«БАЙСЕМІЗ LIVE» YouTube арнасында журналист Жанар Байсеміздің Ақгүл ханыммен сұхбаты жарияланды. Әңгіме барысында Қазақстанның болашағы, елдегі ықтимал әлеуметтік-саяси өзгерістер, ашаршылық қаупі, табиғи құбылыстар, Каспий теңізінің тартылуы, жер сілкінісі және қоғамдағы өзге де мәселелер қозғалған. Сұхбат беруші алдағы кезеңге қатысты өз болжамдары мен пікірлерін ортаға салған. Басылым оқырмандарына сұхбаттан елге, ел алдындағы тұлғаларға қатысты айтылған үзінділерін жазбаша нұсқада ұсынып отырмыз. Әркім өзіне керегін алар. Ақгүлдің бар айтқанын дұрыс деп, келісе бермейміз. Алайда ой салар тұстары бар…
Журналист: Қазақстанның болашағына қатысты не айта аласыз?
– Қазақстанда ашаршылық келе жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, бұрын болған ашаршылық та бірден басталған жоқ. Ол өте мұқият, әрі саналы түрде ұйымдастырылды. Сол кезде де жағдай дәл осылай болған. Алдымен қудалау басталып, халықтың қолындағы бүкіл дәнді дақылдар тартып алынды. Соның салдарынан халық қырылды.
Журналист: Өркениетті заманда да сондай жағдай орын алуы мүмкін бе?
– Әрине, мүмкін. Жасанды интеллект тәнімізге, санамызға еніп кеткен, қайсысы өтірік, қайсысы шын екенін ажырата алмайтын заманда мұндай жағдайдың орын алуы ықтимал. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстанға тиесілі аймақтарда дәнді дақылдардың шығу ықтималдығы азайып кетеді. Қазірдің өзінде жағдай мәз емес. Қуаңшылық. Батыс Қазақстанда да жағдай тұрақты болмайды. Себебі Батыста пайдалы қазбалар бар.
Мұның бәрі бір күнде болмайды, біртіндеп жүзеге асады. Қазірдің өзінде адамдар азық-түлікті «Каспий ред» арқылы алып жатыр. Бұл ашаршылықтың бастауы емей немене? Мұның бәрі алдын ала ойластырылып, жоспарланып, ұқыпты түрде жасалады. Біз қазір жеп отырған көкөністердің өзінен олардың шын мәнінде табиғи, немесе табиғи емес екенін ажырата алмайтын халдеміз.
Айналаға қарасаңыз, дүкендер толып тұр, мейрамханалардың мәзірлері де алуан түрлі. Сондықтан аштықтың ауылы алыс сияқты көрінуі мүмкін. Кезінде де қора толы мал, үйде жал-жая, қазы-қарта дастарханда мол, ішерге ағарғанның түр-түрі болды. Сол кезде бір күні тышқан жейміз деп ойлады ма? Жоқ, ойлаған жоқ.
Қазақстан дамиды. Біз қазір армандап отырған спорт саласында үлкен жетістіктер болады. Ғылым, инженерлік ғылым дамиды. Робототехника да қарыштап дамиды. Алайда таразының бір жағында осы салалардың дамуы тұрғанымен, ел алдында күрделі кезең туындағанда олардың қандай пайдасы бар деген сұрақ та туындауы мүмкін.
Депутаттарға, әкімдерге қатысты өзгерістер онсызда жиі болады ғой. Өйткені, бұл — алдын ала сызылып қойылған система ғой. Билікте бұдан өзге өзгеріс болады.
Журналист: Бұл халыққа зиян тигізуі мүмкін бе?
– Керісінше, халыққа жақсы жағынан әсер етуі мүмкін. Жағасы ақ, адал сүт емген адам келе жатыр. Дәл осы нәубеттен халықты алып шыға алады деген үміт бар. Ол кісінің бойында да, ойында да тазалық болады. Бала секілді пәк, бойында тазалығы бар адам.
Атырауда билікте үлкен өзгерістер болады. Әкімдер өзгереді. Өткенде Қызылорданың әкімі өзгереді деп айтқанымда, осы болжамыммен бөліскен едім. Дәл солай болды. Басында мүмкін болар ма екен деген оймен, жайлап бөлістім. Өйткені мен де пендемін. Пенде болған соң әлсіздігім де, қателігім де болуы мүмкін.
Ақтауда жер сілкінісі байқалады. Каспий тартылады, өте қатты тартылады. Мен қазір осы болжамыммен бөліссем, маған қарсы шығады. Каспий тартылса, қайта толуы үшін түрлі әдістер жасалып жатыр ғой. Каспийдің тартылатынын анық айта аламын. Бұл белгілі бір құпияның ашылуына да әкелуі мүмкін. Ол су әлеміне тиесілі емес. Мұның алдын алуға бола ма, болмай ма, білмеймін. Каспийде құпия көп. Каспийдің тартылуына қатысты, оның кімдерге тиесілі екені жөнінде құпия ашылады. Кезінде Аралдың тартылатынына да сенген жоқпыз.
Алматыда жер сілкінісі болатынын алдын ала айтқан болатынмын. Сенің кесірің, сенің кінәң деп халық маған реніштерін жеткізді. Менің айтуым керек… Ақтауда болатын жер сілкінісі туралы айтқан жоқпын. Себебі жер сілкінісі тек таулы мекендерде ғана болады деген түсінік бар. Алматыда бұрынғы баллмен салыстырғанда күштірек жер сілкінісі және әдеттегідей сілкіністер болады.
Мен осыларды айтсам, халықтың санасы, білімі, ойы мен түсінігі бұған дайын емес. Мен кейде билікті түсінемін. Теңгенің құлдырап жатқанын алдын ала айтпайды. Себебі халық ондай ақпаратты қабылдауға дайын емес, Жанар ханым. «Сен бай боласың, ақшаң көп болады» деген ұғымға ғана мәз.
Журналист: Дегенмен, алапат жер сілкінісі болмай ма?
– Сәл-сәл…
Журналист: Бұған дейінгі подкастта бір қонағымыз ел алдында жүрген адамдардың көріпкелдермен тығыз байланыста екенін айтқан болатын. Сіз бұған не дейсіз?
– Қазір ел алдында жүрген көптеген адамның жеке көріпкелі, энергия тартушысы, энергия жаңартушысы бар. Бастықтардың да сондай адамдары бар. Олардың осындай нәрселерге жүгінетіні ақиқат. Сырттай қарасаңыз, білімді адамдар болып көрінеді. Мен мұны көріп жүрмін.
Қайырымдылықпен айналысып, «елім» деп, үй салып немесе денсаулығына байланысты қайырымдылық қорларын ашқан адамдардың да құпиялары ашылады. Көп дуакештер мен сиқыршылар үшін күрделі кезең болады. Ел алдында жүрген адамдардың біразының бетпердесі ашылады.
Журналист: Сіз ол адамдардың кім екенін де білесіз ғой?
– Иә, менің алдыма көптеген жұлдыздар келді. Олар алдағысын білгісі келеді, бірақ мен олардың ойларын білемін. Әрі қарай қазбаламаймын. Дегенмен, олардың әрекеттерін білемін, көріп жүрмін.
Журналист: Демек, сіздің айтып отырғаныңыз олардың заңсыз әрекеттері әшкереленеді деген сөз ғой, иә?
– Заңсыз әрекеттерін заңды етіп көрсетуге тырысқан жағдайлар да бар. Біраз дүниелер ашылады. Өсек әңгімеге ұластырғым келіп тұрған жоқ.
Журналист: Қалай ойлайсыз, бір адамға ашуланса да, эмоциямен сөйлеп, тоқтамайтындар болады. Олар ішіндегі ашуын дуалау секілді әрекеттер арқылы білдіре ме? Өзіңіз айтып жатырсыз ғой, екі-бес миллион теңге ұсынады деп. Дуалауға баратын адамдардың жүрегінде не болуы мүмкін?
– Қателесесіз, ол кісілер эмоциямен бармайды. Ойланып келеді. Олар есік алдында жүрген адамдар емес. Білесіз бе, әр адамның өмірге келгенде кармалық сабағы болады. Мысалы, менің кармалық сабағым – ақшаға құнықпау. Егер мен ақшаға құнықсам, қатты байып кететін шығармын. Әр адамнан екі-бес миллион теңгеден алып, дуалап отырсам, жағдайым басқаша болар еді. Бірақ бұл жерде кармалық сабағым – ақ, адал ниетімнен айнымау. Ол адамдар да өзіңіз сияқты қарапайым адамдар. Олармен араласып, шай ішуіңіз де мүмкін.
Журналист: Өзіңіз айтқандай, жұлдыз адамдар келеді дедіңіз. Оларға көргеніңізді айтасыз ба?
– Айтамын. Бірақ айтып тұрсам да, айтқанымды істемейтіндері бар. Білесіз бе, дуалаушы адамның жүрегінде жеке көреалмаушылық, кек алу, зұлымдық болады. Кейде еріккеннен келетіндер де бар. Маған жазатындар көп. Бірақ, мен көп нәрсені көргеніммен, дуа жасауға бармаймын. Себебі дуалау деген дүниені айтқан сайын менің энергиям төмендейді.