Ресми ақпарат бойынша Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысына мониторинг жүргізу орталығының отырысын өткізіп, онда көгалдандыру, оның ішінде орман алқаптарын құру, өңірлерде экологиялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралған.
Жиында баяндама жасаған Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев еліміздегі орман алқаптары және Арал теңізінің құрғаған түбіне ағаш отырғызу жұмыстарының барысын баяндап, жергілікті атқарушы органдарға ерекше жүктеліп, экологиялық іс-шаралар өткізу, аумақтарды абаттандыру, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою және «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруға халықты экологиялық акцияларға тарту жұмыстарын ұйымдастырып, үйлестіру жүктеліп отырғанын атап айтқан.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша 2021-2025 жылдар аралығында республикада шамамен 1,6 млрд. ағаш отырғызылыпты, ал биыл 210 млн-нан астам көшет егу жоспарлануда. Жалпы ауданы 2,7 мың гектар болатын 243 орман тәлімбағында шамамен 157 млн. көшет өсірілуде екен. Осы жылы тағы 6 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, олардың әрқайсысының өндірістік қуаты жылына 6 млн. көшетті құрайды.
Үкімет басшысы О.Бектенов:
Президентіміздің “Таза Қазақстан” бастамасының негізгі қағидаттары, оның ішінде халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты негізгі құндылықтар еліміздің жаңа Конституциясында нақты бекітілген. Табиғатты қорғау – құр сөз емес, ол баршамыздың ортақ конституциялық борышымыз. Еріктілер ұйымдары мен жастардың әлеуетін пайдалануымыз керек. Олардың белсенді қатысуы табиғатқа қамқорлықпен қараудағы сабақтастықты қамтамасыз етеді. Біз Конституцияда бекітілген жаңа экологиялық мәдениеттің негізін қалаймыз. Арал теңізі аймағында ағаш отырғызу және экологиялық ахуалды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар Мемлекет басшысының экологияны қалпына келтіру және сақтау, қауіпсіз қоршаған ортаны дамыту қағидаттарына деген берік ұстанымын көрсетеді. Қазір онда сексеуіл алқаптары егілуде. Олар тұзды дауылдарға тосқауыл болып, өңірдің экожүйесін қалпына келтіруге ықпалын тигізеді.
Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру шеңберінде 2021-2025 жылдары мелиорациялық орман жұмыстары 1 млн. гектардан астам алқапта жүргізілген, ал қазіргі уақытта 165 мың гектар алқапта жалғасуда. Ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз ету мақсатында өңірде Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институтының филиалы құрылған. Арал теңізінің құрғаған түбінде тәлімбақ құрылысы жүруде. Сонымен қатар «Арал Орманы» мемлекеттік табиғи резерватын құру аяқталуда.
Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің назарын мәлімделген жоспарларды орындаудан бөлек егілген ағаштардың көп көлемде жерсініп кетуін қамтамасыз ету қажеттігіне де аударды. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, көшеттердің жерсініп кетуін міндетті түрде қадағалай отырып, биылға жоспарланған отырғызу көлемін жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жариялаған цифрландыру жылын ескере отырып, жерді қашықтықтан зондтау, дрондар мен ЖИ элементтері сынды цифрлық шешімдерді белсенді енгізу тапсырылды. Биылғы сәуір айының соңына дейін Қызылорда және Түркістан облыстарындағы Арал теңізінің құрғатылған түбінің 165 мың алаңында мелиорациялық орман жұмыстарын аяқтау міндеті қойылды.