Баспана қажет, жол, су, жарық керек дейтін жұрттың мәдениетке де мұқтаждығын қаншалықты сезініп жүрміз? Соңғы екі жылдағы Сыр бойында атқарылған игілікті істер қатарында мәдениеттің үлесі қандай?

Құрылыс, жол салып, жарық, газ, су жеткізіп жүріп, мәдениетке қаншалықты мән берілуде деген сауалдарменен Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Жомартқызы Қазбековамен әңгімелесіп, сұхбат құрдық.

– Мәдениеттің бастауы ауыл клубтарынан басталады десек, соңғы уақытта көп ауылдардың клубтары, мәдениет үйлері жаңарып қалды.

– Жалпы облыста 171-і мәдениет үйі мен клуб бар. Тәуелсіздік алған жылдардан бері 35- ке жуық құрылысы салынып , халық игілігіне берілді. Әр жылға бөліп есептегенде 30 жылдан астам уақытқа бұл көп емес. Дегенмен былтыр бір жылда 4 мәдени нысан пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жаңақорған ауданы Әбдіғаппар ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.

Аймақта жаңадан 21 мәдениет нысандарын салуға бюджеттен қаражат қаралып, 9 нысан пайдалануға берілді. Қалған 12 нысанның құрылысы биыл аяқталады деп жоспарлануда.

 – Жақсы. Бір жылға есептегенде көңіл қуантатын көрсеткіш. Қалыптасқан дәстүр бойынша мәдениет саласы қаржыландырудың соңынан, қалдық сомамен күн көреді деген түсінік бүгінде өзгерді. Бір «Өнер орталы­ғының» өзі осы сөзіміздің айғағы болса керек.

– Соңғы екі жылда аймақтың мәдениеті мен руханият саласында байырқалы бастамалар мен атқарылған жұмыстар жетерлік. Мәселен, өткен жылы мәдениет саласын дамыту бойынша 22 жаңа бастама жүзеге асырылды. Аймақ басшысының бастамасымен 1000 орындық «Өнер» орталығы және «Отбасы» орталықтары пайдалануға берілді.

Биыл Қызылорда облыстық филармониясы жанынан «Жыраулар үйі» құрылды. Жыраулар үйінде «Сыр сүлейлері» музейлік экспозициясы жасақталды.

 Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы – Наурыздан бастап Сыр өңірінде биылғы жылы «Руханият жылы» деп жарияланды. Халықаралық «Түрксой ұйымының шешімімен Сыр өңіріне Түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді.

– Мәдениетті адам – қоғамның қозғаушы күші. Мәдениеті мықты адам бөтеннің мүлкін алмайды, басқаға зәбір көрсетпейді, содан да қоғамда жемқорлық, қылмыс азаяды деп үміттіміз.

 – Негізі мәдениет дегенді өнер, немесе сахна деп түсінбеуіміз қажет. Мәдениетті адам күнделікті өмірдегі дағды мен қағиданы берік ұстанған жан. Адамның сөйлеуі, киінуі, айналасымен қарым-қатынасы, жалпы жүріс-тұрысы, таным-түйсігі, сол сияқты басқа да мәдени байланыс түрлері бір күнде, немесе бір уақытта пайда болмайтынын естен шығармаған абзал. Мәдениетті адамның бойындағы жағымды қасиеттер бала күннен іргетасы қаланып, өмірдің әр кезеңінде жетіліп отыруы шарт. Себебі, бүгінгі қоғамдағы көп айтылып жүрген қылмыс пен отбасындағы зорлық-зомбылық – адамның бала күндегі тәрбиесінде кеткен қателіктердің нәтижесі. Сондықтан, қоғамдық мәдениетпен қатар, отбасылық мәдениет арқылы ертеңгі күннің мәдениетті адамын қалыптастыру біздің парызымыз.

– Былтырғы тағайындалған «Тұран» сыйлығы шығармашылық адамдары үшін үлкен қолдау болды. Тіпті екі қызылордалық Мемлекеттік сыйлық алды. Бұрын-соңды болмаған деп айтатын әдетіміз болмаса да солай деп жаһанға жар салдық.

– Шынымен де , былтыр мәдениет пен руханият саласы үшін жемісті жыл болды. Он жыл бұрынғы үрдіс жаңғырып, мәдениет саласын дамытуға үлес қосқан өнер және әдебиет өкілдеріне «Тұран» арнайы сыйлығы табысталды. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын табады. Мәдениет пен руханиятқа еңбегі сіңген майталмандар мен өнер ұжымдары марапатталатын болады.

ҚР Президентінің әдебиет пен өнер қайраткерлеріне арналған Мемлекеттік стипендиясына Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Бақытбек Алпысбаев және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Қатира Жәленова ие болды. Бұл өнер адамдарына лайықты құрмет деп білемін.

– Қызылорда мәдениеті мен өнері қала аралап сыртқа шығуда. Қайтарымы қандай?

– Өткен жылы желтоқсан айында елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері жоғары деңгейде өткізілді. Халық Сыр өнерпаздарының шығармашылығына ерекше ықыласын білдіріп, оң бағасын берді. Аймақ басшысының қолдауымен облыстың мәдениет ұйымдарындағы 13 маман Италия, Белоруссия елдерінде, биыл 25 мәдениет саласы мамандары тағы да басқа шет елдерде біліктілігін арттырды. Сонымен қатар облыс әкімінің демеуімен араға 17 жыл салып, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының Алматы қаласында гастрольдік сапары ұйымдастырылды. Биыл да «Нартай» ұжымы Алматы тұрғындарына жаңа репертураларын ұсынды.

– «Адал адам» қалыптастырамыз деп іс бастап едік…

– 2024 жылдың ақпан айынан бастап Мемлекет басшысының «Адал азамат» Тұжырымдамасы аясында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес республикада алғашқы болып облыстағы 171 мәдениет үйлері мен клубтарда 7 бағыт бойынша «Адал адам – мәдени-тәрбие беру орталығы» жобасы іске асырылуда. Жоба нәтижесінде өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда мәдени шаралар саны 65 пайызға, көрермен саны 43 пайызға артты. Облыста мектеп жасындағы 181 804 балалар мен жасөспірім болса, олардың 37 261-і, яғни 20,1% шығармашылық үйірмелерге қамтылған. «Адал адам» жобасы аясында 47 клубта қосымша 67 шығармашылық үйірме ашылып, оған 1 мыңнан аса балалар мен жастар қамтылды. Жыл соңына дейін 100-ге жуық үйірме ашылып, қосымша 2 мыңнан аса жасөспірімді қамту жоспарланды. 2024 жылдың соңына дейін мәдени-көпшілік шараларға, үйірмелерге және шығармашылық тапсырыспен балалар мен жасөспірімдердің 70 пайызы қамтылатын болады.

– «Анаға тағзым» тәрбиенің ордасы болып тұр. Шынын айтқанда қысқа ғана уақытта оған қол жеткіземіз деп ойламадық.

– Кешегі заманның ардақты аналарының ғұмыр тарихына назар аударсақ күллі елді берекенің бесігінде тербегеніне таңданыспен қараймыз. Ал, бүгінгі жас буын аналар өз бесігін тербетіп, өз баласына тәрбие беруде үлгермей жатады. Оның зардабын келешек буын тартатынын ескерсек, ана тәрбиесін бүгіннен қолға алу маңызы зор. Сондықтан, кешегі аналардың тұлғалық үлгісін бүгінгі буынға сіңіру, ана ұғымының маңызын арттыру жобаларын жүйелі жүргізетін “Анаға тағзым” орталығы Сыр елі халқына үлкен серпіліс әкелгені сөзсіз. Себебі “Анаға тағызым” сөзінің өзі орталық жұмысының маңыздылығын арттыра түседі. Сол үдеден мүлтіксіз шыға білу үшін тың жобаларды жүзеге асыра береміз. Атап айтқым келетіні, Сыр бойы мәдениетіне салынған инвестицияның бір көрінісі – “Анаға тағзым”. Жалпы мәдениет саласына демеушілердің қолдауы – сала қызметкерлерінің, өңірдің мәдениет, өнер, жалпы шығармашылық ұжымдарының халық көңілінен шығып отырғанының айқын көрінісі.

– Аудандарда ашылатын “Рухани орталықтарда” күтілетін нәтиже қандай?

– 7 ауданда типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының құрылыс жұмыстары басталды. Алдағы уақытта музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар бас қосатын орталық болмақ.Бұл бастама аудандардағы мәдениет пен руханиятқа үлкен серпіліс болып, жаңа бастамалардың басында дәл осы орталық тұрады деп сенеміз. Өйткені рух көтерілмейінше, жастарды әдебиет, өнер арқылы мәдениетті етіп тәрбиелемейінше басқалай жетістіктеріміз адамды, қоғамды өздігінен дамыта алмайды.

– Әгімеңізге рахмет.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған