Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындап қана қоймай, қоғамның даму бағыты мен азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершіліктің басты қағидаттарын белгілейтін іргелі құжат. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияның 1-бабында бекітілген норма ерекше мәнге ие.

Аталған бапта Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені айқындалып, «мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп белгіленген.

Бұл қағида мемлекеттің басты бағдарын нақты көрсетеді. Яғни мемлекеттік саясат пен басқару шешімдерінің түпкі мақсаты – азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, оның қауіпсіздігі мен әл-ауқатына қолайлы жағдай қалыптастыру.

1-баптың мазмұны адам мен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілік ұғымын да тереңдете түседі. Мемлекет азаматтың құқықтарын қамтамасыз етуге кепілдік берсе, азамат заң талаптарын сақтап, қоғамдық тұрақтылық пен елдің дамуына өз үлесін қосады.

Жаңа Конституциядағы бұл норма – адамға бағдарланған мемлекеттік саясаттың құқықтық негізін айқындайтын маңызды қадам. Оның мәні азаматтың конституциялық құқықтарын қағаз жүзінде бекітумен ғана шектелмей, сол құқықтардың күнделікті өмірде нақты қорғалуымен сабақтасады.

Сондықтан 1-бапты жаңа Конституцияның негізгі құндылықтық өзегі деуге болады. Өйткені мемлекеттің беріктігі мен қоғамдық дамудың орнықтылығы, ең алдымен, адамның құқығы мен қадір-қасиетінің қаншалықты қорғалғанына байланысты.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған