2024 жылғы 1 қаңтардан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ұлттық қор- балаларға» бағдарламасы іске қосылды, ал 1 ақпаннан бастап барлық балаларға – Қазақстанның азаматтарына «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ) арқылы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан (бұдан әрі – Ұлттық қор) алғашқы қаражат есептелді. 

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы өскелең ұрпаққа мемлекет тарапынан болашақта аталған жинақтардың есебінен білім алуға және (немесе) өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндіктер беретін, қолдау көрсету болып табылады.

Fingramota.kz осы бағдарлама жөнінде ең өзекті сұрақтар мен жауаптарды іріктеп, сіздердің назарларыңызға ұсынады. 

Бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады? 

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушылары 2006 жылғы 01 қаңтардан 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығын қоса алғанда туған балалар – Қазақстанның азаматтары болып табылады. Одан кейінгі жылдары  туған балалар автоматты түрде бағдарламаның қатысушылары болады.

Жыл сайын БЖЗҚ «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорының (ЖТ МДҚ) негізінде кәмелетке толмаған азаматтардың тізімін қалыптастырады. Егер де сіздің балаңыз осы дерекқорға енгізілген болса, онда ол автоматты түрде  «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушысы болады және оған кепілді түрде жыл сайын нысаналы талаптар есептелетін болады.

Егер балаңыз қандай да бір себептерге байланысты нысаналы талаптардың қатысушылары тізіміне енгізілмеген және олардың жалпы санын есептеу кезінде ескерілмеген, алайда осындай қатысушы болуға құқылы  болса, онда нысаналы талаптар өтініш жасаған жылдан кейінгі өткізіп алынған кезең (кезеңдер) үшін есептелді. 

Бағдарламаның негізгі талаптары қандай?

18 жасқа толған балалардың нысаналы жинақтары Ұлттық қордан АҚШ долларында БЖЗҚ-ға аударылады және БЖЗҚ-да АҚШ долларында сақталады. Кәмелеттік жасқа толған бағдарламаға қатысушы өз ақшасын пайдалану туралы шешім қабылдағанда, ол уәкілетті операторға өтініш береді, және БЖЗҚ оның жинақтарын уәкілетті операторда ашылған банктік шотқа АҚШ долларында аударады. Бұдан кейін уәкілетті оператор жинақтарды тұрғын үйге және (немесе) білім алуға аударған кезде, ақша АҚШ долларынан аудару сәтіндегі өзекті теңгенің бағамы бойынша теңгеге  айырбасталады. БЖЗҚ-мен келісім жасаған және «Ұлттық қор- балаларға» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін уәкілетті операторлардың тізімі enpf.kz сайтында жарияланған.

Мұндай жинақтарға салық салына ма немесе шектеулер бар ма?

Ұлттық қордан төленетін нысаналы жинақтарға жеке табыс салығы салынбайды. Сонымен қатар, БЖЗҚ өз қызметтері үшін комиссия алмайды.

Ұлттық қордың нысаналы жинақтарын төлеген кезде:

банктік шоттардағы ақшаға тыйым салуға немесе өндіріп алуға;
банктік шоттардағы ақша қаражаттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға;
жинақты алушының келісімінсіз ақшаны алуға;
банктегі ақшаға билік етуді уақытша шектеуге;
жеке табыс салығын салуға тыйым салынады.

Қандай жағдайларда ақша қаражатын есептеу тоқтатылуы мүмкін?

Нысаналы талаптарды есептеу кәмелетке толмаған баланың ҚР азаматтығы ауысқан кезде немесе ол 18 жасқа толғаннан кейін тоқтатылуы мүмкін. Бұл ретте Қазақстан азаматтығы тоқтатылған қатысушының нысаналы талаптары белгіленген тәртіппен нысаналы талаптардың басқа қатысушылары арасында бөлінуге тиіс. Нысаналы жинақтарды алушының Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату туралы ЖТ МДҚ-дан мәліметтерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде алушының нысаналы жинақтары алушының нысаналы жинақ шотынан (бұдан әрі – НЖШ) есептен шығарылады және БЖЗҚ-ның келесі есепті жылғы нысаналы жинақтарды алушылар алдындағы міндеттемелері ретінде есепке алынады. Бұл ретте нысаналы жинақтарды алушының нысаналы жинақ шоты жабылады.

Сонымен қатар нысаналы талаптардың қатысушысы қайтыс болған не қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда есептеулер тоқтатылуы мүмкін. 

Нысаналы талаптарға қатысушының/нысаналы жинақтарды алушының қайтыс болуына байланысты нысаналы талаптарды/нысаналы жинақтарды алу мақсатында олардың мұрагерлері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен БЖЗҚ-ға жүгіне алады. Мұрагерлік құқығы жөніндегі мәселелер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 6-бөлімімен реттеледі (Ерекше бөлім). Баланың жинақтарын алушы мұрагерлер ақшаны кез келген мақсатта пайдалана алады.

Егер НЖШ-дағы соманы пайдаланбаса не болады? 

Бағдарламаға қатысушы 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл өткен соң қатысушының пайдаланылмаған нысаналы жинақ сомасы БЖЗҚ-да қалады және НЖШ-дан ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін ашылған оның жеке зейнетақы шотына аударылады. Ерікті зейнетақы жинақтарын пайдалану талаптары мен тәртібі ҚР зейнетақы заңнамасында көзделген.

Баланың бағдарламаға қатысу фактісін қалай тексеруге болады?

Баланың бағдарламаға қатысу фактісі және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы немесе басқа заңды өкілдері баланың ЖСН-і бойынша арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан тексере алады, онда бағдарламаның шарттарымен танысуға, нұсқамалар, қойған сұрақтарына жауаптар алуына болады. Сонымен бірге әрбір балаға есептелген қаражат туралы деректерді ата-аналар egov.kz порталындағы жеке кабинетте тексере алады.

Нысаналы жинақтарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте, БЖЗҚ мобильдік қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексере алады.

ҚР кәмелетке толмаған қанша тұрғыны осы бағдарламаға қатысты? 

1 ақпанда барлық балаға – Қазақстан азаматтарына БЖЗҚ-ға Ұлттық қордан алғашқы қаражат есептелгені белгілі. Бағдарламаға 6 919 131 бала қатысты. Олардың барлығына бірдей 100 АҚШ доллары және 52 центі есептелді.

Бұл алғашқы есептеулер екенін түсіну маңызды, сома жыл сайын Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық табыс алу есебінен ұлғайып отырады.

Сонымен қатар есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында инвестицияға салына береді және бағдарламаға қатысушы балаларға олар
18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық табыс әкеле береді.

Бұдан басқа 2024 жылы 18 жасқа толатын 304 815 балаға аталған сома олардың БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Олар өздерінің нысаналы жинақтарын кәмелеттік жасқа толған бойда баспана алуға немесе білім алуға пайдалануға құқылы болады.

Балалардың жасы, республиканың өңірлері бойынша есептеулер жөніндегі статистикалық есептер enpf.kz сайтында «Көрсеткіштер» бөлімінде орналастырылады.

2023 жылы бағдарламаға қатысушыларға нысаналы талаптар мен жинақтар сомасының есебі қандай болды?

Ұлттық қордың инвестициялық кірісі жылдық көрсеткіш бойынша
1,39 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – қордың 18 жылдағы орташа жылдық кірісі. Бұл ретте Ұлттық қордың 18 жылдағы орташа жылдық кірістілігі 2,6%-ды (АҚШ долларымен) құрады. Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы – 2024 жылы есептелетін нысаналы талаптар сомасы – 695,5 миллион АҚШ доллары.

Бұл қаражаттың есебін кім жүргізеді?

БЖЗҚ нысаналы жинақтау шоттарындағы нысаналы талаптарды (міндеттемелерді), нысаналы активтерді, нысаналы жинақтарды есепке алады, нысаналы жинақтарды төлеуді жүзеге асырады. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында және білім алу ақысын төлеу мақсатында нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану жөніндегі егжей-тегжейлі талаптар БЖЗҚ-дан нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану қағидаларында регламенттелген.

Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

Фото: Fingramota.kz

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған