Ғалым мен шахтер де, кәсіпкер мен дәрігер де, әнші мен жыршы да бас иетін бір жан бар. Ол – ұстаз. Кім болмасын, қай саланың маманы, не атағы жер жарған тұлғаның өзі де еңбек жолының алдында  ұстаз алдынан өтеді. Тіпті, әкім де..

Шәкіртке тәлім мен білімді қоса меңгертіп, өмір жолына бағыт көрсететін ұстаздар қауымы­ның мәртебесі қоғам үшін қашан да биік болуы тиіс.

“Мұғалімдер күні” облыс басшысы Мұрат Ергешбаев Өнер орталығында өткен  мерекелік кеш барысында ұстаздардың қадірін “Дегенмен біз бір ақиқатты ешқашан ұмытпауымыз керек. Қанша заманауи мектеп салсақ та, қанша технология әкелсек те, оның нәтиже­сін жасайтын – ұстаз. Компьютер баланың сұрағына жауап бере алады. Алайда оның бойына елге деген сүйіспеншілікті, адамға деген құрметті, еңбекке деген жауап­кершілікті ұстаз ғана сіңіреді.

Сондықтан біз үшін мұғалімнің мәртебесі – мемлекеттік саясаттың ғана емес, қоғам­ның да маңызды құндылығы. Мұғалімнің беделі төмен болған жерде тиісті білім де, тәрбие де болмайды”, -деп бір ауыз теңеумен түйіндегені бар..

 Білім саласына тиесілі сауал да, өзекті мәселелер де қашаннан  болған. Бірақ, соңғы жылдары облыс көлемінде аталған бағыттағы жақсы көрсеткіш, ұстаздар мен шәкірттердің жетістіктері, жаңадан бой көтеріп жатқан білім ордалары, биліктің әр ата-ана мен ұстаздың тіпті оқушының пікіріне құлақ асатыны да көңіл қуантады. Әлбетте, облыстың бас ұстазы Асқар­бек Есжанов саладағы тізгінді қолға алғалы оның қатаң тәртібі мен шегедей өткір талабы жақсы нәтижеге жеткізуде.  

Жүйелі жұмыстың нәтижесі мен мұғалім­дер­дің мәртебесі мереке қарсаңында да көте­рілді. Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев облыстағы білім саласына үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздармен кездесіп, “Ұстаз қанат, шәкірт- қауырсын” тақырыбымен өткен мерекелік жиын барысында қала ғана емес, ауыл-аудандардан жиналған мұғалімдерге құрмет танытты, білім саласы бойынша облыс дамуына қосқан үлестеріне алғыс білдірді. 

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұстазды қадірлей білу – өрке­ниет­ті қоғамға тән қасиет. Біз ұлт сапа­сын арттырғымыз келсе, бірінші кезекте мұғалімдерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – менің мызғымас ұстанымым», – деген болатын.

Президент тапсырмасына сәйкес жергі­лікті жерде мұғалімдердің құқығын қорғау мен әлеуметтік қолдау шараларын жоғары деңгейде жүзеге асыруды жалғастыра береміз.

Сіздер күн сайын мыңдаған баланың алдына кіресіздер. Әрқайсысының мінезі бөлек, арманы бөлек, қабілеті бөлек.

Бірінің бойындағы талантты ерте бай­қайсыздар, біріне сенім білдіресіздер, енді бірін сүрінген жерінен қайта тұрғы­засыздар.

Жылдар өте сол шәкірттеріңіз әр салада елге қызмет етеді. Бірақ олардың жетістігінің бастауында өздеріне алғаш сенім білдірген, «сенің қолыңнан келеді» деп жігер берген ұстаздың тәлімі тұрады.

Ұстаз еңбегінің ұлылығы да осында.

Баршаңызға мықты денсаулық, отба­сы­ларыңызға амандық, шығармашы­лық ізденіс пен кәсіби өрлеу тілеймін! Шәкірт­теріңіздің жүрегіне әрдайым жол тауып, мерейлеріңіз үстем болсын! – деп тілек білдірді.

Салтанатты шара барысында білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, жоғары кәсіби нәтижелерге қол жеткізген үздік ұстаздар марапатталды. Бірқатар педагогке Алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табыс­талды.Алдымен «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Қызылорда облысының дамуы­на қосқан үлесі үшін», «Еңбек ардагері», «Ы.Алтынсарин» медальдары табысталды. Сыр мұғалімдері «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен,Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Орта білім беру ісінің үздігі», «Қосымша білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломдарымен, Премьер-министрінің бірінші орынбасарының және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен де марапатталды. Сондай-ақ  10 ұстазға Сарыағаш шипажайына жолдама ұсынылды.

Айта кету керек Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келе­шек мектептері» ұлттық жобасы аясында  10 мек­теп пайдалануға берілді. Сонымен қатар биыл «Айгерім» балалар білім беру-сауықтыру орталығы іске қосылып, жыл сайын 8400 баланы заманауи бағыттар бойынша қамтуға мүмкіндік алды. Ботаникалық орталық та жұмысын бастап, оқушылардың биология, экология және ботаника бағыттарын тәжірибе жүзінде меңгеруіне жағдай жасады. Сонымен бірге Қызылорда қаласының Әл-Фараби шағын ауданында 360 орындық инновациялық шығармашылық орталықтың құрылысы бас­талды.

Бүгінде облыстағы 320 мектепте 190 мыңға жуық оқушы білім алуда. Биыл 967 түлек «Алтын белгі» иеленіп, 1 124 оқушы мектепті үздік аттестатпен тәмамдады. Өңір оқушылары ұлттық бірыңғай тестілеуде де жоғары нәтижелер көрсетіп, республика бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Әрине, бұл ретте мектептің жүрегі саналар ұстаздың еңбегі орасан. Сондықтан мұғалімге қалай құрмет көрсетсе де жарасымды…

Айдана Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған