Бүгінде білім жүйесіне қатысты белес те, былық та бар. Шешімін табуы тиіс мәселе де, жүйесін тапқан проблема да жоқ емес. Бір жағынан басшылық, алдында шәкірті, екінші жағынан ата-анамен байланысты біріктіре отырып, балаларды білімге баулу да ұлық істердің бірі деуге негіз бар. Бірқатар мәселелерді білім саласында қызмет етіп жүрген басшымен сұхбат арқылы тарқатуға бел будық.

– Мектеп қабырғасындағы ұстаздардың да, оқушылардың да тарапынан қай шараға болмасын белсенділік байқалады. Бұл тікелей басшыға байланысты ма, әлде ұжым ерекшелігі деп қабылдар ма едіңіз?

Бүгінгі күні қай салаға болмасын талаптың күшейе түскені айқын. Сондықтан білім беру саласында да жобалы өзгерістер жасау тенденциясы үдей түсуде. Оң өзгерістер легінен кеш қалмай, алдыңғы шепте болу үшін мектеп ұстаздары жан-жақты еңбек етуде. Ұстаздың жақсысы өз шәкіртінің жұлдыздай жарқырауына сеп болады. Міне, осындай байланыстың нәтижесінде болар мектеп көрсеткіші қалыс қалып жатқан жоқ. Ал белсенділік тұтастай ұжымның ұйысуында деп білемін. Басшылық құрам мен мектеп ұстаздары әрдайым біріге, сонымен бірге ашықтық қағидасымен көшбасшылық дағдыларын қалыптастыра отырып, жаңа форматта ұйымдастыру – мектебіміздің ерекшелігі.

– Жаңа оқу жылының І-ші тоқсанын түйіндеп, екінші тоқсанға да аяқ бастыңыздар. Биылғы оқу жылы қандай жаңалықтармен бастау алуда?

– Әр оқу жылы бастау алар тұста дәстүрлі тамыз кеңесі өтеді. Биылғы жиында да білім беру ұйымдарының атқарылған жұмыстарына талдау жасалып, жаңа оқу жылына дайындығы пысықталып, атқарылар ілкімді жоспарларға тоқталды. Негізгі ерекшеліктердің бірі:

• «Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие: біртұтас тәрбие тұжырымдамасы» енгізілді. Яғни, құндылықтарға негізделген білім беру арқылы болашаққа жаңа қадам басу жағдаяттары басымдық алды.

• Мектептердің ата-аналар қауымдастығымен өзара байланысын күшейту тапсырылды. Осыған орай Үштік одақ жұмысын жандандыру арқылы барлық білім беру ұйымдарында «Ата-аналар академиясы» құрылып, олқылықтардың алдын алу әрекеттері жүргізілмек.

• Оқу жылы қайтадан қалыптасқан 25 мамыр күні аяқталатын болды.

• «Ұлттық платформа» негізінде педагог қызметкерлерді аттестациялау процесі автоматтандырылатын болады. Яғни, мұғалімнің қызметі туралы ақпараттар Ұлттық білім беру деректер қорындағы жеке кабинетінде жинақталады.

• Республикалық педагогтар съезінде мемлекет басшысы білім саласының дамуының жаңа міндеттерін айқындады. Оның ішінде: үздіксіз заманауи технологияларға сай біліктілігін арттыру, сапалы білім, сол білімді қолдануға арналған шығармашылық дағдылар мен құзыреттіліктерді меңгеру туралы жаңа бағыттар айқындалды.

– Биылғы оқу жылына тән жаңа жобаларыңыз қандай? Қандай жетістіктеріңіз бар?

– Мектебіміздегі оқу-ағарту, тәрбие беру және ғылыми ізденіс бағытындағы жұмыстарды оңтайлы әрі жүйелі жүргізу бағытында 6 кіші мектеп, 20 ғылыми-әлеуметтік жобалар жұмыс жасап келеді. Ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз де аз болған жоқ. Жаңа оқу жылында «Ғылыми бағдар беру» шеберханасы аясында жетінші Халықаралық «Педагогикалық дизайн» мектебі ашылып, толыққанды жұмыс жасап жатыр. «Педагогикалық дизайн» мектебінің ашылуына облыстық білім басқармасы тарапынан қаржылай қолдау жасалып, цифрлық ресурстармен жабдықталған Телестудия және заманауи үлгідегі қамтылған Жаратылыстану зертханалық орталығымен оқушылар игілігіне пайдаланылуда. Мектептегі жаңа жобалар және кіші мектептер мен шеберханаларда, Облыстық оқу орталығымен әлеуметтік серіктес мекеме Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылары, облыс мектептерінің ұстаздарына онлайн және оффлайн форматында тәжірибе алаңдарын ұйымдастырып, шеберлік сыныптары мен форсайт сессияларын, ғылыми жобалар мен олимпиадалар, халықаралық конференциялар өткізеді.

– Жас ұстаздар тарапынан да ұжымдық басқосулар мен тәжірибе алмасуға негізделген шара­лар көптеп ұйымдастырылуда екен. Бұл да жарқын бастамалар. Нәтижеге тоқталсаңыз, жас ұстаздардың шеберліктері қаншалықты шыңдалуда?

– Мемлекет басшысы атап өткендей «Білімнің дамуы – бүгінгі адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының және ұлттың жаңа сапасының басты көрсеткіші». Сондықтан да үнемі жетіліп, жаңарып отыруды талап етеді. Ұстаздарға әлемде, білім саласында болып жатқан өзгерістерден шетте қалмай, тез бейімделіп, заман талабына сай маман болудың артықшылығы айтпаса да белгілі. Ал оң нәтижені көздеген межелі істе тәжірибе алмасудың орны бөлек. Сондықтан мектептің жас ұстаздарының басын қосып, әр апта сайын жаңа жұмыс түрін көрсету, өзара үйрену, бөлісу бастамасы оларды жігерлендіруде. Мектептің жас ұстаздары көшбасшы оқушылармен тікелей байланыса отырып, нәтижелі жұмыстар жасауда. Көшбасшы оқушылардың облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарда топ жаруы, орын алуы жас ұстаздар жұмыстарының жемісті нәтижесі. Мұндай жұмыстың жемісті болары да айқын. Әр шарада салауатты өмір салтын ұстанумен қатар әлемдік трендтер, білім беру мазмұнын жетілдіру, оқыту барысындағы жаңа методикалар, сыни ойлау, логиканы дамыту сынды дағдылар қамтылуда.

– Өзіңіз басқаратын мектепте ұстаз мәртебесін қаншалықты қорғай білесіз? Ата-ана мен ұстаз арасында түсініспеушіліктер болады. Сондай ситуацияларда басшы ретінде ең алдымен қандай қасиет қажет деп ойлайсыз және сіздің практикаңызда бұл көп кездесті ме?

– «Ұстаз мәртебесі» туралы заң жобасы қабылданып, бүгінгі таңда оң өзгерістер көрініс табуда. Дегенмен, кей кездерде педагог мәртебесінің төмендеп жататыны жасырын емес. Ұстазына дауыс көтеріп, тіпті жағасынан алатын оқушы, ата-аналарды да көріп, естіп қаламыз. Бұл дегеніміз оқушы ұстазының қадір-қасиетін, ата-ана ұлылығын білмейтіні ғой. Практикамда қуанышқа орай мұндай сәттер кездеспеді. Мұндай жағдай орын ала қалған жағдайда салқынқандылық танытып, сараптай отырып дұрыс шешім қабылдау маңызды. Дегенмен, ұстазға заң, құзырлы орган немесе құжатпен берілетін мәртебеден бөлек біліммен, біліктілікпен, оқушы алдындағы ұстаздық тәліммен келетін мәртебесі де болу қажет.

– Бүгінде балалардың зеректігі мен алғырлығы, заманға сай терминдер мен жаңалықтарды игеруде қалыс қалмайды . Жаңа технологияларды да арнайы сабақсыз-ақ шемішкедей шағады. Алайда, білім алуға келгенде белсенділік қалай деп ойлайсыз?

– Болашақта еңбек етіп, қоғамға пайда әкелетін ол бүгінгі оқушылар. Бүгін қалай білім алып, өзін дамытса біздің келешегіміз сол деңгейде болады. Бұл тұста ұстаздарға артылар жүк ауыр. Менің түсінігімде ұстаз шәкіртіне өз шеңберінде білім мен ғылым тұрғысынан ақпарат беріп қана қоймай, мүмкіндігінше дүниежүзілік жаңалықтармен байланыстыра отырып, әлем кеңістігіне шығуға, жаңа технологиялар заманында қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге бейімдеп, жан-жақты біліммен қаруланған жеке тұлғаны қалыптастыру керек. Міне, осындай мұғалім оқушы белсенділігін көтере отырып, сапалы біліммен қаруландырады. Оқушы қызығушылығы өзіңіз айтқандай сан тарапқа ауып отыр, түрлі технологияларды жетік игереді.

Алайда, осы инновациялық технологиялар – білім сапасын арттырудың кепілі. Егер мұғалім оны өз дәрежесінде пайдаланса – оқушыны зейінін аудартуда, нәтижелі білім игертуде ықпалы өте зор.

Ақпарат тасқынында керегін іздеп табуға үйрету арқылы біз балаларға жеке білім алу траекторияларын қалыптастырып, өмір бойы білім алу дағдысын үйретеміз. Сонда ғана оқушы болашақта табысты маман бола алады.

– Бүгінде мектепке тиесілі қандай мәселе бар?

– Қай уақытта болмасын білім беру саласындағы қандай да бір мәселе өзектілігін жоймайды. Әлеуметтік желі менБАҚ-та өңірдегі білім саласына қатысты жаңалықтар да жиі көрсетіледі. Елімізде білім саласына бөлініп жатқан қаржы үлесі аз емес, сәйкесінше ата-ана мен оқушы үшін түйткілді мәселені жою мақсатында жаңа білім ордалары ашылып, үш ауысымды мектептерді болдырмау үшін бала саны көп мектептер жанынан жаңа ғимараттар салынды. Салмақты мәселенің бірі бұл жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау және осы олқылықтарды жою, алдын алу мақсатындағы жұмыстарға екпін беріліп отыр. Сондықтан тек оқушылардың жан – жақты дамуы мен тәрбиесімен ғана айналыспай, сонымен бірге отбасындағы жас ата-аналарға да тәрбиелік бағытта үгіт-насихат және ақпараттатық жұмыстар жүргізіледі. Бұл ұстаздың педагогикалық қызметіне қосымша жауапкершілікті жүктейді.Осыған дейін қайталанып жүрген қағазбастылық, оқулықтың жетіспеуі, қосымша жұмыстар сынды мәселелер шешімін тапқан.

– Мектеп директоры ғана емес, депутат ретінде де сауал қойғанды жөн көріп отырмын. Қаладағы кей мектептерде ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде тамақтың дәмділігі, оның ұсыну әдебі, ыдыстағы тазалыққа мән беру керек секілді. Тегін тамақты үлестіргенмен, оның ақысы төленетіні де белгілі. Тексеріс жұмыстарын арнайы дайындықпен не жоспармен емес, неліктен тосыннан барып бақыламасқа?

– Балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ету мақсатында, облыс әкімінің тікелей қолдауымен 1-4-сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріліп отыр. Бұл жаңалық ата-аналарды да, балаларды да қуантатыны анық. Себебі бұған дейін тегін ыстық тамақ оқушыларға тек әлеуметтік жағдайына қарай беріліп келген. Бұл үшін бюджеттен ауқымды қаржы бөлінгендіктен, әрине сұрауы болады. Ал тамақ сапасын бақылау мәселесі ұдайы назарда. Ең әуелі мектеп аяжаны мен жауапты мамандар берілетін тамақтардың мәзірге сай болуы мен мөлшерлі берілуін қадағаласа, арнайы құрылған мониторингтік топ мүшелері кез келген уақытта мектеп асханасы қызметкерлерінің жеке гигиеналық ережелерді ұстануы, ас даярлау орындарын, шикізат қоймаларындағы астың сақталуын бақылайды. Ал «AMANAT» партиясының «Партиялық бақылау» комиссиясы мен қамқоршылық кеңес мүшелері мектеп асханаларына барып, зерделеу мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Негізгі мақсат бірінші кезекте оқушыларға берілетін тамақтың сапалы болуы.

– Депутат ретінде бүгінде біздің облысқа, қалаға тиесілі білім жүйесінде қандай мәселелер сізді алаңдатады?

– Әрине, кез келген салада мәселелердің болары хақ. Ең бастысы сол сәтте туындаған кез келген проблеманы уақытылы реттеп, алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіліп отыру керек. Білім саласында қызмет жасап жүргендігімнен, бірнеше мәселелер бар екендігін айта аламын.

− Республикалық Педагогтар съезінде Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде педагогтардың кәсіби біліктілігін ұдайы арттыру айтылды. Осыған байланысты біліктілік арттыру курстарына ауыл мектептерінің мұғалімдерін қалаға немесе облыс орталықтарына әуре етпей ауыл мектептеріне барып, олардың мүмкіндігіне сәйкес белгіленген стандартқа сай білім меңгертудің жаңаша тәсілдерін игеретін біліктілік арттыру курстарын ұйымдастыру;

− Осы ретте мұғалім өзі сабақ беретін пәнінен ғана емес, психология, педагогика, әдістеме мазмұнына байланысты курстарды да ұйымдастыру;

− Біз жас ұрпақтың қауіпсіз, әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Ал өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Ол үшін білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институтционалды түрде күшейту қажет. Соңғы уақыттарда балалар өміріне кесірін тигізген келеңсіз жайттар толғақты түйіндердің біріне айналып отыр. Сондықтан осындай жәйт орын алған жағдайда дереу әрекет ететін бағдарлама болуы қажет. Онда қолданушы анонимді ақпарат беру, оған қолдау көрсететін арнайы мамандар болуы қарастырылу керек деп ойлаймын;

− Ұлттық статистиканың көрсеткіштеріне сәйкес, техникалық және жұмысшы мамандықтары бойынша кадр тапшылығы бар екендігі анықталды. Сондықтан осы салаларға қатысты білім беру мекемелері арнайы орта оқу орындарымен салааралық байланысты күшейтіп, әріптестік орната отырып, жаңаша форматта кәсіби бағдар жұмыстарын жетілдіру қажет.

– Білім жүйесіне қандай жаңашылдық керек деп ойлайсыз?

– Қай салада болмасын шешуді қажет ететін шиеленіскен мәселелер кездесіп отырады. Осындай мәселелерді жаңаша қадамдар мен ойласқан шешімдер жоймақ. Жаңашылдық демегенмен жасыруға болмайтын дүниенің бірі көп ауысымды мектептерді болдырмау. Тіпті болашақта барлық мектеп бір ауысымды болса деймін. Себебі мектеп сыныптарының екінші ауысымда бос болмауы, оқушылардың бос уақытында тегін үйірмелерде шығармашылық шыңдалуына, өнерге баули отырып, жетілінуіне толық мүмкіндік бермейді.

Өкінішке орай біздің ел дүниежүзілік денсаулықты сақтау ұйымының мәліметінше суицид жасаудан алғашқы қатарда болса, некеден ажырасу бойынша да әлемнің алдыңғы ондығында орналасқан. Бұл әрине өкінішті. Осы орайда орта, арнаулы орта, жоғары оқу орындарында негізгі пәндерден бөлек өмірге бейімдейтін қосымша курстар, сабақтар болуы қажет секілді. Себебі жоғарыда аталған жағдайлар әлеуметтік қолайсыздық, теңсіздік, жұмыссыздық, қорқыныш, қоғамнан жат болу және бетпе-бет кездескен мәселелерді шеше алмаудан орын алуда. Егер біз балаларды өмірге бүгін бейімдесек, болашақта олар да ата-ана атанған шақта көп мәселе азаяды.

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дегендей, әрбіріміз іштей жаңарып, жаңашылдыққа ұмтылуымыз қажет.

 – Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Айдана Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған