Жауапты науқан. Ала жаздайғы маңдай тердің, бейнеттің зейнетін, рахатын көретін кез дегенімізбен рахатқа әлі ерте. Себебі де белгілі. Егінді жинап, тасымалдап, оны қырманға, қоймаға құю да, нарыққа өткізу де оңай емес…
Күз мезгілі қай кезде де жауын-шашынды. Күн қабағы қанша дегенмен күз уақыты, қатыңқы. Ауа райы жылы көрінгенімен бәрібір денені тоңазытар салқын ызғар бар…
Үкімет те етек-жеңін жинап, егін жинау науқанын бір дәнді шашау шығармай мерзімінде аяқтайық деп үлкен жиын өткізді. Жиында сөз сөйлеген Экология және табиғи ресурстар министрі Ә.Қуантыровтың сөзіне қарағанда, ауа райы болжамына сәйкес қазан айында республиканың басым бөлігінде айлық ауа температурасы нормадан 1–2°С жоғары, нормаға жуық – Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында және Абай облысында болады деп күтіледі.
Қазан айында еліміздің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жақын, елдің батысы мен солтүстік-батысында нормадан көп, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс, орталық облыстардың оңтүстігінде және Абай облысының жазық бөлігінде нормадан аз болады деп болжанып отыр.
Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес қараша айы жылы болады деп күтіледі. Республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1–2°С жоғары болады.
Жауын-шашын мөлшері еліміздің басым бөлігінде норма шегінде, Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының солтүстік бөліктерінде нормадан көп болады екен.
Министр Қуантыровтың жасанды интеллект элементтері бар цифрлық құралдарды қолданғалы бері ауа райынан қателеспей жүрген “Қазгидромет” болжамына сүйеніп айтқандары дәл келер болса диқандар үшін қазан, қараша айларында аса қауіп жоқ. Ауа райы жылы, жауын-шашын да нормадан тыс емес.
Егін егіп, жақсы табыстан үміт еткендер үшін жақсы жаңалықтың тағы бірі биыл астық тасымалы өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артып отыр екен. Көлік вице-министрі Ж.Тайжановтың айтуынша «Биыл астық экспортқа 7,2 млн. тонна, ел ішінде 2,1 млн. тонна тасымалданды. Негізгі бағыттар бойынша өсім бар. Орталық Азия елдеріне тасымал 37%-ға, Қытайға 34 %-ға өсті. Ресей порттары арқылы тасымал 9 пайызға артты. Ауғанстанға астық тасымалы 4,4 есе өсіп, 655 мың тоннаға жетті. Сонымен қатар өңделген өнім көлемі де өсіп келеді. Қоспа жем тасымалы 38%-ға өсіп, 2,6 млн. тоннаға жетті. Жалпы, астық тасымалы бойынша жақсы өсім бар».
Демек астықты сыртқа шығаруға бағыт көп, жол ашық. Биылғы жылы жаңа астықты тасымалдауға қажетті вагондар мен локомотивтер де дайын екен. Бүгінде 16 мың тоғыз жүз астық вагоны, 17 мың сегіз жүз жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Қазіргі парк астықты толық көлемде тасымалдауға жеткілікті. Қажет болған жағдайда қосымша мүмкіндік те бар көрінеді.
– Соңғы жылдары темір жолдарды дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Қытай бағытында Достық – Мойынты екінші жолы салынды. Алтынкөл станциясы және Алтынкөл – Жетіген учаскесі жаңартылды. Осының арқасында Қытай бағытында тәулігіне 75 пойызға дейін өткізуге мүмкіндік бар. Өзбекстан бағытында Сарыағаш және Оазис стансаларының өткізу қабілеті арттырылды. Дарбаза – Мақтаарал теміржолы аяқталып, Сырдария бекеті ашылған соң тәулігіне 60 пойыз өткізуге болады. Ресейлік әріптестермен тиісті келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде тәулігіне 100 пойыз өткізуге мүмкіндік бар. Осылайша, негізгі экспорттық бағыттарда астық тасымалын одан әрі арттыруға жағдайлар жасалған», — деді Үкімет жиынында Жәнібек Тайжанов.
Үкіметтің үлкен жиынына селекторлық режимде қатысқан Қызылорда облысы әкімі М.Ергешбаев та облыс әкімдігінде егін жинау науқаны барысын қараған жиын өткізіп, сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.
Биыл өңірде 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Үкімет бекіткен Жол картасына сәйкес күріш алқабы өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқарды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егісті әртараптандыру мақсатында 11 мың гектарға жүгері себілді.
Алқаптарды сумен қамтамасыз ету үшін 3,2 млрд. текше метр су лимиті бекітіліп, вегетациялық кезең штаттық режимде өтті. Диқандар тұқым, тыңайтқыш, гербицид және жанар-жағармаймен толық қамтылды. Сырдария өзенінен каналдар арқылы егістікке 2,5 млрд. текше метр су берілді.
Аймақта ерте егілген дәнді дақылдарды жинау аяқталды. Бүгінде 36 мың гектар күріш орылып, оның 27 450 гектары бастырылды.
Орташа өнімділік гектарына 48,4 центнер, 133 мың тонна күріш салысы жиналды.
– «Мақсат – егінді ысырапсыз әрі шығынсыз жинап алу. Науқанды қазан айының 15-інен кешіктірмей аяқтау керек. Қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, барлық жұмысты белгіленген мерзімде сапалы атқаруға басымдық берілуі тиіс.
Кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштерге тұрақты мониторинг жасап, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының орындалуын қатаң бақылауда ұстаңыздар. Мемлекеттік кірістер департаменті қолдау алған кәсіпкерлердің мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етсін.Жеңілдетілген қаржы, субсидия және кепілдікке ие болған кәсіпкерлердің салық түсімдеріне жан-жақты талдау жасалсын. «Жұмыс жүргізілді», «түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды» деген бос сөз, құр есеп қажет емес. Нақты нәтижеге мән беріп, қорытындысын баяндаңыздар», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.