Құрылтайшылар тарапынан қаралған заң жобаларының бір бөлігі аграрлық мәселелерге арналды. Депутат Мағжан Ералиевтің айтуынша, отырыс бары­сында Конституциялық заңнама, аграр­лық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитеті мен сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің қарауындағы заң жобалары талқыланды.

Басқосу аясында Астана қаласының жасыл белдеуін қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық келісімдер мен шарттарға қатысты мәселелер, онлайн платфор­малар мен масс-медиа қызметін реттеу, мемлекеттік мүлікті басқару және бағалау қызметі талқыға салынды.

Тақырып аясында – «Бүгінгі комитет отырысында барлық депутат­тар өз пікірлерін білдірді. Әрбір заң жобасы бойынша ұсынылған нор­малардың мазмұны мен оларды тәжі­ри­беде қолдану ерекшеліктеріне назар аудардық. Құжаттарды одан әрі пысық­тау кезінде көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар ескеріліп, сарап­шылар қауымдастығымен бірлескен талқылау жалғасады», – деп пікір біл­дірді депутат Мағжан Ералиев.

Ветеринария саласын дамыту және елорданың жасыл белдеуін кеңейту – маңызды міндеттер

Аграрлық мәселелерден тыс, ветери­нарияға тиесілі өзекті мәселелер ортаға салынып, қандай бір кемшіліктердің ал­дын алу үшін арнайы  отырыс өтті. Осы орайда, Құрылтай депутаттарына Ауыл шаруа­шылығы министрлігі ветеринария саласына қатысты заң жобасын таныс­тырды. Сонымен бірге жануарлар ара­сында жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу, ветеринариялық бақылау жүйесін жетілдіру және халықты қауіпсіз ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз ету де сөз болды.

Құрылтай депутаты Мағжан Ералив: 

– Бұл өзгерістер мал шаруа­шылы­ғындағы тәуекел­дерді азайтуға, шаруа­лардың мүдде­лерін қорғауға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуі тиіс. Өйткені ветеринариялық қауіпсіздік – тек ауыл шаруашылығының мәселесі емес, ол әрбір азамат­тың денсаулығы мен тұтынатын тағамының сапасына тікелей қатысты.

Депутат Мағжан Ераливтің ай­туынша бүгінде Заң жобасында мал аурулары анықталған жағ­дайда жедел әрекет ету тәртібін жетілдіру, жануарларды есепке алуды цифрландыру және ветери­нариялық препараттардың сапасын бақылауды күшейту мәселелері қамтылған. Сонымен қатар вете­ринар мамандардың еңбек жағ­дайын жақсарту, әлеуметтік қолдау шараларын қарастыру және кәсіби қызметін жетілдіруге бағытталған ветеринариялық палата құру ұсынылған.

Ауыл және мал шаруашылығы – бір бағыт

Аграрлық  мәселелерге басымдық  бер­ген  депутат Мағжан Ералиев Астананың жасыл белдеуіндегі экологиялық шарадан да төбе көрсетті. Табиғат аясындағы кез­десу барысында қарағай көшеттерін отыр­ғызып, елорда маңындағы орман ал­қап­­тарын дамыту жұмыстары пікір алмасты.

Құрылтай депутаты Мағжан Ералив:

 – Алайда жасыл аймақтың көлемін ұлғайту ғана емес, отырғызылған ағаш­тардың толыққанды өсуіне жағ­дай жасау да маңызды. Сондықтан көшет­терді күтіп-баптау мен орман алқаптарының тұрақтылығын қамта­масыз етуге ерекше көңіл бөлінуі қажет. Ветеринария саласын жетілдіру де, жасыл белдеуді дамыту да ортақ мақсатқа – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қызмет етеді. Бірі денсаулық пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екіншісі келешек ұрпаққа қолайлы экологиялық орта қалдыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік бүгінде мамандар  Аста­наның экологиялық жағдайын жақсартуға, жел мен шаңның әсерін азайтуға және тұрғындар үшін қолайлы табиғи орта қалыптастыру үшін бұл белдеудің жұмы­сына мұқият зер салуда.

Отандық өндірісті қолдаудағы игі бастама

Мағжан Ералиев ауыл, мал шаруа­шылықтарынан тыс балық шаруашы­лығын да қаперге алмақ. Осы мақсатта ол Ақмола облысы Целиноград ауданындағы балық азығын өндіретін «POSEYDON» ЖШС-не де барды.

Ресми мәліметке сәйкес кәсіпорын жылына 25 мың тонна балық азығын өндіруге, 75-ке дейін жаңа жұмыс орнын ашуға қауқарлы. Өндіріс барысында бақтақ, тұқы және басқа да балық түрлеріне арналған жем шығарылып, технологиялық процестерді автоматтандыру мен өнім сапасын зертханалық бақылау жүйесі енгізіледі.

Ондағы жұмысшылардың мәлімдеуін­ше, өндірістің жекелеген бағыттарын ғана емес, жем өндіруден бастап балық өсіру, оны нарыққа жеткізуге дейінгі жұмыс жүйесін дамыту маңызды. Мұн­дай тәсіл отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, өндіріс тиімділігін арттыруға және өңірлерде тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермек.

– Осындай жұмыс сапарлары бізге, депутаттарға, инвестициялық жоба­лардың жүзеге асу барысымен тікелей танысып, кәсіпкерлердің сұраныстары мен саладағы өзекті мәселелерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Өндірушілердің ұсыныстарын заң шығару жұмысында ескеру – саланың дамуына қажетті жағдай қалыптас­тырудың маңызды бөлігі, – деді депу­тат М.Ералиев.

Отандық өндірісті қолдау – өңірлік эко­но­миканы дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жасалып жатқан игі бастамалардың бірі болары белгілі.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған