Алдағы жылы аймақта жүзеге асуы мүмкін жобалар жайы белгілі болды. Қызылорда облысы әкімі М.Ергешбаев қала, аудан әкімде­рімен бірлескен жиын өткізіп, нәтижесінде 2027-ші жылға облыс бойынша 1 триллион 53 млрд. 431 млн. теңгеге 300-ден астам жоба жоспарланғаны белгілі болды.

Жүзеге асатын жобалар саны Қызылорда қаласында 100-дің (104) үстіне шығып, көп көрі­ніп тұрғанымен қаржы көлемі жағы­нан 114,4 млрд. болып тұр. Әрине, қалалықтарды баспанамен қамту үшін тұрғын үйлер салу, қолайлы қала болу үшін жол және көпір құрылыстарын салу, аяқтау, қала үшін ең өзекті болып отырған су­мен және кәрізбен жабдықтау, газ­дан­дыру, абаттандыру, жарықтан­дыру, әрі тұрғындар сұранысына орай тұрғын үйлерді жаңғырту жобала­рына қаралған қаржы аз да емес.

Дегенмен Жаңақорған  ауда­нында жалпы құны 607,8 млрд. теңге болатын жобалардың жүзеге асатынын білген жұрт “бұл ауданға қаржы көп бөлініпті” деген пікірлер де айтуда.

Негізі Жаңақорған – аймақ­тағы өндірістік аудан. Содан да онда өнім өндіру, тауар шығару мүмкіндігі мол. Бұл инвестор­лардың қызығушы­лығын тудыратыны сөзсіз. Бір ғана Шалқия кен-байыту фабри­касын, немесе полиметалл кен орындарын игеру жобаларын айтсақ та жеткілікті. Ірі өндіріс орындары арзанға, ақ ақшаға келмейді. Бұл жобаларды жүзеге асыруға қыруар қаржы керек. Ауданда жүзеге асыруға жоспарланған 607,8 млрд. теңгенің 8 ірі инвестициялық жобалары қатарында Шалқия кен байыту фабрикасы мен полиметалл кен игеруден бөлек, цемент зауыты, жеміс-көкөніс сақтау және өңдеу кешені, күн электр станциясы, тауарлы сүт фермалары да бар.

Жоспарланған жобалардың жалпы құны-1 трлн. 53 млрд. 431 млн. теңге.

Қызылорда қаласы – 114,4 млрд. теңге, 104 жоба.

Арал ауданы – 194,3 млрд. теңге, 8 жоба.

Қазалы ауданы – 48,4 млрд. теңге, 52 жоба.

Қосымша 5,9 млрд. теңгенің 5 жобасы әзірлену сатысында.

Қармақшы ауданы – 22 млрд. теңге, 16 жоба.

Жалағаш ауданы – 16,531 млрд. теңге, 33 жоба.

Сырдария ауданы – 26,5 млрд. теңге, 32 жоба.

Шиелі ауданы – 17,6 млрд. теңге, 48 жоба.Жаңақорған ауданы – 607,8 млрд. теңге, 8 ірі инвестициялық жоба.

Арал ауданында да 194,3 млрд. теңгеге 8 жоба жүзеге асады. Жобалар құны Жаңақорған ауданынан аз, бірақ басқаларға қарағанда көбірек. Себебі де белгілі. Жоспарланған 8 жоба қатарында өңдеу өнеркәсібі, логистика, құрылыс материалдарын өндіру, жол бойындағы сервистік қызмет, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларын дамытуға бағытталған жобалар бар.

Қазалы ауданы қаржысы да әжептәуір. 48,4 млрд. теңгеге 52 жоба әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Бұл жобалар қатарында аудан ауылдары үшін өзекті болып отырған газ және жылумен жабдықтау, кәріз жүйесін жақсарту, көлік жолдарын жөндеу, электр желілерін жаңарту, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту бар. Қазір тағы 5,9 млрд. теңгенің 5 жобасы әзірленуде екен.

Шиелі ауданының да инвестор, қаржы тартуға мүмкіндігі мол. Алайда, аудан­ның келер жылға жоспарлаған 42 млрд. 898 млн. теңге­нің 98 жобасы негізінен бюджеттік өтінімдерге ұсынылған. Әрине тұрғындар үшін жоба бойынша жоспарланған білім беру, газдан­дыру, электрмен жабдықтау, жол, ауыз су, әлеуметтік нысандарды салу, жаңғырту да маңызды.

Сырдария ауданы да 26,5 млрд. теңгенің 32 жобасын жү­зе­ге асыру үшін бюджеттік өтінім­дер ұсынған. Жобалар бойынша бұл ауданда да білім беру нысандарын жаңғырту, елді мекендерді газдандыру, электр­мен жабдықтауды жақсарту, жол­дарды, ауыз су желілерін жөндеу, әлеуметтік нысандарды да жөндеу және абаттандыру жоспарланған.

Қармақшы ауданы да 22 млрд. тең­геге ауыз сумен қамтуды жақсарту, электр және газ желілерін жаңғырту, жол және әлеуметтік нысандар салу, тарихи-мәдени мұраны сақтау, мал шаруашылығын дамытуды қамтитын 16 жобаны жобалапты.

Дәл осындай мақсатта Жала­ғаш ауданы да 33 жобаны жүзеге асырамыз деп, 16 млрд. 531 млн. теңге қаржыны меже­лепті.

Әрине аудан, қала әкімі бар, жергілікті биліктің осы жоспарлаған жобалары жүзеге асқан жағдайда өңірдің инженерлік инфрақұрылымы жаңғырып, өндірістік және инвестициялық әлеуеті артатыны, жаңа жұмыс орындарының ашылатыны, халықтың тұрмыс сапасы жақсаратыны сөзсіз.

Жергілікті үлкен, кіші биліктің келер жылға жоспарлаған 300-ден астам жобасын жобалай отырып, аудандардың басым дені әлде де бюджеттің қаржысына иек артып отырғаны, инвестор тауып, сырттан қаржы тартып, өндірісті дамытып, өнім өндіріп, тұрақты жұмыс көзін ашуға әлсіз екені байқалады.

Әрине өндірісті аудандарға инвесторлар тарапынан қызығу­шылық басым екені рас. Алайда қазіргі басымдық – халық­ты қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында өндірген өнімді өңдеуге де қызығушылықпен қаржы салатын­дар да баршылық. Негізі ауыл, аудандарға кәсіпкер­лік мықты көзқарас керек…

Басқасын айтпағанда, қамыс­тың өзі құрылыс материалы болып, шетел асып жатқанда, сол қамыс­тан өзіміз неге құрылыс материалын шығармасқа…

Бәлкім, айтуға оңай болар…

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған