Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде телекоммуникация саласын дамыту мәселесі қаралды. Бүгінде қалалар мен ауылдарды 5G байланысымен қамту кеңейтілуде. 2027 жылдың соңына қарай 3G-ден толығымен бас тарту жоспарланып отыр. Мобильді интернет еліміздегі ауылдардың 92%-ына қолжетімді болады. Сондай-ақ, республикалық және облыстық автожолдардың 40 мың шақырымын мобильді байланыспен қамтамасыз ету үшін 500-ден астам антенналық діңгек құрылысын салу керек. Үкімет жиынына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімдігінде өткен мәжілісте аталған мәселелерге орай жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.

– «Біздің басты міндетіміз – өңіріміздегі әрбір елді мекенді сапалы интернетпен қамтып, тұрғындарымыз үшін қолжетімді әрі тұрақты байланыс орнату. Бұл жұмыстар формалды түрде жүргізілмеуі тиіс. Сіздерден нақты нәтиже мен көрсеткіштерді талап етемін.

Әрбір оператор өз желісінің жұмысына жауапкершілікпен қарап, өңір тұрғындарына сапалы әрі үздіксіз байланыс ұсынуға міндетті. Сондықтан ең алдымен байланыс сапасы төмен және мобильді интернет мүлдем қолжетімсіз аумақтарды анықтау қажет. Онда базалық станция­лар орнату үшін нақты жоспар әзірлеп, жұмыстың мерзімі мен жауапты тұлғаларын белгілеңіздер.

Қабылданған шаралар, атқарылған жұмыстар туралы әр тоқсан сайын нақты есеп беріп отыры­ңыздар. Белгіленген міндеттемелердің орындалуы мен нәтижесі өзімнің тұрақты бақылауымда болады», – деді облыс басшысы Мұрат Нәлқожаұлы.

Қазір өңірдегі 222 ауылдың 207-сі мобильді интернетпен қамтылған. Ал 140 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған. Жалпы аймақта 1005 базалық станция жұмыс істейді.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында мобильді интернетпен қамтылмаған 15 ауылдың 11-і спутниктік технологиялар арқылы қосылды. Қалған 4 елді мекенді 2027 жылдың соңына дейін мобильді интернетпен қамту жоспарланған. Бүгінде 5G желісінің 158 базалық станциясы бар.

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп 2026-2027 жылдары 65 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамту көзделсе, қазір оның 14-іне жеткізілді. Қалған елді мекендер кезең-кезеңімен желіге қосылады.

Бұдан бөлек ұлттық жоба аясында «Қызылорда – Жезқазған» және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолдарының бойында 9 антенналық діңгек құрылысын салу жоспарланған. «Транстелеком» акционерлік қоғамымен бірлескен жұмыс нәтижесінде жыл соңына дейін оның 2-еуінің құрылысы аяқталады. Қалған 7 нысан 2027 жылы іске қосылады деп күтілуде.

Алдағы жылдың соңына дейін 129 ауылда интернетті әр үйге дейін жеткізетін «Соңғы миль» жобасы жоспарланған.

Үкімет басшысы О.Бектенов:

Қолжетімді, әрі тұрақты болуы керек

– «Байланыс және интернет желілерінің дамуы мен орнықты­лығы – заманауи экономиканың базалық инфрақұрылымы. Кәсіп­орындардың, мемлекеттік сервистердің, денсаулық сақтау, білім беру және қаржы жүйелерінің жұмысы олардың қолжетімді болуы мен тұрақтылығына тіке­лей байланысты. Жалпы, телекомму­никациялық инфрақұрылым озық қарқынмен дамып,  Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру үшін  негіз қалауға тиіс. Жұмыстың басты нәтижесі – азаматтар, бизнес  және мемлекеттік сервистер үшін  олардың орналасқан жеріне қарамастан сенімді әрі сапалы байланысты қамтамасыз ету. Мемлекет пен байланыс операторларының күш-жігері дәл осы мақсатқа бағытталуға тиіс».

«5G желілерін дамыту тек мобиль­ді интернет жылдамдығын арттырумен шектелмей, нақты экономикалық нәтиже беруге тиіс. Қазірдің өзінде өнеркәсіп орын­дарында 5G жекеменшік желілерінің жобалары жүзеге асырылуда. Бұл технологиялар пилотсыз техниканы енгізуге, өндірісті автоматтандыруға және жұмысшылардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда әзірге мұндай шешімдер жекелеген нысандарда ғана қолға алынған. Оларды өнеркәсіпте, көлік саласында және экономиканың басқа да секторларында кеңінен қолдануды қамтамасыз ету қажет».

Үкімет басшысының орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев:

Тарифтер халыққа қолжетімді, ал байланыс инвесторлар үшін тартымды болуы керек

– «Елімізде ауылдардың арасы алшақ. Оптикалық желі тарту қиын шалғай ауылдарды  спутниктік интернетке қосып жатырмыз.  Бұл – цифрлық теңсіздікті азайтудың бір жолы. 1 қазанда OneWeb жəне Starlink спутниктік  байланыс операторларына лицензия берілді. Beeline жəне Starlink Mobile компанияларымен  бірге Direct-to-Cell технологиясын іске қостық.  Смартфон спутникке тікелей қосылады.  Соның арқасында еліміздің кез келген жерінен  хабарлама жіберіп, интернеттің негізгі қызметтерін  пайдалануға болады. Қызмет Android құрылғыларында қолжетімді.  Оны iOS жүйесіне де бейімдеп жатырмыз. Келесі жылы Қазақстан нарығына Shanghai  Spacecom Satellite Technology жəне Amazon LEO шығады деп күтілуде. Нəтижесінде Қазақстан осы төрт оператордың  да жерүсті стансалары орналасқан Орталық  Азиядағы алғашқы ел болмақ. Стансалардың ел аумағында орналасуы  ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай келеді.

Жол үстінде де интернет қолжетімді болуы  керек. Көлікті, туристік нысандарды жəне шекарадағы  өткізу пункттерін желіге қосып келеміз. Air Astana бір ұшағын OneWeb спутниктік  интернетіне қосты. Келесі жылы тағы 20 ұшақты қосу жоспарлануда.

ҚТЖ-ның 1 500 жолаушылар вагонында Starlink спутниктік желісі арқылы Wi-Fi қолжетімді. Биыл туристер жиі баратын 10 локация мобильді интернетке қосылды. Келесі жылы тағы 50 локацияны қосу  жоспарлануда. Шекарадағы өткізу пункттерінің барлығы оптикалық желі жəне спутниктік байланыс арқылы  интернетпен қамтылды».

– «Енді мобильді интернеттің бағасына  тоқталайын. Қарашадағы рейтингте Қазақстан интернеті  жылдам 55 елдің арасында мобильді интернет  тарифінің қолжетімділігі жағынан 7-ші орында тұр. Елімізде мобильді байланыстың орташа тарифі  – айына шамамен $10. Əлемдік орташа көрсеткіш – $27.  Яғни, еліміздегі тариф үш есеге жуық арзан. Интернет-трафик өсіп келеді. Байланыс жылдамдығын арттырып, 5G желісін кеңейту үшін операторлар желіге инвестиция  салуы керек. Балансты сақтау маңызды. Тарифтер халыққа қолжетімді, ал байланыс  саласы инвесторлар үшін тартымды болып  қалуы тиіс».

Үкімет жиынынан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған