Соңғы жылдары Қызылорда қаласында бой көтерген ғимараттар мен нысандар қала көркін ашып ғана қоймай, әрбірі түрлі мақсат пен әрқилы бағытта Сыр жұртшылығы үшін жоғары қызмет түрлерін ұсынуда. Мысалға, қаламыздың сол жағалауында орналасқан “Сыр жұлдыздары”  шығармашылық және инновация академиясы” қосымша білім беру орталығын сөз етейік. Мұнда оқушылар заманауи әдістерге негіз­деліп түрлі үйірмелер арқылы қабілеттерін шыңдаса, қосымша білім беруге бағытталған сабақтар арқылы көкжиектерін кеңейтуде. Аталған нысан­дағы жұмыс барысы туралы толығырақ “Қызылорда облысы білім басқармасының «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және инновация академиясы» қосымша білім беру орталығы” КММ директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мағжан Қанатұлымен сұрақ-жауап арқылы кеңінен тарқатайық.

– Сыр өңіріндегі басқа орталықтардан жаңа­дан ашылған  “Сыр Жұлдыздары” шығар­ма­шылық және инновация академиясы” қосым­ша білім беру орталығының ерекшелігі неде?

– Сыр өңіріндегі басқа шығармашылық орта­лықтардан «Сыр жұлдыздары» академиясы­ның басты ерекшелігі – оқушыларға жан-жақты бағытта білім алып, өз қабілетін тәжірибе арқылы дамытуға мүмкіндік беруінде. Ака­демияда өнер мен шығар­ма­шылықтан бөлек, иннова­ция­лық-инженерлік шығармашы­лық, ғылым мен зерттеу, спорт және сауықтыру бағыттары қамтылған. Яғни, оқушы тек теориялық білім алып қана қоймай, оны практика жүзінде қолдануға басымдық беріледі.

Сонымен қатар, академия­дағы үйірмелерге балалардың тегін қатысуына мүмкіндік  жа-сал­ған. Заманауи зертханалар, шы­ғармашылық шеберханалар, медиаорталық, дыбыс студия­сы, робототехника, 3D модель­деу секілді бағыттар арқылы оқушылар өз қызығушылығына қарай таңдау жасап, жаңа дағ­ды­ларын қалыптастыра алады.

– Ашылғанына аз уақыт болса да, бұл ғимараттан білім алатын оқу­шылар осы уақытқа дейін қандай жетістік­терге жетті?

– Орталығымыз қысқа уақыт ішінде ұстаздар мен оқушылардың еңбегінің арқасында өз нәтижелерін көрсете бастады. Шәкірттеріміз республикалық, об­лыстық және қалалық байқауларға белсенді қаты­сып, жүлделі орындарға ие болуда. Сонымен қатар, оқушыларымыз Президент шыршасында өнер көрсетіп, өз таланттарын жоғары деңгейде танытты.

Атап өтетін болсақ, жас мамандарымыздың бірі – экология және биология үйірмесінің педа­гогі – облыстық оқу-әдістемелік орталығы ұйым­дас­тырған «Биология пәндерінде жасанды интеллектіні пайдалану жолдары» тақырыбын­дағы облыстық TEDx форматындағы жоба қорғау байқауында ІІ орынға ие болды.

Сонымен қатар, мекемеміздің жас мамандары «Бір слайд – бір идея», «Заманауи дидактикалық әдістер», «ОйFest» сынды интеллектуалдық және кәсіби байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындар мен түрлі номинацияларға ие болды. Бұл жетістіктер жас мамандарымыздың кәсіби ізденісінің, шығармашылық әлеуетінің және заманауи білім беру технологияларын тиімді меңгеріп келе жатқанының айқын дәлелі.

– Соңғы жылдары жаңадан ашылған, сұранысқа ие білім бағыттары қандай деп айтар едіңіз? 

– Соңғы жылдары оқушылар арасында робо­тотехника, жасанды интеллект, бағдарламалау, хореография, медиа және цифрлық шығарма­шылық бағыттарына қызығушылық артып келеді. Осы сұранысты ескере отырып, академиямызда заманауи технологиялармен қатар, медиа сауаттылық, фото-видео түсіру, монтаж және журналистика бағыттарына да ерекше көңіл бөлінуде. Басты ерекшелігі – оқушылар бұл бағыттарды тек теория жүзінде меңгермей, практикалық тапсырмалар арқылы өз қолдарымен орындап, нақты өнім жасауға мүмкіндік алады.

– Қандай және қанша үйірме түрлері жұмыс жасауда?

–  Қазіргі таңда «Сыр жұлдыздары» шығар­машылық және инновация академиясы» қосымша білім беру орталығының сол жағалауда орналасқан №2 ғимаратында  техникалық-жаратылыстану және көркем-эстетикалық шығармашылық бағыт­тары бойынша 18 үйірме жұмыс істеп, 803 оқушы қосымша біліммен қамтылуда.

Ал бұдан бөлек бас ғимаратта 3010, №1 ғима­ратта 1500, №3 ғимаратта 324 оқушы қосым­ша білім алуда. Үйірмелер қатарында «Робото­техника», «Микробиология», «Ағылшын тілі», «Өлкетану», «Хореография», «Вокал», «Дом­быра», «Дәстүрлі ән», «Жыр-терме», «Бейнелеу өнері», «Шебер қол», «Бала шеф» секілді оқушы­лардың қызығушылығы мен қабілетін дамытуға бағытталған түрлі шығармашылық және таным­дық үйірмелер бар. Бұл үйірмелер арқылы балалар өз қабілеттерін жетілдіріп қана қоймай, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алады.

– Қазір жастар арасында қай өнер түріне қызығушылық басым?

– Қазіргі таңда жастар арасында өнердің бірнеше түріне қызығушылық жоғары. Әсіресе би, вокал және домбыра бағыттары сұранысқа ие. Би мен вокал арқылы жастар өз шығармашылық қабілетін, сахна мәдениетін дамытса, домбыра үйірмесі ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, дәстүрлі музыканы дәріптеуге мүм­кіндік береді. Академиямызда осы бағыттарға қызығушылық танытып, тұрақты түрде қатысып жүрген оқушылардың қатары да артып келеді.

– Талантты баланы анықтау мен оны кәсіби деңгейге жеткізудің арасында қандай қиындықтар бар?

– Талантты баланы анықтау – бір бөлек, оның қабілетін кәсіби деңгейге жеткізу – үздіксіз еңбекті талап ететін үдеріс. Басты қиындықтардың бірі – баланың қызығушылығы мен қабілетін ерте байқап, дұрыс бағыт таңдау. Әр баланың бейімі әртүрлі болғандықтан, оған жеке тәсіл қажет. Сонымен қатар, тұрақты жаттығу, тәжірибе, білікті педагогтің қолдауы және баланың өз ынтасы маңызды рөл атқарады.

Орталығымызда оқушылардың қабілетін түрлі практикалық тапсырмалар, шығармашылық жұмыстар мен байқаулар арқылы байқап, әрі қарай дамытуға мүмкіндік жасаймыз. Балаға тек нәтиже талап ету емес, оның қызығушылығын сақтап, қателесуге және тәжірибе жинақ­тауға жағдай жасау арқылы кә­сі­би деңгейге бағыт­таймыз.

– Қазіргі ци­фр­лық тех­но­­логиялар мен жасанды ин­тел­лект шығар­ма­шылық сала­сына еніп жат­қан кезде оқу­шы­лар сарайы оқыту әдістерін қалай жаңартып жатыр?

– Қазіргі цифр­лық техноло­гия­лар мен жасан­­ды интеллектінің мүмкіндіктерін ескере оты­рып, академиямызда оқыту әдістерін заманауи та­лап­тарға сай жаңар­тып келеміз. Оқу­шыларды тек теориямен шектемей, жа­санды интеллект, робо­то­техника, 3D модель­деу, медиа және цифр­лық шығарма­шы­лық бағытта­рында прак­тикалық жұмыстарға тарта­мыз. Мәселен, медиа бағы­тын­дағы оқушылар фото-видео түсіру, монтаж жасау, контент әзірлеу арқылы өз білімдерін тәжірибеде қолданады.

Біздің басты ұстанымымыз – технологияны баланың шығармашылығын алмасты­ратын құрал емес, жаңа идея­ларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиімді құрал ретінде пайдалану. Осы арқылы оқушылардың цифр­лық сауаттылығын, шығар­машылық ойлауын және зама­науи технологияларды дұрыс қолдану дағдыларын қалып­тастыруға басымдық береміз.

– Сарайдың өнерлі жаста­рының бойынан қандай ерекшелік байқайсыз?

– Орталықтың өнерлі жас­тарының бойынан ең алдымен өзін еркін көрсетуге деген ұмтылысын, ізденімпаздығын және шығармашылыққа деген қызығушылығын байқаймыз. Олар жаңа нәрсені үйренуге талпынып, өз өнерін сахнада көрсетуге, байқауларға қаты­сып, тәжірибе жинауға белсенді. Сонымен қатар, жастардың бойында ұлттық өнерге деген құрмет пен зама­науи бағыттарға қызығушы­лықтың қатар қалыптасып келе жатқаны қуантады. Дом­быра, дәстүрлі әнмен қатар, би, вокал, секілді бағыт­тарды меңгеріп жүрген оқушы­лары­мыздың жан-жақты дамуға ұмтылысы байқалады.

– Осы академия арқылы өзіңіз жүзеге асырғыңыз ке­летін ең үлкен арман қандай?

– Академия арқылы жүзеге асырғым келетін ең үлкен арманым – әр баланың бойын­дағы талантты дер кезінде байқап, оны дамытуға мүмкіндік беретін шығармашылық ортаны қалыптастыру. Әр оқушы өз қызығушылығына сай бағыт таңдап, өзіне сенімді болып, еңбегінің нәтижесін көрсете алса – біз үшін үлкен жетістік. Сонымен қатар, академиядан түлеп ұшқан бала­лардың арасынан болашақта өнерде, ғылымда, технологияда және шығармашылық салаларда елге танымал, білікті мамандардың шығуына үлес қосу – басты мақсаттарымыздың бірі.

– Оқушылар сарайының табалдырығын алғаш аттаған жас өнерпазға «Сыр жұлдызы» атану үшін қандай үш кеңес берер едіңіз?

– Алғашқысы – еңбек пен тұрақтылық. Қабілет қанша жоғары болғанымен, оны шыңдау үшін күнделікті ізденіс пен тынымсыз жаттығу қажет. Екіншісі – жаңалыққа ашық болу. Ұстаздың кеңесін тыңдап, жаңа бағыттарды байқап, өз өнеріңді үнемі жетілдіруге ұмтылған жөн. Үшіншісі – өзіңе сену және сахнадан қорықпау. Қателесуден қорықпай, әр мүмкіндікті тәжірибе ретінде қабылдасаң, өзіңе деген сенімің де арта түседі. Ең бастысы – өз өнеріңді шын жүрекпен жақсы көріп, «Сыр жұлдызы» атауына лайық болуға талпыну.

– Жаңадан бой көтерген оқушылар сарайына сипаттама жаза кетіңізші…

– «Сыр жұлдыздары» академиясы – балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін шыңдап, ғылымға, өнерге және заманауи технологияларға қызығушылығын арттыратын жаңа форматтағы қосымша білім беру орталығы. Мұнда оқушылар өз қызығушылығына қарай түрлі бағыттарды таңдап, білімін тәжірибемен ұштастыра алады. Академияның басты мақсаты – әр баланың бойындағы қабілетті байқап, оны дамытуға жағдай жасау. Мұнда білім мен шығармашылық, теория мен практика қатар үйлесіп, оқушының жан-жақты дамуына бағытталған орта қалыптасқан.

– Ұстаз бен оқушы үшін жағдай толығымен жасалған ба, әлде әлі де өзгеріс не жаңашыл­дықтар енгізу керек пе?

– Бүгінде орталықта ұстаздар мен оқушыларға сапалы білім алып, шығармашылықпен айналы­суға қажетті жағдайлар жасалған. Заманауи каби­неттер, зертханалар, шығармашылық шебер­ханалар мен техникалық мүмкіндіктер оқушы­лардың теориялық білімін практикамен ұштас­тыруына мүмкіндік береді.

Дегенмен, білім беру саласында жаңашылдық ешқашан тоқтамайды. Сондықтан алдағы уақытта да цифрлық технологиялар мен жасанды интел-лект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жаңа үйірмелер мен заманауи жобаларды енгізу, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында жұмыстарды жалғастыра береміз. Бастысы – бар мүмкіндікті үнемі жетілдіріп, балалардың сұранысына сай орта қалыптастыру.

– Оқушылар сарайы сол жағалаудан енді ғана бой көтерген мекен жай бойынша орналасты. Алайда, мұнде келіп кетуге барлық оқушының мүмкіндігі келе бермейтін секілді, қатынау жолы қалай болуда?

– Орталықтың сол жағалауда орналасуы қала тұрғындарының қатынауына кедергі келтіріп отырған жоқ. Қазіргі таңда оқушы­лардың басым бөлігі қоғамдық көлік және ата-аналарының көмегі арқылы қатынап жүр. Сонымен қатар, үйірмелердің сабақ кес­тесін оқушылардың мектептегі оқу уақытына сәйкестендіруге тырысамыз. Біздің мақсатымыз – қаланың әр бөлігіндегі балалардың академиядағы мүмкіндіктерді пайдалануына жағдай жасау.

– Қазіргі балалардың ұстанымдары да қызығушылықтары да басқаша. Академияның мүмкіндіктерін бұдан әрі жетілдіру үшін ұсыныстар білдіреді ме?

– Әрине, оқушылардың ұсыныстары біз үшін өте маңызды. Қазіргі жастардың қызығушылықтары мен талғамдары өзгеріп, олар өз ойын еркін жеткізуге, жаңа дүниені байқап көруге ұмтылады. Сондықтан орталығымыздың мүмкіндіктерін одан әрі жетілдіру барысында оқушылардың пікірін тыңдап,ұсыныстарын ескеруге мән береміз.

Оқушылардың өздері де түрлі саладағы таны­мал тұлғалармен, өнер иелерімен, кәсіби мамандармен кездесулерді, шеберлік сабақ­тары мен тәжірибелік жобаларды көбірек өткізуді ұсынады. Мұндай кездесулер олардың маман­дық­тар туралы кеңірек түсінік алуына, жаңа бағыт­тарды тануына және өз ойын еркін жеткізуіне мүм­кіндік береді. Ең бастысы – баланың пікірін тыңдап, оның идеясын жүзеге асыруға жағдай жасау.

– Мұндағы ұстаздардың жағдайы қанша­лықты жасалған?

– Академиядағы ұстаздарға да өз міндетін сапа­лы атқаруға қажетті жағдай жасалған деп айтуға болады. Заманауи кабинеттер мен қажетті құрал-жабдықтар педагогтердің шығармашылық ізде­нісіне және жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануына мүм­кіндік береді. Дегенмен, ұстаз үшін тек материалдық жағдайдың болуы жеткіліксіз. Педагогтің кәсіби дамуына, тәжірибе ал­масуына, біліктілігін артты­руына және жаңа технологияларды меңгеруіне де мүмкіндік берілуі маңызды. Осы бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыру қажет.

Өйткені баланың жетістігі көбіне оны жетелейтін ұстаздың ізденісі мен кәсіби шеберлігіне байла­нысты. Сондықтан ұстазға жасалған жағдайды үнемі жетілдіріп отыру — орталықтың маңызды міндет­терінің бірі.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Айдана ӘЛИАРЫСТАН

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған