ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаменті мен Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен «Көктем-2026» әскерге шақыру науқаны аясында жас сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу шарасы өтті.
Іс-шара барысында патриоттық рухты көтеретін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, болашақ сарбаздардың ата-аналарымен тағылымды кездесу өтті. Жиынға қатысқан ардагерлер мен әскери қызметшілер жастарға ақ жол тілеп, Отан алдындағы борышты абыроймен атқарудың маңыздылығын атап өтті.
Қызылорда өңірінен аттанған 23 жас сарбаз Маңғыстау облысында орналасқан Шекара қызметінің әскери бөлімдерінде қызмет ететін болады. Олар алдағы уақытта мемлекеттік шекараны күзетіп, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етпек.
Жас сарбаздарды шығарып салу сәті ерекше әсерге толы болды. Ата-аналар ұлдарына ақ батасын беріп, аман-есен оралуына тілектестік білдірді. Ал жас жігіттер өз кезегінде Отанға адал қызмет етуге дайын екендіктерін көрсетті.
Осындай игі шаралар жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, елге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.