Қызылордадан Құрылтайға аттанғандар Елордада түрлі жиындарда төбе көрсетіп, ел мүддесі үшін шешілуі тиіс мәселелерді алға тартуда. Мәселен, депутат Серік Қожаниязов мемлекет тарапынан жасалатын әр жоба халықтың қамы үшін оң бағытта болуы керек деген ұстанымда. Ол қатысқан бір жиын Экономикалық саясат, өндіріс және энергетика комитетінің отырысында өрбіді. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралған.
Құрылтай депутаты Серік Қожанизов:
– Құрылтай аясындағы жұмысымыздың басты мақсаты – ел мен өңірлердің мүддесін ескере отырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған сапалы заңнамалық шешімдер қабылдауға үлес қосу. Заңнамалық өзгерістердің негізгі мақсаты – экономикалық тиімділікті арттыру, өңірлердің тұрақты дамуына ықпал ету және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жағдай жасау.
Айта кетйік, басқосуда Заң жобасын қарау аясында мемлекеттік активтерді басқару тетіктерін жетілдіру, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін оңтайландыру, инвестициялық белсенділікті арттыру және жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарығындағы баға тұрақтылығын сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Серік Қожаниязовтың қатысуымен заң жобасын талқылаған келесі жиын Энергетика министрлігімен байланысты болды. Депутаттар ғана емес, «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz» ұлттық компанияларының, «KAZENERGY» және мұнай-газ-химия қауымдастықтарының өкілдері де төбе көрсеткен басқосуда «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы талқыға түсті.
Құрылтай депутаты Серік Қожанизов:
– Мұнай-газ химиясын дамыту – ел экономикасы үшін өте маңызды. Басты мақсат – мұнай мен газды шикідей сатпай, ел ішінде өңдеп, дайын тауар шығару. Мысалы, бастапқы шикізаттың құны 80–90 доллар болса, одан жасалған пластмасса, құбыр, құрылыс және медицина бұйымдары, автобөлшектер сияқты дайын өнімдердің бағасы 2500–3700 долларға дейін өседі. Шикізатты неғұрлым терең өңдесек, табыстың соғұрлым көп бөлігі өз елімізде қалады. Өндірістің басты шикізаты – сұйытылған газ. Ол әлеуметтік маңызы бар ресурс болғандықтан, жиында бұл мәселе бөлек қаралды.
Біздің міндет – газды пайдалану тәсілі өзгергенде, оның әлеуметтік маңызы бар көлік пен коммуналдық салаға кері әсерін тигізбеуін қамтамасыз ету.
Депутаттың айтуынша, қараша айының соңына дейін заң жобасын талқылау мен келісу жұмыстарын аяқтап, құжатты Құрылтайдың бірінші оқылымына шығару көзделуде.