экожүйені қалпына келтіру мақсатында «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының қаржыландыруы есебінен 500 метр тереңдіктен екі тұщы су ұңғымасы қазылып, іске қосылды. Қазіргі таңда ұңғымалардан шыққан су жайылған аумақта шөптесін өсімдіктер пайда болып, табиғи орта қалыптаса бастаған. Жабайы аңдар мен құстар көбейген. Алдағы уақытта №1 су ұңғымасы орналасқан 15 гектар аумақта орман тұқымбағын құру жоспарланып отыр.
* * *
Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровпен бірге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданына барды.
Сапар барысында олар Қазалы қаласындағы жақында іске қосылған орман тұқымбағының жұмысымен танысты. Аталған жоба Мемлекет басшысының орман қорын ұлғайту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Дүниежүзілік банктің қаржыландыруымен 440 млн. теңгеге жүзеге асырылған.
Аумағы 33,5 гектар тұқымбақта 16 арнайы техника бар. Қара сексеуіл, жапырақты және жеміс дақылдары, үйеңкі секілді ағаш түрлері өсіріліп, қорғаныш жасыл белдеу жасау жұмыстары ұйымдастырылуда. Қазір тұқымбақта 45 адам жұмыспен қамтылған.
Бұдан кейін Қазалы қаласындағы республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының тұқымбағы таныстырылды. Жалпы ауданы 32 гектар тұқымбақтың 17 гектары орманмен қамтылған. Ал 15 гектары жайылымдық жер ретінде пайдаланылуда. Мұнда жылына 1-1,5 млн. көшет өсіріледі. Сондай-ақ, таулы аймақтарға тән айлант, катальпа, туя секілді 10 түрлі ағаш көшеттері жерсіндіріліп, бес түрлі жеміс ағашы да өсірілуде. Арал теңізінің құрғаған табанына отырғызылатын сексеуіл көшеттері де осы жерде дайындалады. Биыл тұқымбақта сексеуіл көшетін егу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта мұнда 41 адам жұмыспен қамтылған.