Елімізде жастар саясатына айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұған дейін де жастардың түрлі ортада пікір білдіріп, әлеуметтік мәселелерді алға тартып, елдегі өзекті деген проблемаларға қатысты ойларын жеткізіп те жүргендері белгілі. Бүгінде жас ұрпақтың сапалы білім алуына, жұмыспен қамтылуына, кәсіп­керлікпен айналысуына, баспана мәселесін шешуіне және қоғамдық өмірге белсенді араласуына бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Дегенмен жастар арасында әлі де шешімін күткен мәселелер аз емес. Құрылтай жанынан Жастар кеңесінің құрылуы да осы мақсатты алға тартса керек.

2026 жылғы 18 қарашада Құрылтай отырысында Жастар кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Бастаманы таныстырған депутат Дана Медеуова Қазақстандағы жастардың әлеуметтік жоба­лар ұсынып, ел дамуына қатысты мәселелерді көтеріп жүр­генін, алайда олардың бастамаларының бір бөлігі жеке-жеке қалып, республикалық деңгейде қажетті қолдау ала бермейтінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа кеңес жастардың бастамаларын біріктіріп, оларды Құрылтаймен тікелей байланыстыратын тұрақты диалог алаңына айналуы тиіс.

Бұл туралы Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фрак­циясының мүшесі Дана Медеуова:

– Бүгінде Қазақстанда 6 миллионға жуық жас азамат тұрады. Жастар қоғамдық өмірге белсенді араласып, әлеу­меттік жобаларды жүзеге асырып, жаңа идеялар ұсынып, еліміз­дің дамуына қатысты өзекті мәселелерді шешуді ұсы­нады. Сонымен бірге бұл бастамалардың әлеуеті әрдайым толық жүзеге аса бермейді. Олардың көпшілігі жеке-жеке қалып, республикалық деңгейге шығу үшін қажетті қолдауға ие болмай отыр. Осыған байланысты жас азаматтардың бастамаларын біріктіруге, оларды жүйелі түрде ілгерілетуге және жастардың Құрылтаймен тікелей байланысын жолға қоюға мүмкіндік беретін тұрақты диалог алаңын құру қажеттігі туындады, – деді.

Жастар кеңесінің басты мақсаты – белсенді әрі бастамашыл жастарды біріктіріп, олардың елдің қоғамдық өміріне араласуына мүмкіндік жасау. Сондай-ақ  жас ұрпақты Қазақстанның дамуына үлес қосуға, қоғамдық ортаға бейімделіп, түрлі өзекті деген мәселелерді кең көлемде талқыға салуға мүмкіндік береді. Кеңес жұмысының жеке бір бағыты халықаралық жастар ынтымақтастығын дамытуға, қазақстандық жастардың бастамаларын халықаралық алаңдарда ілгерілетуге арналады.

Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың жастар туралы дәйек сөздері:

• «Мен біздің жастарымыздың ұшқыр және озық ойлы екенін мақтан етемін. Сол себепті Мағжан ақынның “Мен жастарға сенемін” деген сөзін үнемі айтамын».

• «Еліміздің тағдыры – жастардың қолында».

• «Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі,
оң өзгерістердің қозғаушы күші».

• «Болашақ Қазақстан жастарының қолында.
Аз уақыттан кейін елді басқару сіздердің
еншілеріңізге тиеді».

• «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін
жаңалық ашу, жаңа іс бастау».

• «Жастар жетістікке жету үшін көп еңбектенуі керек.
Жаңа білім алуға, тың тәжірибе жинауға ұмтылған жөн».

• «Жастардың күш-жігеріне, олардың дарыны мен
біліміне сенемін».

Осы орайда, Кеңес құрамына кімдер кіреді деген сауалдың болуы да заңдылық. Жоспарға сәйкес, Құрылтай депутаттары, жастар ұйымдары мен бірлестіктерінің өкілдері, әр өңірдің белсенділері және түрлі кәсіби саладағы жас мамандар құрамға бекітіледі. Жастар кеңесінің құрамына тек белгілі бір салада танылған азаматтар ғана емес, жаңа идеясы бар, бастамашыл, елдік мәселелерге бейжай қарамайтын жас буын өкілдері енсе, кеңестің ауқымы кеңейе түспек.

Негізгісі жастарды жинау емес, олардың үнін есту болып табы­лады. Қала мен ауыл жастарының айтарлары да, көтерер  мәселе­лері де, ұсыныстары да түрліше болады. Сондықтан, әрбірін жеке­лей тыңдап, оларға тиесілі мәселелер назардан тыс қал­мауы тиіс. Әлбетте, Құрылтай жанынан құрылатын Жастар Кеңе­сінің бір артық­шылығы да осыда болса керек. Жоспарға сәйкес еліміз­дің барлық облыс, қалаларынан тыс,  ауылдар мен шалғай аудан­дар­дағы жастардың бастамалары мен ұсыныстары да назарға алынбақ.

ЖАСТАР ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ДӘУІРІ ӨТТІ МЕ? БҮГІНГІ БУЫННЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Бір кезеңде жастар ұйымдарының сәйкесінше оларға мүшелік ететін жастардың саны да аз болған жоқ. «Жастар рухы», «Жасыл ел» студенттік қозғалыстары, жастар мәслихаттары, волонтерлік бірлестіктер мен түрлі қоғамдық ұйымдар жас буынның басын қосып, түрлі жобаларды бірлесіп жүзеге асырды. Олар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, қоғамдық жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етті. Жастардың әлеуметтік жобаларға қатысуы, қайырымдылық шараларын өткізуі, экологиялық акцияларға араласуы, ауыл-аймақтың мәселелерін көтеруі осы ұйымдардың қызметімен тығыз байланысты болды.Бұл ұйымдар тек мәдени-көпшілік шаралар өткізумен шектелмей, жастардың көшбасшылық қабілетін қалыптастыруға, азаматтық ұстанымын дамытуға, қоғамдағы өзекті мәселелерге араласуына мүмкіндік берді. Сол уақыттары жастар әр жобаның жүйелі жүзеге асуына жұмыла атсалысып, өз үлестерін қосқанға және әр бастамадан өздері үшін тәжірибе жинақтағандарына да риза болысатын. Алайда, бүгінгі жастардың бойынан осындай қадамдарды аңғарамыз ба?! Ол өз алдына бөлек тақырып… Шын мәнінде, жастардың қызығушылығы мен қоғамдық белсенділікке деген көзқарасы жаңарды. Неге десеңіз, бүгінгі жастар әр қадамдарын «құнсыздандырғылары» да келмейтіні белгілі.

Себебі, бүгінде де жастар ұйымдарының маңызы жойылған жоқ. Қазақстанда республикалық және өңірлік жастар ұйымдары, жастар ресурстық орталықтары, волонтерлік қозғалыстар мен қоғамдық бірлестіктер жұмыс істеп келеді. Дегенмен олардың жұмысын тек  «ұрандатқан форум­дар», кездесулер мен акциялардың санымен бағалау жеткіліксіз. Ең бастысы, жастардың нақты мәселелерін шешуге қаншалықты ықпал еткені, олардың ұсыныстарының қаншасы іске асқаны түйіткілді екені белгілі.

 Жастар кеңесінің тиімділігі жастармен өткізілетін кездесулердің санымен емес, жастар көтерген мәселелердің шешілуімен өлшенуі қажет. Мысалы, жастардың баспана, жұмыспен қамту, сапалы білім, ауыл инфрақұрылымы, кәсіпкерлік және әлеуметтік мүмкіндіктерге қатысты ұсыныстары нақты шешімдерге айналуы тиіс.Егер кеңес осы аталған және өзге де өзекті мәселелерді алға тартып, мемлекеттік мекемелермен жүйелі жұмыс жүргізе алса, ол жастардың қоғамдық-саяси өмірге араласуына тікелей негіз болмақ.

Қорытындылай айтқанда, жастар ұйымдарының маңызы жойылған жоқ, бірақ олардың қоғамдағы рөлі мен жұмыс істеу тәсілі өзгерген секілді. Бүгінгі жастарды енжар деп бағалауға да болмас. Өйткені, олар волонтерлікке, әлеуметтік жобаларға, цифрлық бастамаларға және жергілікті мәселелерді шешуге қатысып жүр. Алайда бұл белсенділіктің шешім қабылдау деңгейіне жетуі әлі де маңызды мәселе болып отыр. Демек мәселелерді көтеру бір бөлек те, оның шешімі үшін жасалған әр әрекетке қолдау мен нақты іс әрекетке бағыт алғандары бір бөлек.

P.S. Құрылтай жанындағы Жастар кеңесі осы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік беретін жаңа алаң болатынына уақыт көз жеткізер. Бірақ оның шынайы нәтижесі жастардың қаншасы кеңеске мүше болғанымен емес, қанша бастаманың нақты шешімге айналғанымен бағаланса игі…

А.ӘЛИАРЫСТАН

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған