Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық стадионның құры­лыс жұмыстарының барысын тексеріп, жауап­ты басшыларға тапсырмалар жүктеді.

Қызылордадағы халықаралық стан­дарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық Орталық стадион жақын күндері ашылады. Спорт нысаны УЕФА талаптарына сай, материалдық-техникалық базасы соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған.

Жаңа ғимараттың жалпы аумағы 20 мың шаршы метр. Жасыл алаңнан бөлек бокс, күрестің үш түрінің, атап айтқанда, дзюдо, грек-рим, еркін күрес, фитнес, спорттық гимнастика, таеквондо және ауыр атлетика залдары қамтылған. Спорт залдары келушілерге жыл он екі ай сапалы қызмет етеді.

Жалпы ғимарат үш қабатты. Бірінші қабатында спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, екінші қабатында әкімшілік бөлмелер, үшінші қабатында спортшылар үшін және ауқымды жиындар өткізуге арналған бөлмелер қарастырылған.

Барлық талапқа сай келетіндіктен, халықаралық дәрежедегі ауқымды ойын­дарды өткізуге толық мүмкіндік бар.

Облыс орталығында құны 20 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысанда олимпиадалық стандарттарға сай 50 метрлік бассейн, Әлем және Азия чемпионаттарын өткізуге арналған 2500 орындық зал, олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу зал­дары қамтылады. Құрылысы 2026 жыл­дың екінші жартыжылдығында аяқталады.

Өңірде спортты дамытуда ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соңғы үш жылда 20 спорт кешені ашылды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерде тағы 6 спорт кешені салынып, пайдалануға беріледі. «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 2 млрд. 900 млн. теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Биыл қордың қолдауымен Шиелі, Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері салынып, салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар игілігіне айналды.

Одан кейін облыс әкімі сол жағалаудағы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған

320 және 280 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылыс алаңына барды. Мердігер мекемелер “Ер Ару” және “Мелиоратор” серіктестіктері.

Өңір басшысы жақын күндері пайдалануға берілетін үй иелерімен кездесіп, құрылыс талаптарының сақталуы бақылауда екенін айтты.

Соңғы үш жылда қаржыландырудың барлық көзінен 2 млн. 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын 3 800-ге жуық пәтерді сатып алуға қаржы бөлінді. Заманауи жаңа дизайнмен салынған 7, 9, 12 қабатты тұрғын үйлер қаламыздың сәнін келтірді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған