Ресми ақпарат: Қазақстан Республикасы Премьер-министрі­нің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова Ұлытау облы­сындағы ұзындығы 208 шақырым болатын Қызылорда – Жез­қазған автожолының реконструкцияланған соңғы учаскесінде көлік қозғалысын ашты. Еліміздің оңтүстік және орталық өңірлерін байланыстыратын жалпы ұзындығы 400 шақырымға жуық жолды реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды.

Қызылорда – Жезқазған автожолын реконструкциялау Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Президент 2026 жылдың соңына дейін жолдың бүкіл ұзындығы бойынша көлік қозғалысын ашуды тапсырған болатын.

Жоба аясында 4 млн. текше метрге жуық топырақ жұмыстары жүргізіліп, 1 млн. тонна құм мен қиыршықтас қоспасы, сондай-ақ 650 мың тонна ұсақталған тас пен құм қоспасы пайдаланылды және 1,3 млн. тонна асфальтбетон төселді. Сонымен қатар төрт көпір, 78 су өткізу құбыры және мал айдап өтуге арналған 18 өткел салынды. Құрылыс жұмыстарына 1,2 мыңға жуық маман мен 800 бірлік техника жұмылдырылды.

«Қызылорда – Жезқазған жобасы – Мемлекет басшысы­ның көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырма­ларының нақты нәтижесі. Қызылорда – Ақтөбе, Қарағанды – Жезқазған және Арал – Каспий бағыттарындағы жобалар­мен бірге оңтүстік, орталық және батыс өңірлерді байланыс­тыратын заманауи көлік желісін қалыптастырып жатырмыз. Біз жай ғана жол салып жатқан жоқпыз, ел экономикасының көлік негізін қалыптастырудамыз», — деді Әсел Жанасова.

Өткен жылы Қызылорда облысындағы ұзындығы 192 шақырым болатын қайта жаңғыртылған учаскеде көлік қозғалысы ашылған еді. Ал Ұлытау облысындағы учаскенің пайдалануға берілуі Қызылорда – Жезқазған автожолын жаңғырту жұмыстарының толық аяқталғанын білдіреді.

Бұған дейін жолдың жағдайы сын көтермей, ұзақ жылдар бойы елдегі күрделі көлік бағыттарының бірі болып келді. Оны қайта жаңғырту өңірлер арасындағы қатынасты жақсартуға, жол қауіпсіздігін арттыруға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жаңартылған жол жол жүру уақытын қысқартып, жолаушылар мен жүк тасымалының сапасын арттырады. Сондай-ақ өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған