Құрылтай бірінші тоқсанды қорытындылады
Мемлекет басшысы Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады. Қабылдау барысында Құрылтайдың қазіргі жұмысының нәтижелері және «Әділет» партиясының қызметі туралы баяндалды.
Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайдың мәліметінше, депутаттар осы уақытқа дейін 18 заң қабылдап, тағы 38 заң жобасын қарастыруда. Негізгі басымдықтар қатарында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу, балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау мәселелері бар.
Өңірлерді дамытуға да ерекше назар аударылған. Депутаттардың бастамасымен 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қосымша 47 миллиард теңге қарастырылды. Қаражат инженерлік желілерді жаңғыртуға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталмақ.
Сонымен қатар заңдардың орындалуын бақылау, азаматтармен кері байланысты күшейту және заң жобаларын талдауда жасанды интеллект технологияларын пайдалану жұмыстары жалғасуда. Сессия басталғалы депутаттар әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 111 сауал жолдаған.
Кездесуде «Әділет» партиясының қызметі де таныстырылды. Партияның қоғамдық қабылдауына 14 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 8,3 мыңнан астамы оң шешімін тапқан. Партиялық бақылау барысында 300-ге жуық әлеуметтік инфрақұрылым нысаны тексеріліп, анықталған кемшіліктердің 80 пайызға жуығы жойылды. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 12 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілген.
Кездесу қорытындысы Құрылтай мен партия жұмысының алдағы кезеңдегі негізгі бағдарларын айқындады. Құрылтай төрағасының айтуынша, ендігі міндет – заңнамалық бастамаларды іске асыру, сайлауалды бағдарламадағы 303 іс-шараның орындалуын қамтамасыз ету және Президент тапсырмаларының нақты нәтижесін көрсету. Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттырып, өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал ету.
Ғылымға бөлінген қаржы нақты нәтижеге жұмыс істеуі керек
Ғылымға бағытталған қаржының тиімділігі бөлінген қаражат көлемімен ғана емес, оның ел экономикасына, өндіріс саласына және халықтың тұрмыс сапасына әкелген нақты нәтижесімен өлшенуі тиіс. Бұл мәселе Құрылтайдың пленарлық отырысында көтерілген маңызды тақырыптардың бірі болды.
Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің баяндамалары тыңдалып, ғылыми жобаларды қаржыландыру, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы және зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу мәселелері талқыланды.
Мақсат – ғылым мен экономиканың өзара байланысын күшейту. Өйткені ғылыми зерттеулердің нәтижесі ғылыми еңбектер мен зертханалық тәжірибелер аясында қалып қоймай, нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталуы қажет.
Құрылтай депутаты Мағжан Ералиев:
– Әсіресе, аграрлық секторда ғылым жетістіктерін тәжірибеге енгізудің маңызы зор. Бүгінде ауыл шаруашылығы алдында су ресурстарын тиімді пайдалану, топырақ құнарын сақтау, өнімділікті арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу секілді өзекті міндеттер тұр. Бұл бағыттардың әрқайсысы ғылыми негізделген шешімдерді талап етеді.Сондықтан ғалымдар мен өндірушілер арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеру қажет. Ғылыми орталықтарда әзірленген технологиялар шаруаларға қолжетімді болып, олардың күнделікті өндірістік қызметінде нақты пайдасын тигізуі тиіс. Ғылым мен бизнестің осындай байланысы отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да ықпал етеді.
Ғылымға салынған инвестиция өндірістің дамуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және азаматтардың әл-ауқатының артуына қызмет етуі керек. Өйткені ғылымның шынайы құндылығы оның қоғам өміріне әкелген өзгерісімен айқындалады.
Азаматтардың өтініші нақты шешімді талап етеді
Құрылтай депутаттарының азаматтарды қабылдау кестесіне сәйкес Мағжан Ералиев бірқатар тұрғындардың өтініш, пікірлерін тыңдады. Қабылдау барысында ауыл шарушалығына тиесілі сауалдар мен еңбек құқығына қатысты мәселелер көтерілді.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанның ет өңдеу кәсіпорындары қауымдастығы ветеринария мәселелері жөніндегі заң жобасына бірқатар ұсыныс білдірілген. Атап айтқанда, ветеринариялық қызметі мен зертханасы бар кәсіпорындарды жоспарлы тексеруді жылына бір реттен асырмау және тексеру туралы алдын ала хабарлау мерзімін ұзарту ұсынылды. Сала өкілдерінің пікірлері заң жобасын қарау кезінде назарға алынбақ.
Сонымен қатар Қызылорда облысы Шиелі ауданынан келген медицина қызметкерінің еңбек құқығына қатысты өтініші оң шешімін тапты. Бұл қабылдау кәсіпкерлік саласындағы жүйелі мәселелер мен жекелеген азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың маңызын көрсетті. Өйткені әрбір өтініштің артында нақты адамның тағдыры мен шешімін күткен мәселе тұр.
Балалар қауіпсіздігі – нақты нәтиже
Құрылтайда 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының іске асырылуына арналған Үкімет сағаты өтті. Оқу-ағарту министрі депутаттарға елдегі 6,9 миллион баланы қамтитын мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен алғашқы нәтижелерін талқыға салды.
Айта кету керек, тұжырымдама балалардың қауіпсіздігі, білім алуы, денсаулығы және әлеуметтік қорғалуын қамтиды. Жоспарда 158 іс-шара көзделген. Басты мақсат – 2030 жылға қарай балалардың хал-ахуал индексін 61,5-тен 68 балға жеткізу жоспарлануда.
Үкімет отырысында талқылаған мәселелер бойынша депутат Мағжан Ералиев:
– Құрылтай депутаты ретінде мен үшін басты мәселе – жоспардың өңірлерде қалай орындалатыны. Шешім орталықта қабылданады, ал оның нәтижесі нақты мектепте, ауруханада, ауылда көрінуге тиіс. Тұжырымдаманың табысы қабылданған құжаттың санымен емес, әр баланың өміріндегі нақты өзгеріспен бағаланады, – деп пікірін білдірді.
Тұжырымдама бойынша алғашқы нәтижелер қатарында барлық өңірде балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының құрылуы, қамқоршылық органдары мамандары санының өсуі және мектептерде «Жеке қауіпсіздік» курсының енгізілуі бар. Сонымен қатар «111» байланыс орталығы тәулік бойы тегін қызмет көрсетеді.
Тұтынушы құқығы мен су қауіпсіздігі – комитет назарында
Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің кеңейтілген және тақырыптық отырыстары өтіп, тұтынушылардың құқығын қорғау, аграрлық сала және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері қаралды.
Кеңейтілген отырыста селекциялық жетістіктерді қорғау туралы заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі көтерілді. Осы ретте маркетплейстердегі жалған жеңілдіктерге назар аударылды. Тауар бағасын алдын ала көтеріп, кейін оны үлкен жеңілдікпен ұсыну тұтынушыны жаңылыстырады. Осы әрекеттерді анықтау тетіктері мен сатушылардың және маркетплейстердің жауапкершілігі жөнінде министрлік өкілдеріне сауал қойылды. Мәселені бірлесіп пысықтау туралы келісім жасалды.
Аталған тақырып аясында Мағжан Ералиев депутаттық сауалын қойып, мәселенің нәтижесін назарда ұстайтынын жеткізді.
– Осы заң жобасы бойынша министрлік өкілдеріне маркетплейстердегі жеңілдіктердің шынайылығы туралы сұрақ қойдым. Бүгінде сатушы тауардың бағасын алдын ала көтеріп, кейін «50% жеңілдік» деп көрсететін жағдайлар кездеседі. Бұл тұтынушыны тікелей жаңылыстыру. Сондықтан заң жобасында мұндай әрекетті анықтайтын тетік бар ма? Оған жол берген сатушы мен маркетплейс қандай жауапкершілік көтереді?деген сауалымды жолдадым. Министрлік өкілдері бұл мәселені жақын арада қолға алатынын айтты. Оны депутаттармен бірлесе пысықтайтын болды. Мәселенің шешімін бақылауда ұстаймын.
Онлайн сауда күн сайын өсіп келеді. Сондықтан азаматтарымыз жалған жеңілдіктердің құрбаны болмауы керек. Тұтынушы құқығын қорғау – басты міндеттеріміздің бірі, – деді.
Комитеттің отырысында халықаралық қаржы институттарының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан су жобалары да талқыланды. Бес халықаралық банкпен бірлескен жобалар аясында 14 450 шақырым суару каналын реконструкциялау, су шығынын 25 пайызға дейін азайту және жаңа су қоймаларын салу көзделген. Сонымен қатар Солтүстік Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту мен Есіл өзеніндегі су тасқыны қаупін төмендету міндеттері қарастырылды.
Айта кетейік, отырысқа Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері қатысты.Комитет бұл жобалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстайтынын айтты.
Ауыл жастарына тұрақты жұмыс қажет
Ауыл жастарының туған жерінде тұрақтап, еңбек етуіне жағдай жасау мәселесі Құрылтайда көтерілді. «Ауыл» партиясы фракциясы атынан Премьер-Министр Олжас Бектеновке осы бағытта депутаттық сауал жолданды. Сауалында үш мәселені алға тартқан депутат Шахмардан Байманов ауыл жастарының білім алып қана қоймай, туған жеріне оралып, тұрақты жұмыс істеп, өз болашағын құруына жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Құрылтай депутаты Шахмардан Байманов:
– Депутаттық сауалда үш нақты ұсыныс көтердім. Біріншіден, кадрларды жоспарлау. Әр ауданның алдағы үш жылдағы мамандарға қажеттілігін анықтау қажеттігін жеткіздім. Одан кейін білім, жұмыс және баспана мәселесі де өзектілердің бірі болды. Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын өзара байланыстыруды алға тарттым. Әрине, нақты нәтижені бағалап, қолдау алған мамандардың қаншасы ауылда тұрақтап қалғанын анықтау турасында да өз ұсынысымды жеткіздім.
Президент Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында жаңа әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр. Бұл нысандарды салуға да, кейін олардың жұмысын қамтамасыз етуге де білікті мамандар қажет. Осы орайда, ол жастардың жұмыспен қамтылуын да назарға алу қажеттігін де атап өтті.
– Маңыздысы – біз жаңа бағдарлама ойлап табуды немесе қосымша қаржы бөлуді ұсынып отырған жоқпыз! Ауылдық квота бар. «Дипломмен ауылға!» жобасы бар. Енді осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, «Халықтық құрылыс» аясындағы болашақ жұмыс орындарын алдын ала жоспарлау қажет.
Өйткені басты нәтиже – берілген диплом мен кредиттің саны емес, ауылда тұрақты жұмыс істеп, туған жерінің дамуына үлес қосып жүрген мамандардың саны артқаны, – деді Шахмардан Байманов.
Балалар құқығын қорғаудың жаңа парламенттік алаңы
Астанада Құрылтай жанындағы «Қазақстан балалары» депутаттық тобының алғашқы отырысы өтті. Жиында балалардың құқықтарын қорғау, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық және өңірлердегі бастамаларды қолдау мәселелері талқыланды.
Отырысқа ЮНИСЕФ өкілдері Абдул Азиз Фофана мен доктор Рашед Мустафа Сарвар, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, елші Алешка Симкич, Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиева, сондай-ақ депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Талқылау барысында қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салып, алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады.
Отырысты депутаттық топ жетекшісі Дана Медеуова жүргізді. Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай құттықтау сөзінде ата-ана, бала және отбасы құқығын қорғау жаңа Конституцияда бекітілген маңызды құндылықтардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ балалардың мүддесіне қатысты мәселелерді жүйелі шешуде түрлі фракция депутаттарының бірлескен жұмысы маңызды екенін айтты.
– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әрбір баланың бақытты әрі қауіпсіз балалық шағы болуы керектігін бірнеше рет атап өтті. Президенттің қолдауымен елімізде балаларды дамытуға, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған кешенді мемлекеттік жүйе қалыптасты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Бұл стратегиялық құжаттың басты мақсаты – балаларға арналған барлық қолдау шараларын бір жүйеге біріктіріп, олардың дүниеге келген сәтінен бастап ересек өмірге қадам басқанға дейінгі дамуына жағдай жасау», – деді Құрылтай Төрағасы.
Жиын барысында депутаттық топ пен ЮНИСЕФ арасында ниет хатына қол қойылды. Тараптар балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру, халықаралық тәжірибені пайдалану және өңірлік жобаларды қолдау бағытында бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірді.
«Депутаттық топ балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұстанымды жүйелі парламенттік жұмысқа айналдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар балалардың пікірін тыңдау да аса маңызды. ЮНИСЕФ бұл жұмысты қажетті деректермен, сараптамалық қолдаумен және басқа елдердің парламентшілерімен тәжірибе алмасу жағын қамтамасыз етуге дайын», – деді ЮНИСЕФ-тің өңірлік директорының орынбасары Абдул Азиз Фофана.
Дана Медеуова жалпыұлттық бастамалардың әрбір өңірде нақты жүзеге асуы қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта әкімдіктермен байланыс орнатып, өңірлік үйлестірушілерді белгілеу жоспарланып отыр.ЮНИСЕФ өкілдері де бұл бастаманың маңызын атап өтіп, сараптамалық қолдау мен халықаралық тәжірибе алмасуға дайын екендерін білдірді.
Өз кезегінде ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар балалардың құқықтарын қорғау жұмысына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.
«Орталық Азияда алғаш рет балалардың мүддесін қорғауға бағытталған парламенттік топтың құрылуы – Қазақстан үшін маңызды қадам. Бұл мемлекеттің бала құқықтарын қорғауға берік ұстанымын көрсетеді. Қазақстанның тәжірибесі Орталық Азия елдеріне және басқа да мемлекеттерге үлгі бола алады. ЮНИСЕФ осы тәжірибені таратуға және елдер арасында бөлісуге дайын», – деді доктор Рашед Мустафа Сарвар.
Ендігі міндет – балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі бастамаларды нақты іске айналдыру. Өйткені баланың қауіпсіздігі, сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына жағдай жасау – тек мемлекеттік органдардың емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Ресми ақпарат көздерінен…
А.Әлиарыстан