Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде жылу беру маусымы қаралды. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірлердің жылу беру маусымына дайындығы, жылу көздеріндегі отын қоры, сондай-ақ жылу және электр желілеріндегі жөндеу жұмыстарының аяқталуы туралы баяндады.
Алматы және Шымкент қалаларында, Ұлытау, Жетісу, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жылу беру жүйесіне қосу жұмыстары кестеге және ауа райы жағдайына сәйкес қазан айының соңына дейін жүргізіледі.
О.Бектенов бұған дейін желілердің дайындығын 1 қазанға дейін қамтамасыз ету тапсырылғанын атап өтті. Абай облысынан басқаның бәрі бұл тапсырманы мерзімінде орындады. Осыған байланысты О.Бектенов Абай облысы әкімінің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
– Жылыту маусымы жоспарға сәйкес басталды. Оңтүстік және батыс өңірлерде жылу бекітілген кестеге және ауа райы жағдайына байланысты беріледі. Өңір әкімдері жылыту маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жандандырып, энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отырсын. Жоспарлы параметрлердің бәрі сақталуы керек, сондай-ақ отынның нормативтік қоры мен қосалқы жабдықтардың дайындығын қамтамасыз ету қажет. Халыққа қажетті көмір бағасын тұрақты бақылауда ұстап, отын тапшылығына жол бермеңіздер, – деп Үкімет басшысы өңір әкімдеріне жауапкершілік жүктеді.
Жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы жылу беру маусымының өту барысы Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің қатаң бақылауында тұрғанын айтты. Тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың штаттық режимде жұмыс істеуі сала басшыларының күнделікті қадағалауында болуы тиіс.
– Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт басқармалары мен коммуналдық кәсіпорындардың басшылары тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылумен, электр жарығымен, ауыз сумен және газбен үздіксіз қамтамасыз етсін.
Төтенше жағдайлар департаменті газдан улану,өрт оқиғаларының алдын алудың тиісті шараларын қабылдап, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің өрт және газ қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін толық тексерсін. Барлық нысан талаптарға сай болуы тиіс, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Өңірде жылу беру маусымы 5 қазанда басталды. Қазір тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 1074 әлеуметтік нысан мен 943 көпқабатты тұрғын үй кезең-кезеңімен жылуға қосылуда. Сыртқы ауа температурасына сәйкес бекітілген кесте бойынша қазандықтар жылу энергиясын тұрақты беріп жатыр.
Барлық әлеуметтік нысан қажетті отын қорымен қамтамасыз етілген. Жалпы 80 мың тонна көмір қажет, оның 68 мың тоннасы тұрғындарға, 12 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға арналған.