ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ М.ЖАЙЫМБЕТОВ АРАЛ АУДАНЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ.
Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Арал ауданында болып, ондағы бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты. Алдымен Жіңішкеқұм ауылдық округіне қарасты Тоқабай елді мекеніндегі жаңа мектеп құрылысы барысымен танысты. Ауылдағы №248 орта мектеп апатты деп танылған болатын. Ескі ғимарат сүріліп, орнына жеке кәсіпкердің демеушілігімен қайта салынуда. Жаңа нысан 100 орынға лайықталған. Бүгінде оқу ордасының іргетасы қалануда.
Одан соң Жақсықылыш кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешені құрылысында болды. Аталған құрылыс нысаны 2020 жылы бастау алған болатын. Алайда мердігер мекеме тарапынан міндеттемелер мен талаптар орындалмауы салдарынан келісім-шарт бұзылып, қазіргі кезде тоқтап қалған құрылысты жалғастыру үшін мердігер анықтау мақсатында қайта конкурс жарияланды.
Екі күндік жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Сексеуілде бастау алған газ құбырын тарту жұмыстарымен танысты. Кентті көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары келесі жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда. Газдандыру жұмыстары барысында кенттегі 2 300 тұрғын үй, 24 әлеуметтік және 53 кәсіпкерлік нысандарға тартылып, жалпы саны 11 620 тұрғын көгілдір отынның игілігін көретін болады.
Аудан тұрғындарын жылумен қамту да облыс әкімінің орынбасарының назарынан тыс қалмады. «Нұрайжан» ЖШС-нің отын сақтау қоймасының жұмысымен танысты. Қоймада кент тұрғындары үшін тас және ағаш көмір еркін босатылуда. Қыс мезгілінде халықты қатты отынмен толықтай қамту үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Мұнан соң аудан орталығында орналасқан «Тоғыс Аралотын» ЖШС-нің жұмыс барысын көрді. Отын сақтау қоймасы бүгінгі күні халықты қатты отынмен қамту жұмыстарына дайындық жүргізуде. Кәсіп иесі аралдықтарға көмір жеткізумен ұзақ жылдар бойы айналысып келеді. Қажетті қор халықтың сұранысына сай күнара теміржол арқылы жеткізілуде.
Облыс әкімі орынбасарының іссапары аудан әкімдігінің ғимаратындағы мәжіліс залында қорытындыланды. Құқық қорғау органдары басшыларымен бірге құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындар негізінен тұрғын үй және жұмыспен қамту мәселелері туралы қозғаса, кейбірі әлеуметтік сала және инфрақұрылым, жол, жарықтандыру бойынша жүгінді. Қоғамдық қабылдауға16 адам келді. Тұрғындарды толғандырған сұрақтарға Мархабат Жайымбетов жеке-жеке тоқталды.
Келушілер тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша ұсыныстар болды. Сондай-ақ аудан орталығына бейнебақылау және жылдамдық өлшеу құралдары қажеттілігі бойынша ұсыныс жасалды. Облыс әкімінің орынбасары бюджет қаражаты есебінен, кезең-кезеңімен бақылау камераларын орнату бойынша тиісті шаралар атқарылатындығын жеткізді. Бұдан да өзге өтініштерге сай Мархабат Жайымбетұлы жауапты сала басшыларына заң шеңберінде барлық мүмкіндіктерді қарастыра отырып, мәселелерді шешу бағытында жұмыс жасауды тапсырды.
ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚА[1]ЗАЛЫДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ.
Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге қоғамдық қабылдау өткізді. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құқықтық кеңес беру.
Басқосуда аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, көмек көрсетуді сұрады. Көпқабатты тұрғын үйдің төбесін жабу, баспанамен қамтамасыз ету жөнінде де ұсыныстар айтылды. Облыс әкімінің орынбарасы Мархабат Жайымбетов және аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, құқық қорғау органдарының басшылары тарапынан тиісті қолданыстағы заңдылықтармен түсіндірме берілді.
Мархабат Жайымбетұлы көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, құқықтық кеңес берді. Сонымен қатар жауапты сала басшыларына қоғамдық қабылдауда айтылған өтініштерге сәйкес белгіленген заң аясында тиісті жұмыстар атқаруды тапсырды.
Мұнан соң аудандағы құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Алдымен Қазалы қаласындағы 140 орындық балабақша мен Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп құрылысымен танысты. Сондай-ақ, «Қарлаң» темір-бетон көпіріне арнайы барып, құрылыс жұмыстарын көрді.
Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов салынып жатқан құрылыс нысандары белгіленген мерзімде аяқталып, халықтың игілігіне берілу керектігін тапсырды. Әсіресе, Сырдария өзенінің арғы бетіндегі тұрғындар үшін көпірдің маңыздылығы жоғары екенін тілге тиек етіп, құрылысшыларға ең бірінші кезекте құрылыстың сапасына аса қатты мән беру қажеттігін айтты. Облыс әкімінің орынбасары Қазалы ауданына сапары кезінде қатты отын тасымалдаушы кәсіпкерлермен кездесіп, көмірдің бағасын халыққа тиімді бағада ұсыну жолдарын талқылады. Кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдап, қатты отынның бағасын арзандату бағытында әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді.
Мұнан соң жылу беру маусымына дайындығымен танысу үшін «ҚазалыТеміржолЖылу» мекемесіне арнайы барды. Әйтеке би кентінде «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы арқылы 100 мекеме, 74 көп қабатты және 204 жеке тұрғын үйді жылумен қамтылған. Негізгі жылыту түрі газ отыны. Резервтік қорда 288 тонна мазут бар.
Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағамбетов жылу маусымында дайындық жүргізу үшін 36 млн теңге қаржы бөлініп, «ҚазалыТеміржолЖылу» мекемесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Басқарма басшысының айтуынша, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жыл соңына дейін жүргізіле береді. Алайда, қысқы жылу беру маусымына ешқандай кедергі келмейді. Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов басқарма басшысына Әйтеке би кентіндегі жаңадан салынған 6 көпқабатты тұрғын үйлерді «ҚазалыТеміржолЖылу» мекемесі арқылы жылыту жолдарын қарастыруды тапсырды.
ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ МАРХАБАТ ЖАЙЫМБЕТОВ ІССАПАРМЕН ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНДА БОЛДЫ.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Қармақшы ауданында бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.
Алдымен Ақай ауылдық округіндегі салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын көрді. Мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын ескерте отырып, шартта көрсетілген мерзімде аяқтауды және әрі сапалы жасауды жүктеді.
Байқоңыр қаласына іргелес орналасқан Төретам кенті мен Ақай ауылдық округіне тартылған табиғи газдың құрылыс жұмыстарын да бақылады. Мұнан соң кенттегі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 640 орындық №85 орта мектепте болып, мердігерге жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау қажеттілігін ескертті.
Қармақшы ауданына сапарымен қатар Байқоңыр қаласындағы құрылысы жүріп жатқан 5 қабатты тұрғын үйдің жұмысын да бағамдады. Көп қабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының қарқынын үдету керек екендігін, әйтсе де сапалы жүргізе отырып, мерзімінді берілу керектігін міндеттеді. Мархабат Жайымбетұлы Жосалы кентіндегі аудан әкімдігінің ұйымдастырған «Қазақ хандығы» аллеясында «Бiрге – таза Қазақстан» республикалық жаңа экологиялық акциясы аясындағы сенбілікке қатысып, көшет отырғызды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясындағы №121 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын қадағалады. Өскелең ұрпақ тәрбиеленетін білім ордаларының жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуге аса мән беріп, мердігерге мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Іссапар барысында қысқы жылу беру маусымының дайындық жұмыстарын көру мақсатында көмір тасымалдаушы жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуде аудан тұрғындарын қатты отынмен қамтамасыз ету жайы сөз болды. Халыққа қатты отынды қолжетімді бағада ұсыну, тапшылықты болдырмау, қатты отын бағасын тұрақты ұстап тұруды тапсырды.