ШӨЛСТАНҒА ШАБУЫЛ

Біз ертелетіп шыққанбыз. Ұлы сәскелік иектенгеннен-ақ дала жанып берген, машинаның тар кабинасы қапырық. Мына Арыстан ыстық пен суыққа әбден көндіккен, мыңқ ететін емес. Әңгіме тиегін ағытып келеді. Жұмыс жайы.

– Сол тоқсаныншы жылдың күзінде 500 гектардай сортаңды кебірге жыңғыл тұқымын тастағанбыз, – деді, ол жерлер сонау қиырда дегендей оң қолын алға сілтеп.

– Бұл жұмысты әуелгі бастаушылар Күншығар Жолақанов, Еділбек Төреев, Мешітқали Назарбаев, Файзулла Орынбасаров, Төлеміс Берістенбаев болды. Қазан айының аяғы мен қара­шаның бас кезінде еккен едік, сол жұмысты өткен тоқсан бірінші жылдың көктемінде одан әрі жалғастырып, «Маяк» деп аталатын жердің мың гекта­рына тағы да егіп тастадық. Енді бірер маусымды артымызға салып алсақ, бұл жұмыстың нәтижесі көзге көрініп те қалар, – деді Арыстан сенімді пейілде.

Мен сендім, үйткені кеше кешкілік ауыл іргесіндегі сайдың табанында енді-енді балапандап көгере бастаған сексеуіл шыбықтарына көзім түскен. Сұрастырғанымда, бұл көгеріштер орманшылардың Қамбашқа ірге тепкен алғашқы маусымда отырғызған тірлікалдысы екен. «Бұл Арал аймағы­ның қойын-қолтығында, егер біз үлгіре алсақ, жыңғыл мен сексеуіл тұқымын тастай берсе, өсе береріне күмән жоқ, – деген сол күнгі кеште осы Арыстан. – Бірақ, не пайда, біз оның бәріне үлгіре алмаймыз. Тіпті ертеңгі күніміздің қандай боларына да көзіміз жетпейді…

Арыстанның мұңы мені де ойға қалдырды. Жыл өткен сайын шегініп бара жатқан теңіз жайын айтып тұр-ау деп түйдім. Құмнан қорғануды үркердей ғана орманшылардың мойынына тесіп іліп қоймай, бүкіл облыста­ғылардың төл ісіне айналды­рар ма еді. Көгалдандыру, көркейту науқанын жылма-жыл көктемде және күзде өткізуге болады. Далада не көп, сай-сала көп. Көктемде сол сайларға су толады, ойпаңға сарқырап ағады. Ондай сай-саланы жаздай ыза теуіп жатады. Ойпаңдарда даланың жұпар иістілерінің түр-түрі қау болып өседі. Жыңғыл, сексеуіл өсіруге қолайлы ұтырлы жерлер әрбір елді мекен төңірегінде баршылық. Шөл даланың бап, күтім тілемейтін ерекше жаралған бір қасиеттісі – жыңғыл мен сексеуілі. Әрине оны жаппай егу үшін орманшылар елді мекен тұрғындарын жеткілікті тұқыммен қамтамасыз етіп отыруы керек. Қысқасы құмға көмілген аудан аймағын жаппай көгал­дандыруды бүкілхалықтық іске айналдырмай болмайды. Тұщы суы тапшы бұл өлкеде бір түп сексеуіл көлең­кесінің өзі неге тұрады… Ал жың­ғыл дегеніңіз түйе түлігінің деликатесі.

– Сонау қаңқиып тұрғанды көрдіңіз бе? – деді Арыстан тұсымыздан бұлдырап қарайғанды меңзеп.

Көргенде қандай! Ол қыруар қаржыға алынған адымдағыш экскаватор. Оның сол тұрған жерінде мен бір емес, бірнеше рет болғанмын. Ғасырдың ғажайып машинасы күн жеп, жел мүжіп, қарға-құзғынның саңғырығына былғанып қор болып тұр. Басына барсаңыз, құм суырған сырғыма желден қаңқиған алып денесі тас төбеңізден азынайды, оның бүкіл құрылымынан мұң төгіліп тұрғандай сіздің де денеңіз түршігеді. Бұл алыпты құрастырып пайдаланбақ тұрғай дұрыс тікейте де алмаған. Әр торабы әр жерде апатқа ұшырап қираған кемелердей күйреп, шашылып жатыр. Есіл дүние-ай, қанша қаржыға алынды екен… Аралдық «аборигендердің» айналасынан айналсоқтап шықпай қойған бұл қандай қырсық?! Аяғыңды аттап бассаң берекесіздікке кезігесің. Сырдариядан жарма канал тартып, Арал қаласының иегі астындағы Сарышығанақты суға толтырмақшы болған пысықтардың суық-қолды сұғанақтығына күйінесің. Қолға оңайлықпен түспейтін анау алыптың ауыр салмақты денесін жинай аламай ошарылып жатуы – солардың ісі. Не канал қазылмаған, екі жылда екі-ақ шақырымның топырағын бульдозермен аударып, қалғанына адымдағышты салмақшы болғанда, оны құрастыра алмай тастап кеткен. Бұл бар ғой бұл, шама-шарқына қарамай, бұлардың, баяғыда Ғабит Мүсірепов айтқан «кішкентай богдыхандардың» мемлекеттік дәрежедегі қайраткер болғысы келетіндерін қайтерсіз. Бұл қалай, біз өзі қандай кезеңге бет алдық?! Халықтың қаны мен терінен құралған қаржыны «Сарышығанақты суға толтыру» деген желеумен айла-шарғыларыныңжеткенінше пайдаланып рәсуә еткендердің жүздері жанбастан аман кетті. Мында шаңы бұрқырап, қоңы ырсиған жаралы жер қалды. Жарма ұлтанынан және өлі топырағы үйілген жоннан ұшқан құм бұл өңірді тегіс бүлдірген, жайылған мал құм шайнап, қаталай бастаған.

Осындай ой сорабымен Аманөткел­дің питомнигіне де келіп қалыппыз. Міне, азамат! Жауырыны сәл еңкіш, қапсағай денелі, бойшаң жігітпен жүз­дескенде Арыстанның жолда айт­қаны көңілімде тұрды: «Сол тоқ­сан бірінші жылдың мамырында Аман­өткел учаскесін ашқанбыз. Соңыра кездескенде өзіңіз де байқар­сыз, он­дағы еңбекқорларымыз нағыз ерін­бейтіннен!» деген-ді. Питомникте­гілердің еріндері кезеріп, өңдері тотық­қан. Көгеріштерді аралай жүріп әңгімелестік:

– Көріп тұрсыз ғой, бәрін жаңадан бастап жатырмыз, – деді ұзын бойлы жігіт айнала аумақты жанарымен шолып. – Қарауымда 8 жұмысшы, 2 орманшы, бір өрттен қорғайтын қарауылым бар. Жұмыс жетеді. Питомниктің жалпы көлемі 30 гектар. Біз бір маусымда 300 мың түп қара ағаштың, 40 мың түп теректің, ал 4 гектар сексеуілден 1 миллион 200 мың түп көшетін дайындаймыз. Үйеңкіні де өсіріп көрудеміз.

– Техника жағы қалай?

– Бір ДТ трактор, бір насос, бір мотоцикл.

– Су ше?

– Дариядан трубамен жеткізудеміз.

– Жұмыс қиын ғой, ә?

– Қайдан оңай болсын. Бұл жұмыстың ерекшелігі шыдамды болу керек. Бүгін бастап, ертең тастап кетуге болмайды…

* * *

Жалпы осы жолғы сапарым сәтті болды. Мына Арыстан, құдай бере салған жігіт екен. Келін­шегі Мәрия есейіп қалған Ер­тайын, Лаурасын, Салтанатын үкідей үлпілдетіп отыр, үстерінде кіршік жоқ. Аулада көкөніс және көлеңкелі ағаш түрлері желкілдеп өсіп тұр. Күтушісі Мәрия екен, «өз қолыммен отырғыздым» дейді. Үйдің ауласын құлазытып қоятын әйелдер осы Мәриядан үлгі алса ғой…

Арыстан екеуміз түнделетіп шаршап-шалдығып жеткенбіз. Салулы төсек, салқын үй – пейішке енгендей болдық. Азамат бақыты деген осы…

Адамның өзінен ойы озып кететіні рас. «Жақсы-жақсы жерлермен жүрсең, жақсы-жақсы түс көрерсің» деген, сол түні, Арыстан, сен бір керемет түс көрдің. Түсіңде бүкіл аралдықтар болып тайлы-таяғы қалмай экологиялық апатпен айқасқа аттаныпты. Олар бұрынғыдай қара басына пайдасы жоқ гүпілдескен әңгіме-қауғадан тиылған, жастары бұрқыратып темекі шегіп, арақ ішуден жеріген, еркектері үйір-үйірімен карта соғуды қойған, қартына дейін жер шұқып шыбық отырғызуға жұмыла кіріскен…

Сен, Арыстан, сол қаптаған халықтың алғы шебінен орманшыларыңды түгел көрдің. Аралдағы Аралбайды, Қарақұм беткейіндегі Қоңырбай мен Жақсылық, Жаңбырбайды, Аманөткелдегі Махмұтты, Аққұлақтағы Алмасты, Қаратереңдегі Серіні, Көктемдегі Қасенді, Ескіұрадағы Баймағанбетті…

Бұл Арал жерінде не көп, бұйрат пен қырат көп, сол бұйрат-қыраттарды қуалап мың тарау сай-сала кете барады, онымен көктемгі қарғында еріген телегей теңіз қар, төпелеген жауын суы лайсаңдатып ағып жатады. Шілденің ыстығында сол жерлерде қаулаған көк майса тұнып тұрар еді жұпар иісі аңқып. Иә, сәт, аудан тұрғын­дары шөлстанға шабуылды бастапты…

Арыстан, сен сол түсіңнен қуанып тұрдың. Көргеніңді жақсылыққа жорыдың. Құдыреті күшті Тәңірден өздерің бастандырған игілік алдын бүкілхалықтық іске айналғай деп тіледің. Тіледің де, осы күнге аман-есен жеткізген тағдырыңа шүкіршілік еттің. Ал, мен болсам: Арыстанның жігіттері әзірге алапат апатпен арпалысу үстінде, үлкен айқас әлі алда… – деген оймен аттандым құттыхана төріңнен.

АЙТЫП КЕЛГЕН АПАТ

(ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАЯН)

«Литературная газета» 1988 жылы «Қызылқұм мен Қарақұм түйісті, адамдар I миллион гектар жарамды жерінен айырылды» деп ескерткен еді. Ал «Правда» нақ сол жылдың тамыз айында «Кіші Арал іс жүзінде өлі аймаққа айналды. Оны Үлкен теңізбен саусақ саласындай ғана көгілдір сағалық жалғастыруда…» деп жазған-ды. Біз сол «сағалықта» болып көзімізбен көргенбіз. Бұл кәдімгі Көкарал түбегінің Қаратөс деп аталатын шыңының тұмсығы мен теңіздің құрғап қалған Қаратерең шығанағының екі арасы. Бірі теңіздің бергі беті, екіншісі арғы беті. Теңіз акваториясы тарылып, ұлтаны құрғағалы осы екі аралықты Қаратерең мен Көкарал жағынан құм көшкіні атышулы жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарына қарай жиі-жиі борап тұрып алатын болды.

Содан бері Арал аймағының экологиялық жағдайы өзгерді ме? Әлбетте өзгерді. Біздің көріп білгеніміз құм тасқыны мен тұзды дауыл. Сол баяғы бой бермей жүгенсіз кеткен су ысырабы. География ғылымының докторы Н.Глазовскийдің есептеуінше, сол XX ғасырдың жетпісінші жылдарында Сырдарияның төменгі бойында бір шаршы метр күріш танабына жыл ішінде 5,5 текше метр су шығын болса, Волга бойында күріш өсіруге суды біздегідей 2 есе кем пайдаланады екен. Дария суының қаншалықты үнемделетіні және өндірісте, егін шаруашылығында пайдаланылған судың улы химикаттардан тазартылып қайта жіберілуі жөнінде тігісін жатқызып айтатын ведомство басшыларының рапорттарына сене бермеуді «Правда» сол 1988 жылдың өзінде-ақ әдемі ескерткен болатын. Ал біз теңізді құтқару жөнінде сөз сапырып, мәліметтердің тігісін жатқызуға шебер ведомство басшыларының лепірген лебіздеріне шүбәсіз сеніп келіппіз. Облыстық экология және табиғаты пайдалану комитетінің сол кездегі мәліметінде: дарияның минералдануы нормадағыдан бірнеше есе артып кеткен.

Ал, Кіші теңізге жетіп жығылатын жартымсыз суымыз сол уақытта Үлкен ойпатқа кетіп жатты. Орта азиялықтармен айтысып-тартысып жүріп Орталықтан сұрап алған есіл суымыздың жайы осындай болған еді. Демек, Ұлы теңіз бен Кіші теңіздің шекаралығынан бөгет салғанымыздың бекер болмағаны ғой.

Арал ауданының жерін Арал Қарақұмы алып жатыр. Осынау алып құмның ені 200 шақырымдай, шығысында керілген кержазық Сарыарқамен шектеседі, оңтүстік батысынан солтүстік шығысқа қарай 250 шақырымға созылып жатыр. Бұл құм жоталарының биіктігі 53-тен 145 метрге дейін барады. Бұған биіктігі 5-8 метрдей келетін теңіз жағалауындағы белес-белес құм төбелерді, бұған теңіздің оңтүстік батысындағы атақты Қызылқұм шөлін қосыңыз.

* * *

Сыр бойының халқы ұзақ уақыт бір-бірімен сабақтасқан үш түрлі үреймен тірлік кешіп келді. Бірінші үрей: экологиялық дағдарыс. Бұл халықты аса зардапты ауыртпалыққа ұрындырды. Құдайы қалаған жерлер «экономикалық еркін ай­маққа» айналып, аспандағы Айға қолдарын созып жатқанда, біздің Сыр бойы «экологиялық апат аймағына» айналды. Айтарыңыз не, жиырмасыншы ғасырдың қан-жынына ықылық атқан аласапыран шақта, емі жоқ жағдайға тап болып, ақырында бүкіләлемдік қарғысқа ұшыраған «коммунизм құрылыстарының» құрбандығы біз болдық. Әрине, егемендігін алған еліміздің Үкіме­тіне мың да бір рахмет! Арал мен Қазалы аудан­дары халқының айлық жалақыларына 0,5; ал облыстың басқа тұрғындарына 0,3 процент үстеме қосылды. Жарықтық, ел іші осыған да шүкіршілік етті. Алайда қисыны кеткен ахуа­лымызға ем болып жарытатын емес. Күйсіз отбасылар әр ауылда, әр қала, кент көшелерінде бар.

Баяғы заманда «Жиделібайсын» атанған әлемге әйгілі Тұран жазирасының жерұйығы болған бұл өлкеде құдды күні кеше цунами жүріп өткендей, баяғы шалқыған көк теңіздің орны ойдым-ойдым алапестеніп кеткен еді. «…Теңіздің 2010 жылғы шекарасын көрсетуге жүрегім дауаламайды» деген екен В.Шербань деген ғалым. (Байқаусызда адамның алақанына Көктен үзіліп түскен ғаламның бір тамшы жасындай Арал теңізінің әлемге әйгілі плакаттағы көлемін айтқаны). ХХ-шы ғасырдың таусылар тұсында сәті түсіп дүниежүзілік Қызыл Айқыш және Жарты Айдың адамдарымен Арал – Қазалы жерін аспаннан шолып, борсып кеткен теңіз қолтықтарына табан тіреп көргенбіз, орғыл құмдарын омбылап қайтқанбыз. Сонда, швейцариялық қонақтарымыз аспан астында аппақ шаңы бұрқырап, ақсорланып жатқан теңіз ұлтанына ұшақтан үңіліп, бастарын шайқаумен, ал жерде жүргенімізде ауыздарын сумен шайып, ащы тозаңнан кезерген еріндерін сүртінумен болды. Не ойласа да іштерінде кетті…

Аралдың құрғаған табанынан ұшқан ұлпа тұз Гималайдың мұзды шыңдарына, Солтүстік мұзды мұхитқа және Америка құрлығына да жеткен дейді. Рас болуы ғажап емес. Өйткені, бір кезде «Қазақ жерінің саваннасы» атанған Сыр бойында анау Қызылқұм, Қарақұм, Борсықтың ұлы құмы мынау Арысқұмның қойындасып алғаны қашан. Теңізді жұтып жіберетіндей төніп тұр. Жұлым-жұлымы шыққан жеріміздің құрғаған ұлтаны мен советтік әскерилер айғыздап тастаған тажал ошағы полигондар Сыр өңірін ақырында «тозақтың» төріне айналдырып кеткенін бір-ақ білдік.

Ғалымдар теңіздің құрғаған табанында 10 млрд. тонна тұз шөгіндісі жатыр. Егер, соның жылына 65 млн. тоннасы көкке көтеріліп тұрар болса, 150 жыл бойы ұшады, – деп тағы да бір қобалжытып қойған еді. Сұмдық емес пе?! Осыларды ойлағанда, аза бойың қаза болады.

Біздің баяғы Арал теңізінен айрылғанымыз өз алдына, мына іргемізден жараған бурадай күркілдеп, зіркілдеген Космодром да жүйкемізді жұқартып болды. Оның баллистикалық және ғарыштық зымырандарды сынайтын тажал ошағы-полигон екенін беріде білдік. Атмосфера қабаттарын қақ жарып аспанға зымыраған сайын, бізге қалдыратын улы газына, радиация сәулелеріне қоса қаншама таза ауа от болып жанып кетеді. Ұшырып жатыр, сынап жатыр! Протондар көкке көтеріле алмай құлаған сайын ауаны, топырақты бүлдіреді.

Біздің «уран өндіру» деген де бір кәсібіміз бар. Кезінде «Семей-Невада» халықаралық қозғалысының ықтияттауымен Шиелідегі осы ошақтың отын өшіру жөнінде біраз кергілес болып еді. «Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, кенішті жапса нәпақа тауып жүргендер жұмыссыз қалатын болды. Бізді асыраймыз деп бейнетке белшесінен батып жүрген егінші-малшылардың табысы кеншілердің ай сайын мезгілінде алып тұратын жалақысымен салыстыруға келмейді екен. Ал, уран өндірудің ақыры не болатынын кім білген. Оны уақыттың төрелігіне қалдырайық…

Егістікке баяғыдан бері себіліп келген гербицид, пестицид дегендерден Сырдың жері ала-құла. Хлорид, сульфат, нитрид дегендердің судағы түзілімі жетпісінші жылдары 5 тен 10 есеге дейін жеткен. Бұл пәлекеттер қанша сақырлатып қайнатқаныңмен судың құрамынан кетпейді екен. Ал біз облыста тұрғындарды таза ауыз сумен бүгінгі күнге дейін толық қамтып үлгіре алмай келдік. Осыдан кейін аналар ауырмай, балалар жарымжан болып тумай қайтеді. Біздің аналарымызды білдірмей әлсіреткен – сол улы химикаттар. Радиация тағы бар. Ол аз болғандай, Жаңақорған мен Шиелі аралығынан ауаны бүлдіріп тұратын күкірт қышқыл зауытын салып алдық.

Ілгеріде академик Төрекелді Шарманов Қазалы ауданының 5 шаруашылығында болып, ана мен баланың денсаулығын зерттеген еді. «Бәрі дерлік анемия, қаны азайған. Ол түбінде өңеш пен қарын рагіне апарады. Тағамда белок жетіспейді. Әсіресе, С витамині. Анемияны болдырмаудың бір-ақ жолы дастарқанда әртүрлі құнарлы тағамның болуы» деп академиктің айтқаны айдай келді. Сыр бойында сол айта беретін аты жаман кесел шегінбей тұр.

Үшінші үрей – жұмыссыздық. Кәсіп таба алмай сандалып жүрген көңілсіз жастар бізде де бар. Азық-түліктің, коммуналдық қызметтің жылда қымбаттауы да бір уайым.

(БАСЫ ӨТКЕН НОМЕРДЕ. ЖАЛҒАСЫ БАР)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған