(Сурет ғаламтор желісінен алынған)

Шетте тұратын халықтан Қызыл­ордада бүгін ең үлкен проблема қан­дай деп сұрасаңыз, олар бірауыздан «Аялдама жоқ» дейді.

Расында бүкіл шеткі шағын аудандар осы азапты көріп отыр.

Орталықта бәрі бар. Аялдама бар, оның шатыры бар, жарығы бар. Ал шетке шықсаңыз, мәселен Саяхатқа барыңызшы, КБИ-ге барыңызшы, Тасбөгетке, Әл-Фарабиге барыңызшы. Онда не көресіз? Жол бар, аялдама жоқ. Белгі жоқ. Аяқжол жоқ. Тек шаң, тек батпақ, тек жолдың шетінде тұрған адамдар ғана бар.

Шындығында, аялдама – қаланың айнасы. Аялдамаға қарап, сол қаладағы биліктің халыққа деген қарым-қатынасын көруге болады.

Аялдамасы таза, жарығы, шатыры бар, орындығы бар аялдамасы бар қалада билік халықты сыйлайды деген сөз. Ал аялдамасы жоқ, белгісі жоқ, адамдары жаңбырда жолдың шетінде тұрған қалада билік халықты сыйламайды деген сөз.

Біздің Қызылорданың айнасына қараңызшы. Орталығы жылтырап тұр. Ал шеті шаң басып тұр. Шетіндегі айна сынған. Себебі шетіндегі халыққа қараған ешкім жоқ.

Таңертеңнен дірдектеп балабақ­шаға, мектепке бала жетектеген ана мен баланың жан қиналысын түсіну үшін оны сезініп көру керек. Олар аялдама іздейді. Аялдама жоқ, қорған жоқ. Ақыры «Осы жерден автобус өтеді» деп жолдың шетінде тұра қалады. Басқа амалы жоқ.

Құдайына қараған жүргізуші болмаса, автобустар да тоқтамай кете салады. Тоқтағандары: «аялдамаға ғана тоқтаймын, заң солай. Мен де бала-шағамның аузынан жырып 21 мың теңге штраф төлегім келмейді» дейді.

Дұрыс. Заң солай. Бірақ аялдама қайда? Аялдаманы көрсетіңізші! Тікелей шопырларды кінәлаймыз, алайда кінә аялдама салмаған жүйеде болып тұр ғой.

Сонда заң кім үшін шыққан? Автобус үшін бе, әлде халық үшін бе?

Егер заң халық үшін шыққан болса, онда алдымен халыққа аялдама салынуы керек еді. Аялдама жоқ жерде заңды орындауды талап ету, бұл халықты жазалау. Ал заң автобус үшін шыққан болса, онда халық қайда қалады? Халық жолдың шетінде қала бере ме?

Заң халықты қорғау үшін керек. Ал бізде заң халықты қорғамай, халықты қинап тұр.

Шындықты айтайықшы. Автобуста бай-бағлан жүрмейді. Автобуста бастық жүрмейді. Автобуста депутат жүрмейді. Автобуста жылы кабинетте отырған шенеунік жүрмейді.

Автобуста бала-шаға жүреді. Ав­то­буста әлеуметтік осал топтар жүреді. Автобуста зейнеткерлер жү­реді. Автобуста көпбалалы ана жүреді. Автобуста жұмысқа асыққан қарапайым адам жүреді. Яғни, авто­буста елдің ең қорғансыз бөлігі жүреді.

Соларға жағдай жасаудың орны­на, біз оларды далада қалдырдық. Жаңбырдың астында қалдырдық. Қардың астында қалдырдық. Жолдың шетінде қалдырдық.

Ал сайлау келгенде ше?

Міне, ең ащы жері осы. Сайлау келгенде бәрі өзгереді. Кенеттен бізді еске алады. Кенеттен біздің үйімізді табады. Кенеттен біздің есігімізді қағады.

Мәслихат депутаттарын сайлауға шақыру хабарламасын әрбір адамға жіберіп отыруға қанша қаражат жұмса­лады, білесіздер ме? Әрбір үйге хат барады. Әрбір адамға смс келеді. Әрбір көшеге плакат ілінеді. Демек үгіт-насихатқа миллиондар жұмсалады.

Бізді сайлауға шақыруға ақша табылады. Біздің дауысымызды алуға ақша табылады. Біздің есігімізді қағуға адам табылады. Ал бізге бір аялдама белгісін қойып беруге ақша табылмай ма? Ең құрығанда, бір темір бағана, бір «Аялдама» деген белгі қоюға ақша жоқ па?

Бұл қалай? Сайлауға шақыруға ақша бар, ал аялдамаға ақша жоқ па?

Түптеп келгенде, адамның қадірін білмейтін депутатты кім сайлағысы келеді? Халық жолдың шетінде жаңбырда тұрғанда, кабинетте отырып, ешнәрсе істемеген депутатты кім жақсы көреді? Ең құрығанда аялдама белгісін қойып беруге ықпал ете алмайтын халық қалаулысының кімге керегі бар?

Депутат деген кім? Депутат – халықтың мұңын айтатын адам. Егер депутат өз округіне бір аялдама белгісін қойдыра алмаса, ол қандай депутат? Ол кімнің өкілі?

Тағы бір шындықты айтайықшы. Көп жағдайда билікте отырғандардың, депутаттардың өз кәсіптері бар. Сайланған соң олар халықтың мәселесін шеше ме? Жоқ. Өз кәсіптерін жүргізіп, дамытып отырады. Бизнесін кеңейтеді, қалтасын қалыңдатады.

Ал халықтың аялдамасы әлі жоқ. Халықтың аяқжолы әлі жоқ. Халықтың жолы әлі батпақ.

Халық оларды не үшін сайлады? Халықтың аялдамасын салсын деп сайлады. Халықтың жолын жаса­сын деп сайлады. Халықтың мұңын айтсын деп сайлады. Ал олар халық­тың дауысымен маслихатқа сайла­нып алып, халықты ұмытып, өз бизне­сін ойлап кетті. Бұл сатқындық емес пе? Бұл халықты алдау емес пе?

Сайлаудың алдында: «Мен халық үшін жұмыс істеймін» деп, қолын жүре­гіне қояды. Сайлаудан кейін: теле­фон өшірулі, кабинет жабық, халық ұмытылады. Ал бизнесі жүріп тұрады.

Халық оны іздейді. Халық аялдама сұрайды. Халық аяқжол сұрайды. Ал ол: «Бюджетте ақша жоқ» дейді. Бюджетте ақша жоқ болса, сайлауға шақыруға, плакат басуға, үгіт жүргізуге ақша қайдан табылды? Сол ақшаға қанша аялдама белгісін қоюға болар еді?

Бір плакаттың ақшасына бір аял­дама белгісі тұрған болар еді. Бір үгіт парақшасының ақшасына бір орындық тұрған болар еді. Бірақ олар аялдама емес, дауыс жинауды таңдайды.

Жалпы, биліктегілер сіздер таң­ертең жылы машинаға отырасыз­дар. Балаңызды жылы машинамен мектепке апарасыздар. Сіздер авто­бус күтіп көрген жоқсыздар. Сіздер аялдама жоқ жерде жолдың шетінде тұрып көрген жоқсыздар. Сондықтан сіздер бізді түсінбейсіздер.

Ал біз сіздердің машиналарыңызға салық төлеп отырмыз. Біз сіздердің жалақыларыңызды төлеп отырмыз. Бір күн ғана машинадан түсіп, шетке шығып көріңіздерші. Балаларыңызбен бірге авто­бус күтіп көріңіздерші. Сонда түсінесіздер. Жол азабын жүрген ғана білетінін…

Біз көп нәрсе сұрамаймыз. Біз сарай сұрамаймыз. Біз алтын сұрамаймыз. Біз Астанадағыдай жылуы бар, жылы аялдама керек деп отырған жоқпыз.

Біз тек Конституция бойынша бар­лық адамның құқығы тең болуы қажет делінген теңдік сақталсын дейміз.

Астанадағы бала да, Қызылорда­ның шетіндегі бала да осы мемлекет­тің баласы. Орталықтағы адам да, шеттегі адам да осы елдің азаматы. Неге біреуіне жылы аялдама, енді біреуіне аялдама белгісі де бұйырмайды? Неге біреуінің құқығы бар, біреуінің құқығы жоқ?

Конституцияда «барлық адам заң мен сот алдында тең» деп жазылған. Сонда біздің теңдігіміз қайда? Біздің аялдамадағы теңдігіміз қайда? Біздің жолдағы теңдігіміз қайда?

Біз тек мынаны сұраймыз: қызметтік мүмкіндігіңізді пайдаланып шетаймақтарға стандартқа сәйкес аялдама белгісін қоюға ықпал етуді қолға алыңызшы. Халық аялдама таппай әуре болмасын, титықтамасын, азарланбасын.

Аялдамалардың арасын заңда­ғыдай етіңізші. 2 шақырым емес, 400-800 метр болуын қадағалаңызшы. Жолдарға аяқжол салыңызшы. Баламыз жолдың шетімен өлімге тігіліп жүрмесін. Аялдамаға кішкене шатыр, бір-екі орындық қойыңызшы. Шопырды жазалай бермей, алдымен оған жағдай жасаңызшы…

Ең бастысы: депутаттар, сайлау­дан кейін де халықты ұмытпаңыз­даршы. Сіздерді сайлаған халық, сіздерге сенген халық. Сол халық бүгін жолдың шетінде тұр. Өз биз­не­сіңізді емес, өз халқыңызды ойлаңызшы…

Осыны істеу қиын ба? Осыны істеу үшін миллиард керек пе? Жоқ. Ол үшін тек жүрек керек. Тек адамды адам деп көру керек…

Өмір алма-кезек дейді. Әр пенде өмірге келгенде бір-біріне себепші болып жаратылады екен. Биліктегі сенім артқан азаматтар, ертеңгі күні сіздің де ұрпағыңыз осындай жағдайға кезікпесіне кім кепілдік береді? Сондықтан халықты жанқиналысына түсірудің жөні жоқ.

Бұл мақала бір адамның шағымы емес. Бұл Қызылорданың шетінде тұратын мыңдаған адамның үні. Егер бүгін біз үнсіз қалсақ, ертең де аялдамасыз қаламыз. Ертең де баламыз жолдың шетінде тұрады. Сондықтан біз барлық қызылорда­лыққа айтамыз: осы мәселені айту­дан қорықпайық. Бұл – біздің құқығымыз.

Сайлауда дауыс берерде, ойла­найықшы, бізге аялдама белгісін де қойдыра алмаған, өз кәсібін ғана ой­лаған депутатқа дауыс берудің керегі бар ма? Біздің қадірімізді біл­ме­ген адамға дауыс берудің керегі бар ма?

Аялдама жоқ жерде адам қадірі де жоқ. Ал адам қадірін білмеген депутаттың халық алдында абыройы да болмайды. Біз әлі күтіп отырмыз. Жолдың шетінде. Баламызды құшақтап. Үлкен үмітпен…

Р. САДУОВА

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған