Соңғы жылдары еліміздің саясат сахнасында біршама “саяси” өзгерістер орын алғаны белгілі. Жақында Құрылтай құрылып, депутаттар да жұмыстың талабы мен тәртібін қаперге алып, ел бойынша түрлі мәселелерді көтеріп, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық проблемалар турасында белсенділік танытуда. Президенттің бастамасымен елдің саясат сипатындағы өзгерістердің қатарында Құрылтай ғана емес, Қазақстан Халық Кеңесі де бар.
Қазақстан Халық Кеңесі — Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде белгіленді. Жалпы айтқанда, Халық Кеңесінің құрамындағылар қоғамдағы түрлі пікірлерді жинақтап, халықты толғандырған сауалдарды пысықтап, талқылай отыра мемлекетке ұсыныстар ретінде жинақтап жеткізеді. “Халық Кеңесінің” заң бойынша негізгі міндеттеріне – елдің ішкі саясаты бойынша жалпыұлттық диалог ұйымдастыру, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту,жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету, азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты күшейту кіреді.
Қазақстан Халық Кеңесі Құрылтайға заң жобасын ұсынады және Құрылтай заң жобасын қарайды.Мысалы, Халық Кеңесі қоғамдағы белгілі бір мәселені талқылап, соған байланысты жаңа заң жобасын әзірлесе, оны Құрылтайға енгізе алады. Заңды қабылдау құзыреті Құрылтайға тиесілі. Одан бөлек республикалық референдум өткізу туралы бастама көтеріп, мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғаммен жұмыс істейді, қоғамдық тыңдаулар, консультациялар, конференциялар және басқа диалог алаңдарын ұйымдастырып, белгілі бір мәселелер бойынша қоғамдық бақылауға қатыса алады.
Аймақ үшін маңыздысы, Қызылорда облысынан Қазақстан Халық Кеңесіне 3 адам мүшелікке енді


Тоғысұлы Жұмашев

Қазақстанның Еңбек Ері,
Имамзада Қуанышбайұлы Шағыртаев
Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясына қатысып, Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды.
– Бұл – конституциялық мәртебесі бар беделді қызмет. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен билік арасындағы байланысты қамтамасыз ете алатын адам келуі керек деп санаймын. Осыны ескере отырып, Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын.Бұл адамды бәріңіз жақсы білесіздер. Ол – білікті, әрі тәжірибелі маман. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет жүйесінде еңбек етіп, өз міндетін абыроймен атқарды. Мәжіліс төрағасы ретінде ауқымды реформаларды жүзеге асыруға атсалысқан белсенді саясаткер болды. Енді Халық Кеңесінің төрағасы ретінде де табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосатынына күмәнім жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Нәтижесінде, Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында дауыс беру қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің 126 мүшеден тұратын нақты құрамын Жарлықпен бекітті. Халық кеңесінің құрамын этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің мүшелері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, ғалымдар мен сарапшылар, мәдениет, білім, спорт және басқа да салалардың өкілдері біріктіреді.
– Олардың қатарында жұртшылыққа белгілі тәжірибелі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен көптеген белсенді азаматтар бар. Құрылтайдың алғашқы отырысында айтып өткенімдей, ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз, озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылды. Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда, Сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін. Ырысты ынтымағымызды, қоғамдық келісімді күшейту үшін белсенді түрде еңбек етесіздер деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Тоқаевтың айтуынша, Ассамблеяға тиесілі кей міндеттемелер енді Қазақстан Халық Кеңесіне жүктеледі. Айта кету керек, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның күші жойылып, жаңа «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң күшіне енді.Бұл жай ғана Ассамблеяның атауын өзгерту емес, жаңа конституциялық нұсқа болып табылады.
А.Әлиарыстан