Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаевтың тұрғындармен кездесуі, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауы Қармақшы ауданына жұмыс сапары аясында жалғасын тапты.

Негізінен баспана, денсаулық сақтау, мал шаруашылығы, білім беру, жол жөндеу және елді мекендерді газдандыруға қатысты мәселелерді көтерген тұрғындарды тыңдаған соң, аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тапсырма берді. Өтініштер мен ұсыныстар егжей-тегжей қаралуы, заң аясында шешу жолдары зерделенуі тиіс.

Жосалы кентінің тұрғыны теміржол өткелі үстінен көпір салуға қатысты бастаманың қазіргі жайын сұрады. Аталған жобаға республикалық бюджеттен 5 млрд. 515 млн. теңге қаржы бөлуге өтінім жолданып, қаражат қарастыру жоспарланған. Қазір келісімшарт рәсімделуде.

Төретам кентінің тұрғыны тозығы жеткен көшелерді қайта асфальт­тау, күрделі жөндеу мәселесін қоз­ғады. Кенттегі жалпы ұзындығы 5,84 шақырым болатын Б.Момышұлы, А.Байтұрсынұлы және К.Байсейітова көшелерінің жолын орташа жөндеу жобасы әзірленіп, мемлекеттік сарап­таманың оң қорытындысы алынған.

Тұрғындар Тұрмағанбет және Алдашбай ахун ауылдарын газдандыру мәселесін де көтерді.

«Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақтөбе, Ақжар, Тұрмағанбет, Алдашбай ахун ауылдарына газ құбыры мен кварталішілік газ тарату желілерін салу» жобасын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен биылға 20 млн. теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны – 5 млрд. 745 млн. теңге. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінен кейін «ТрансАзияКонстракшн» ЖШС мердігер болып танылды. Қазіргі уақытта келісімшарт рәсімделіп жатыр, 2026-2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен газ жеткізу жоспарланған.

* * *

Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаевтың Жалағаш ауданы тұрғындарымен кездесуінде, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге азаматтарды жеке қабылдауында да жұртшылық өздерін толғандырған мәселелерді көтерді.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету, жол жөндеу, жұмысқа орналасу, елді мекендерді газдандыру және электр желілерінің қазіргі жай-күйі – жалағаштықтарды алаңдатқан сауалдардың ең негізгілері.

Кездесуде қойылған сұрақтар да, қозғалған мәселелер де жан-жақты зерттеліп, айтылған өтініштер мен ұсыныстар ескеріледі. Жауапты сала басшылары көтерілген мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар алды.

Тұрғындарға олардың шешімі заң аясында қарастырылатыны, орындалуы қатаң бақылауға алынатыны түсіндірілді.

Атап айтқанда М.Шәменов атындағы елді мекен тұрғыны электр бағаналарын ауыстыру, жөндеу туралы ұсынысын жеткізу үшін қабылдауға келген. Бұл жұмысты атқаруға биыл аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілген. «Tech Service KZ» ЖШС мердігер мекеме болып анықталған.

Қаракеткен мен Далдабай ауылдарына табиғи газ жеткізу де күн тәртібінде тұр. Демеушілік есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жоба 1 млрд. 178,3 млн. теңгеге жүзеге асады. Мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы – «Сырэнергогазстрой» ЖШС.

* * *

Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына жұмыс сапары кезінде тұрғындармен кез­десіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге азаматтарды жеке қабылдады.

Қабылдауда тұрғындар көтерген мәселелердің дені білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, жол инфрақұрылымы, электр желілерін жаңғырту, ауыл шаруашылығы және жұмыспен қамту салаларына қатысты.

Өтініштер мен ұсыныстарды жауапты мамандар жан-жақты зерттеп, заң аясында шешу жолдары қарастырылады.

Қабылдауда Тереңөзек кентінің тұрғыны аудан орталығына жаңа үлгідегі заманауи балабақша керек екенін айтты. Негізі жобалаушы мекеме демеушілік қаражат есебінен 80 орындық балабақшаның жобасын әзірлеген. Қазір аудандық білім бөлімі арқылы тиісті бюджеттік өтінім ұсынылған. Ал Қалжан ахун ауылының тұрғыны орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеуге сұранып тұрғанын жеткізді. Жобаның құжаттары әзірленіп, биыл мемлекеттік сараптамадан өткен.

Айдарлы ауылының тұрғынын толғандырған сауал газдандыруға қатысты болды. Сырдария ауданының Аманкелді, Жетікөл және Айдарлы елді мекендерін газдандыруды қаржыландыру республикалық бюджетке ұсынылған.

Сонымен қатар тұрғындар Терең­өзек кенті, А.Тоқмағанбетов, Іңкәр­дария, Айдарлы ауылдарындағы жаяу жүр­гіншілер жолын жөндеуді, теміржол өткелін салуды сұрады. Бүгінде бұл жобалар мемлекеттік сараптамадан өткен.

* * *

Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаевтың өңір жұртшылығымен кездесуі оңтүстік аудандарда жалғасты. Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы халықпен жүздесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады. Осындай қабылдаулардың тиімділігі: азаматтар өздерін мазалаған сұрақтарды қояды, өткізу орны мен уақыты күн ілгері хабарланғандықтан, облыс орталығына бармай-ақ, тұрғы­лық­ты жерінде басшылармен кездесе алады.

Қабылдауға келген 50-ден астам азаматтың көтерген мәселелері баспана, денсаулық сақтау, білім беру, жер және жұмыспен қамтуға байланысты болды.

Балаби ауылының тұрғыны «Тартоғай» автоматтан­дырылған газ тарату станциясының құрылысы қашан басталатынын сұрады. Бұл станция Талаптан, Бәйгеқұм, Жөлек, Сұлутөбе, 1 Мамыр, Бірлестік, Тартоғай және Майлытоғай ауылдарын газдандырудағы маңызды нысан саналады. Қазіргі уақытта «Шиелі ауданының Тартоғай елді мекенінде АГТС орната отырып, «Бейнеу – Шымкент» магистральдық газ құбырынан тармақ салу» жобасының құжаттамасы әзірленуде. Жоба жүзеге асып, газ құбыры пайдалануға берілгеннен кейін Бәйгеқұм, Жөлек, Балаби, Тартоғай, Майлытоғай, Сұлутөбе, 1 Мамыр және Жаназар батыр елді мекендерін газдандырудың құжаттары да дайындалады.

Алмалы ауылының тұрғыны Майлытоғай, Қарғалы, Жансейіт, Алмалы, Тәжібаев, Досбол датқа және Тұрсынбай датқа ауылдарындағы клуб ғимараттарының апатты жағдайын айтты. Бұл ауылдарға жаңа клуб салу үшін жер телімдері бөлінген. Енді жоба-сметалық құжаттама дайындауға, мемлекеттік сараптамадан өткізуге кезең-кезеңімен ұсынылады.

* * *

Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаевтың жұртшылықпен кездесуі, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдауы Жаңақорған ауданына жұмыс сапары кезінде одан әрі жалғасты. Қабылдауда 50-ден астам азамат өтініш-тілектерін жеткізді.

Тұрғындар спорт кешендерін салу, электр желілерін жаңарту, каналдарды бетондау, жол жөндеу, елді мекендерді газдандыруға, т.б. қатысты ұсыныстарын айтты.

Қабылдауға келушілерге көтерілген мәселелердің шешімі заң аясында қарастырылатыны, жауапты құзырлы орган басшыларына тапсырмалар беріліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алынатыны түсіндірілді.

Мәселен, Бірлік ауылының тұрғыны Ш. Нарынбаева көшесін асфальт­тау мәселесін көтерді. Бұл көшені орташа жөндеудің жоба-сметалық құжаттамасына биыл жергілікті бюд­­жет­тен 3,6 млн теңге бөлініп, мемле­кеттік сараптаманың оң қоры­тын­дысы алынған.

Ал Жаңарық ауылының тұрғыны «Р-22» каналын бетондау мәселесін қозғады. Ұзындығы 12,693 шақырым каналды бетондауға қажетті құжат­тама биыл демеушілік қаражат есебінен әзірленіп, оң қорытынды берілген. Құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалатын қаражат республикалық бюджет есебінен қолдау тауып, оны қаржыландыру алдағы жылдың жоспарына енгізілген.

Құқық қорғау органдары басшылары қабылдауға келген тұрғындарға мәселелерінің заңдық шешімі туралы кеңес беріп, жан-жақты түсіндірді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған