Қараша айының басында Ресейде Холодец күні аталып өтті. Алайда бұл бейресми мерекені біреулер атап өтсе, енді біреулер мүлде байқамаған да болар. Ресейде бұл тағам орыс асханасына ежелден тән ұлттық ас ретінде саналады. Дегенмен холодецтің ұқсас түрлері әлемнің өзге халықтарының ас мәзірінде де бар.
Аталған тағамның шығу тарихын зерттеушілердің пайымдауынша, холодецке ұқсас тағамдар Еуропаның әртүрлі елдерінде шамамен бір кезеңде – ерте орта ғасырларда пайда болған.Ол заманда тұрмысы төмен отбасылар малдың етін ғана емес, тұмсығынан құйрығына дейінгі барлық мүшесін кәдеге жаратуға тырысқан. Осылайша Германия мен Австрияда зельц немесе зюльц, Скандинавияда сюльт, Балқан түбегінде пихтие секілді тағамдар қалыптасты. Жалпы, Еуропаның қай еліне барсаңыз да, холодецтің өзіндік бір нұсқасын кездестіруге болады. Олардың дайындалу тәсілдері, әрине, бір-бірінен ерекшеленген. Бір жерде тағамды арнайы қалыпқа салып бастырса, енді бір жерде сол күйінде қатырған. Бұл тағамдар көпшілік арасында кең таралып, мерекелік дастарқанның сәніне айналған. Өйткені ол кезде малды күнделікті соймайтын, ет көбіне ерекше жағдайларда ғана дастарқанға қойылатын.
Еуропадағы холодецтің өзгеше түрлерінің бірі – ағылшындардың «Head Cheese», яғни «Бас ірімшігі» деп аталатын тағамы. Әрине, оның кәдімгі ірімшікке еш қатысы жоқ. Ағылшындар бұл тағамды да орта ғасырларда ойлап тапқан. Атауындағы «ірімшік» сөзі оның тығыз құрылымына және ірімшік секілді арнайы бастырылып дайындалуына байланысты шыққан деген болжам бар. Француздар мен голландтар да холодецті өз нұсқаларында осылай атайды.
Бұл тағамның өзге холодецтерден басты айырмашылығы – оның қоғамдағы мәртебесінің өзгеріп, кең таралуында. XVIII ғасырдың басында ол қарапайым ауыл тағамы деген атауынан арылып, сәнге айналды. «Бас ірімшігі» ауқатты отбасылардың дастарқанына қойылып, үй иесінің аспаздық шеберлігін танытатын тағам саналды.
Американың оңтүстігіндегі отар елдерінде аспаздықпен айналысқан құлдар дәстүрлі тағамға креол асханасының ерекшеліктерін енгізді. Мәселен, көкөніс өте аз пайдаланылатын тағамға креол асханасына тән пияз, жасыл бұрыш және балдыркөк қосылды. Бұған қоса ащы бұрыш пен балғын сарымсақты да молынан пайдаланған. Еуропада бұл тағам дербес суық тіскебасар ретінде ұсынылса, Америкада оны бекон секілді бутербродтарға қосады немесе қуырып жейді.
Францияда қатырылған сорпа – желе деп айтылады. Алғашында тоңазытқыш пен салқын жертөле болмаған заманда тез бұзылатын азық-түлік ретінде ерекше әдіспен сақталған. Қою желе қабаты ет пен балықты ауамен жанасудан қорғап, олардың балғын қалпын ұзағырақ сақтауға мүмкіндік берген.
Аспик алғашында тез бұзылатын азық-түлікті сақтау тәсілі болған. Қазір оны дәстүрлі ет өнімдері сатылатын дүкендерден жиі кездестіруге болады.
Бұл тағамның алғашқы толық рецептері 1380 жылы жарық көрген француз аспазы Гийом Тирельдің «Le Viandier» атты еңбегінде жазылған. Ол Карл V және Карл VI корольдерінің сарай аспазы болған. Аталған кітапта балық пен еттен жасалатын холодецтің екі түрі сипатталған.
Балық желесін әзірлеу үшін шортанның сүйектері мен балықтың желбезек маңындағы сіңірлі бөлігін пайдалану ұсынылса, бұзаудың сирақтары мен тұяқтары қосылған. Тағамның ұзақ сақталуын қамтамасыз ету үшін сорпаға қышқыл шарап немесе сіркесуы молынан құйылған.
Ол кезде холодец байлықтың белгісі саналғандықтан, тағамға Шығыстан әкелінетін қымбат дәмдеуіштер де көп қосылған. Алайда мұның басқа да себебі болуы мүмкін. Өйткені дәмдеуіштер сәл бұзыла бастаған өнімнің дәмі мен иісін жасыруға да көмектескен.
XVIII ғасырдың соңында француз асханасының әйгілі шебері Мари-Антуан Карем аспикті дастарқанның басты сәніне айналдырды. Ол тағамды ерекше безендіріп ұсынудың өзіндік әдісін ойлап тапты.
Алдымен аспиктің сорпасы арнайы тәсілмен ұзақ қайнатылған. Ол үшін сорпаға жұмыртқаның ақуызы қосылған. Ақуыз ұйып, сорпаның құрамындағы ұсақ ет бөлшектерін, май мен тұнбаны өзіне жинап, нәтижесінде сұйықтық пайда болған.
Сонымен қатар Каремнің сызбалары бойынша мыстан арнайы қалыптар жасалған. Олардың пішіні геометриялық фигуралардан бастап, қамалдар мен мұнараларға дейін әр түрлі болған. Аспик осы қалыптарға құйылып қатырылған. Кейін бірнеше қабаттан тұратын, дірілдеп тұратын әсем композициялар мүсінделген трюфель, сәбіз, көк шөптермен безендіріліп, салтанатты дастарқанға қойылған.
XX ғасырда жасанды желатиннің пайда болуына байланысты аспик бұрынғыдан да кең тарала бастады. Алайда оған ең үлкен соққыны 1970 жылдары кеңінен таралған «жаңа асхана» бағыты жасады. Бұл бағытты ұстанған аспаздар ұзақ дайындалатын, күрделі безендірілген дәстүрлі тағамдардан бас тартып, қарапайымдылыққа, балғын өнімдерге және қысқа мерзімді термиялық өңдеуге басымдық берді.
Қазір аспикті қымбат мейрамханалардан гөрі Францияның дәстүрлі ет өнімдері сатылатын дүкендерінен жиі кездестіруге болады.
КОРОЛЬДЕРДІҢ ТАҒАМЫ ӘРІ ЕМДІК АС
Кореяның сиыр етінен әзірленетін холодеці – чокпхён еуропалық нұсқалардан ерекшеленеді. Өйткені ол ешқашан қарапайым халықтың күнделікті тағамы болмаған. Бұл – корольдерге арналған ас.
1392 жылдан 1919 жылға дейін Кореяны басқарған Ли әулеті тұсында сиыр еті аса бағалы деликатес саналған. Оны қарапайым халықтан гөрі император сарайындағылар ғана тұтынған. Өйткені сиыр кез келген шаруашылықтың ең қымбат байлығы есептелген. Оның үстіне, ет үшін сиыр союға іс жүзінде толық тыйым салынған. Тек құрбандық шалу рәсімдеріне немесе сиыр етін дәрілік мақсатта пайдалануға ғана рұқсат берілген.
Чокпхён тағамының нақты қай кезеңде пайда болғаны белгісіз. Дегенмен ол корей жазбаларында ертеден кездеседі. Оның рецепті 1670 жылы жазылған Кореядағы алғашқы аспаздық кітаптардың бірінде де бар. Кореяда чокпхён қыс мезгілінде дайындалып, император дастарқанына ұсынылған.
Бұл тағам тек қыс мезгілінде әзірленген. Оның негізгі құрамына сиырдың тұяғы, терісі мен сіңірлері кірген. Олар коллагенді барынша бөліп алу үшін үлкен қазандарда бір тәуліктен астам уақыт қайнатылған. Ет бөлек пісіріліп, жіңішке талшықтарға ажыратылған. Содан кейін сорпаға араластырылған. Қоспа қатпай тұрып, оның беті арнайы өрнекпен безендірілген. Ол үшін ағаш саңырау құлақтары, қызыл бұрыш, самырсын жаңғағы және жұмыртқадан жұқалап пісірілген құймақтар пайдаланылған. Қатқан желе мінсіз төртбұрыш пішінді, бір тістемге шақталған бөліктерге кесілген. Дегенмен бұл тағамның қарапайым халыққа арналған нұсқасы да болған. Ол үшін сиыр етінің орнына тауықтың аяқтары мен бастары немесе минтай мен Тынық мұхиты балығының терісі пайдаланылған.
Көптеген тарихшылардың пікірінше, холодецтің ең алғашқы үлгісі Қытайда пайда болған.
533–544 жылдар аралығында жазылған «Ци минь яо шу» атты еңбекте шошқаның сирақтарын баяу қайнату әдісі сипатталған. Алайда бірнеше ғасырдан кейін Францияда пайда болған желе секілді, бұл тағамда алғашында етті ұзақ уақыт сақтаудың бір жолы болған.
960–1279 жылдары билік құрған Сун әулеті тұсында тағамның рецепті жетілдіріліп, оған зімбір, сарымсақ және сірке суы негізіндегі тұздықтар қосыла бастаған. 1618–1683 жылдардағы маньчжур жаулап алуынан кейін елде шамамен 300 жыл билік құрған Цин әулеті тұсында бұл тағам Қытайдың барлық өңіріне таралған.
Дәстүрлі сиыр етінен холодец

Құрамы:
1 кг сиырдың асықты жілігі немесе сирағы; 500 г сиыр еті; 1 пияз; 1 сәбіз; 3-4 түйір сарымсақ; 2 лавр жапырағы; Тұз, қара бұрыш.
Дайындалуы:
Етті жуып, суық суға салып қайнатыңыз.
Қайнаған соң көбігін алып, баяу отта 5-6 сағат пісіріңіз.
Соңғы сағатта пияз, сәбіз, лавр жапырағын қосыңыз.
Етті сүйектен ажыратып, тураңыз.
Сорпаны сүзіп, сарымсақ қосыңыз.
Етті ыдысқа салып, үстіне сорпа құйыңыз.
Тоңазытқышта 6-8 сағат ұстаңыз.
Тауық етінен жеңіл холодец

Құрамы:
1 бүтін тауық; 2 тауық сирағы; 1 сәбіз; 1 пияз; 3 сарымсақ түйірі; Тұз, бұрыш; Қажет болса 20-25 г желатин.
Дайындалуы:
Тауықты 2,5-3 сағат баяу қайнатыңыз.
Етті сүйегінен ажыратыңыз.
Сорпаны сүзіп, қажет болса ерітілген желатин қосыңыз.
Етті ыдысқа орналастырып, сәбіз бен көк шөппен безендіріңіз.
Сорпа құйып, тоңазытқышқа қойыңыз.
Әдемі безендірілген мерекелік холодец

Құрамы:
700 г тауық еті; 300 г сиыр еті; 2 қайнатылған жұмыртқа; 1 сәбіз; 100 г жасыл бұршақ; 20-25 г желатин; Тұз, сарымсақ.
Дайындалуы:
Етті пісіріп, тураңыз.
Жұмыртқа мен сәбізді дөңгелектеп кесіңіз.
Қалыптың түбіне әдемілеп сәбіз, жұмыртқа, бұршақ орналастырыңыз.
Үстіне ет салыңыз.
Сорпаға ерітілген желатин қосып, қалыпқа құйыңыз.
Тоңазытқышта 5-6 сағат қатыртыңыз.
Холодецтің жақсы қатуы үшін 3 кеңес
Сорпаны қатты бұрқылдатпай, баяу қайнатыңыз.
Сорпа ет пен сүйектің табиғи желімтекті бөліктерінен қоюланады. Егер сорпа өздігінен қатпаса, желатин қосуға болады. Желатинді қаптамадағы нұсқаулыққа сай қолданыңыз.
Желатинсіз табиғи холодец – ең дәмді әрі дәстүрлі тәсілдердің бірі. Қазақы етпен, әсіресе жылқы еті, қазы және сиыр сирағын қосып дайындасаңыз, сорпасы табиғи түрде қатып, өте дәмді болады.
Қазақша желатинсіз табиғи холодец
Құрамы:
Сиыр сирағы – 1,5 кг; Сиырдың асықты жілігі – 500 г; Жылқы еті – 500 г; Қазы – 300 г; Сәбіз – 1 дана; Пияз – 1 дана; Сарымсақ – 5 түйір; Тұз – дәміне қарай; Қара бұрыш – 8-10 түйір; Лавр жапырағы – 2 дана; Су – шамамен 3–3,5 литр.
Дайындалуы:
1-кезең. Етті дайындау
Сиыр сирағын жақсылап тазалап жуыңыз.
Еттерді суық суға 2-3 сағат салып қойыңыз.
Суды төгіп, етті қайта шайыңыз.
2-кезең. Қайнату
Етті қазанға салып, үстінен 3–3,5 литр су құйыңыз.
Қайнаған кезде көбігін алыңыз.
Ең баяу отта 5–7 сағат қайнатыңыз.
Сорпа қатты бұрқылдап қайнамауы керек.
3-кезең. Дәмдеу
Соңғы 1,5 сағатта жылқы етін қосыңыз.
Соңғы 1 сағатта сәбіз бен пияз қосыңыз.
Қазыны бөлек пісіріп алыңыз.
Дайын болуына 20-30 минут қалғанда тұз, бұрыш, лавр жапырағын қосыңыз.
4-кезең. Етті орналастыру
Етті сүйектен ажыратыңыз.
Ұзынша немесе майдалап тураңыз.
Қазыны дөңгелектеп кесіңіз.
Ыдыстарға етті орналастырыңыз.
Ұсақталған сарымсақ қосыңыз.
Сорпаны бірнеше қабат дәке немесе ұсақ сүзгі арқылы өткізіңіз.
Еттің үстіне сорпаны құйыңыз.
5-кезең. Қатыру
Алдымен бөлме температурасында аздап суытыңыз.
Тоңазытқышқа қойыңыз.
6–10 сағат ұстаңыз.
Міне, желатинсіз табиғи холодец дайын!