Қазақта ер мінезді, ержүрек, батыл, әрі батыл деген теңеу­лер тек ер адамдарға қатысты айтылмаса керек. Тарихқа көз жүгіртсек, ел үшін маңызды шешім қабылдауға да, жаудан ел аумағын қорғауға да ерлермен иық теңестіре, теңдей табан­ды­лық танытқандардың арасында нәзік болмыстылар көп болған.

Бүгінгі заманның көрінісінде бұл үрдіс қаншалықты құнды, немесе бүгінгі қырмызыларымыздың бойында қайсарлық қаншалықты көрініс табады деген ой да жоқ емес.

Мәселен, осы тұлғалық сипат бүгінде саясат сахнасындағы біршама әйел тұлғаларға лайық па деген тұрғыда халық әрқа­лай ой түйіндейді. Әйткенмен,  жоғары лауазымға дейін түрлі жолды өткеріп, келеңсіздіктер мен қиындықтарға дес бермеген батыл тұлға ретінде Аида Балаева көпшілікке кеңінен таныс.

Адамның өмірдегі орны мен кәсіби биігі бір күнде қалыптаспайды. Оның артында жылдар бойғы еңбек, ізденіс, төзім мен жауапкершілік жатады. Еңбек жолының алғашқы жылдары кез-келген маман үшін маңызды тәжірибе мектебі саналады. Жұмыстың қыр-сырын меңгеру, түрлі мәселелерді талдау, адамдармен тіл табысу және өз міндетіңді нәтижелі орындау кәсіби қалыптасудың негізін қалайды. Балаеваның да қызметтік өсуі осындай кезеңдерден өтті. Ол бірден жоғары лауазымға келген жоқ, алдымен түрлі деңгейдегі лауазымдарды атқарып, тәжірибе жинақтады.

Аида Балаеваның еңбек жолына көз жүгірткенде, оның қарапайым маманнан бастап мемлекеттік басқарудың жоғары деңгейіндегі қызметтерге дейінгі қадамдарын көруге болады. Мемлекеттік басқаруда еңбек ету үлкен төзімділікті, уақытпен санаспай жұмыс істеуді және түрлі мәселелерге байыппен қарауды қажет етеді. Қызметтік баспалдақтың әр кезеңінен өтіп, жаңа міндеттерді атқару – кәсіби тәжірибе мен жігердің маңызын көрсететін жол. Балаеваның еңбек жолы да осы талаптармен тығыз байланысты.

Аида Балаеваның ұзақ жылдарға созылған қызметтік жолы кәсіби табандылықты сипаттауға мүмкіндік береді. Ол ақпарат саласындағы мамандықтан бастап, ішкі саясат құры­лымдарында, әкімдік жүйесінде және Президент Әкімшілігінде қызмет істеді. Кейін министрлік деңгейіндегі жауапты міндеттерді атқарды. Осындай әртүрлі қызмет салаларында жинақталған тәжірибе оның кәсіби қалыптасуындағы маңыз­ды кезеңдерді құрайды.

Президент Әкімшілігінен министрлікке дейін

2014–2019 жылдары Аида Балаева Қазақстан Респуб­ликасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімін басқарды. 2019–2020 жылдары Президенттің көмекшісі қызметін атқарып, өтініштерді қарауды бақылау жұмысына жетекшілік етті. Бұл кезең оның орталық мемлекеттік басқару жүйесіндегі тәжірибесін одан әрі толықтырды.

2020 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды. Ол бұл қызметте 2022 жылға дейін жұмыс істеді. Кейін Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметін атқарып, 2023 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігін басқаруға келді. 2025 жылғы желтоқсанда Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. Осы кезеңдерде оның қызмет аясы ақпараттық саясатты, қоғамдық даму мәселелерін, мәдениет пен ақпарат салаларын қамтыды. Әр саланың өзіндік ерекшелігі болғанымен, олардың барлығы қоғаммен байланыс орнатуды, мемлекеттік саясаттың басымдықтарын түсінуді және түрлі жұмыс түрін үйлестіруді талап етеді.

Бірнеше бағытта тәжірибе жинақтау адамның кәсіби көзқарасын кеңейтеді. Мұндай ортада жұмыс істеу үшін мәсе­лелерді жан-жақты қарастыру, өзгерістерге бейімделу және әрбір мәселеге қатысты жүйелі шешімді қабылдай білу қажет. Осы мектептерден өткендіктен де болар, Президент оны ел қауіпсіздігіне жауаптылардың бірі ғана емес, бірегейі етті.

Қауіпсіздік Кеңесіндегі жаңа кезең

Осы жылдың ортасында Мемлекет басшысының Жарлы­ғымен Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл – оның көпжылдық мемлекеттік қызмет жолындағы жаңа кезең.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне, елдің қорғаныс қабілетін нығайту мәселелеріне, мемлекеттің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне, қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруге жауаптылық деген нәзік жанды Балаева түгілі, көп «бөріктілердің» өздерінің де тәуекелге бара бермейтін саланың бірі. Тікелей айтсақ, тұтас бір елдің қауіпсіздігіне Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасымен бірге, нәзік жанды Аида Ғалымқызы да жауапты…

Балаеваның бүгінгі қызметтік міндетіне Президенттің тапсыр­малары мен Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерінің орын­далуын бақылауды ұйымдастыру, Ұлттық қауіпсіздік пен қорға­ныс қабілетін нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлеу, Мемлекеттік органдардың қауіпсіздік мәселелері бойынша қыз­метін үйлестіру, Құқықтық тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселе­леріне қатысу, Халықаралық ұйымдармен және шет мемле­кеттермен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамыту кіреді.

Аталған лауазымға жауапты болғаннан да Президент Балаеваға кешегі Каспий теңізіндегі 14 сарбаз ажал құшқан азалы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру,  Әскердегі заң бұзушылықтарды анықтау,  кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар әзірлеу, армияны реформалауға қатысты бірнеше мәселелерді тапсырған болатын.

Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия төрағасы ретінде А.Ғалымқызы күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы баяндап, тиісті жұмыстар жасалып жатқанын атап өтті.

Одан бөлек Аида Балаева Бакуде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бесінші отырысы аясында кездесуге қатысты. Онда ол Түркі мемлекеттеріне төнетін қазіргі қауіптер мен сын-қатерлер, аймақтық және жаһандық оқиғалардың түркі өңіріне ықпалы, Қауіпсіздік саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін  талқылады.

Шыны керек осы күнге дейін талай қызметке кімдер келіп, кімдер кетпеді… Әрқайсысы өз биігінде нәтижелерін көрсете білді. Арнайы креслоға да, лауазымға да кез келген адам ие бола алады. Бірақ, сөз бен істің айырмашылығын уақыттың өзі халыққа дәлелдеуде…

Ел алдындағы міндет пен жауапкершілікті сезініп, кез-келген жұмысты тиянқты орындауда Балаева өзіне артылған жүктің ауырлығын да біледі.  Түптеп келгенде, жоғары лауазымға ие болу – бір сәттік жетістіктің емес, ұзақ уақыт бойы жинақталған білімнің, еңбектің және тәжірибенің нәтижесі. Аида Балаеваның қызметтік жолы осы үдерістің бірнеше кезеңнен тұратынын көрсетеді. «Бақ шабады ма, бап шабады ма деп ой жарыстыратындай емес, Балаеваның бабы келіп, бағы жанып тұр…

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған