Халық үнін естиді деген үмітпен құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысы да басталды. Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановтың жаңа лауазымдағы алғашқы төрағалығымен өткен жиында алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кеңестің алғашқы Сессиясында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру жолдарына басымдық берілді. Сонымен бірге Кеңес құрамындағы тұрақты комитеттердің міндеттерін қаперге алып, құрамы жасақталып, басшылары тағайындалды.
Басқосудың басында Төраға Ерлан Қошанов талапқа сәйкес Кеңес арқылы қоғамдағы тұрақтылық қамтамасыз етіліп, азаматтар арасындағы татулық артып және халықтың мемлекеттік басқару жұмыстарына қатысуына мүмкіндік жасалатынын атап өтті. Осы орайда әлбетте билік өкілдері мен халық арасындағы байланысты нығайту басты назарда болмақ.
Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов:
– Бүгін біз Халық Кеңесі Төралқасының алғашқы отырысын өткізіп отырмыз. Жуырда ғана баршамыз ел тарихындағы елеулі оқиғаның куәсі болдық. Жаңа конституциялық институт өз жұмысын бастады. Мұның артында Мемлекет басшысының соңғы жылдардағы ауқымды, табанды, әрі еселі еңбегі тұр. Президентіміз Халық Кеңесінің алдына маңызды міндеттер қойды. Олар – бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін кеңейту, қоғам мен мемлекеттің өзара байланысын жаңа белеске көтеру. Халық Кеңесінің мәні де, тарихи миссиясы да осында. Ел Президенті артқан осы зор сенімге біз нақты іспен, нәтижелі жұмыспен жауап беруге тиіспіз.
Кеңес мүшелерінің басқосуында талқыға түскен тақырыптардың бірі – өңірлермен байланыс жүйесін күшейту арқылы негізгі жұмыс жүйесін жетілдіру. Мәслихаттар мен қоғамдық кеңестермен байланысқа түсіп, жергілікті жердегі жұмыс жүйесін жетілдіру назарға алынды.
Одан бөлек Бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасын әзірлеу мәселесі талқыланып, этномәдени бірлестіктердің өзара іс-қимылын жандандырудың маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ тұжырымдаманы дайындау кезінде азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстарын назарға алу қажеттігі айтылды.
Жүйелей келе әр аймақтың тұрғындары үшін өзекті қоғамдық мәселе назарға алынып, пікірлері мен ойлары ескеріліп, биліктің, үкіметтің құлағына жеткізу жайы айтылды. Жеткізіп ғана қоймай, оны әрі қарай шешу жолын қарастыру мәселесі де сөз болды.
Жиын барысында атап өткендей үш тұрақты комитеттің құрамы мен басшылары бекітіліп, оларға тиесілі міндеттер де ортаға салынды. Олар ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдерін тартып, көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, тиісті шешімдерді жүйелі түрде шығаруға әрекет жасайды.
Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің жетекшісі болып Вера Ким белгіленді. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік мәселелеріне жауапты комитетті Марат Әзілханов басқарады. Ал өңірлерді дамыту және жергілікті өзін-өзі басқару бағытына Табиғат Зейнұлқабден жетекшілік етеді.
Заманға сәйкес халық тарапынан келген өтініштер мен ұсыныстарды қолжетімді нұсқада көру мүмкіндігі де алғашқы отырыста көтерілген ұсыныс болды. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бағдат Мусин азаматтардың ұсыныстарын бір орталыққа жинақтайтын бірыңғай ақпараттық платформа құру қажеттігін жеткізді. Атап айтсақ цифрлық жүйе қоғамдық бастамаларды тіркеуге, мазмұны бойынша өңдеуге және олардың орындалу барысын бақылауға жағдай жасайды.
Оның айтуынша халық тарапынан жолданған ұсыныстар легінің қаншалықты тиісті жауаптылардан қаралып жатқаны, қандай шешім шығарған турасында мәліметтер де жазылмақ.
Айта кетейік Қазақстан Халық Кеңесінің аймақтан жауапты мүшелері аталған жиынға қатысып, жауапкершілік жүгі артқанын да тілге тиек етті.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы:
– Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің алғашқы отырысына онлайн қатыстым. Жиында негізгі қызмет бағыттары, салалық комиссиялар және алдағы жұмыс жоспары талқыланды. Мен осы комитет құрамындағы Білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі комиссияда жұмыс істейтін болдым. Бұл – күнделікті еңбегіммен, ұстаздық тәжірибеммен және ғылыми ізденісіммен байланысты бағыт. Мен үшін Кеңестегі жұмыстың мәні айтылған пікірлерді зерделеп, қоғамға пайдалы ұсыныс қалыптастыру. Бір адамның ойы көпшіліктің көзқарасын білдіре бермейді. Сондықтан әртүрлі пікірді ескеріп, нақты деректер мен мамандардың тұжырымына сүйену маңызды деп білемін. Осы салада жинаған тәжірибем ортақ іске пайдалы болса деймін.
Отырыста Қазақстан Халық Кеңесінің Әдеп жөніндегі комиссиясын қалыптастыру да сөз болды. Жиын қорытындысы бойынша комиссия мүшелерінің құрамы бекітіліп, оның қызмет тәртібін белгілейтін ереже қабылданды.
Комиссия Кеңес мүшелерінің әдеп нормаларын сақтауын және өздеріне жүктелген міндеттерді орындауын қадағалауға арналған тұрақты орган ретінде жұмыс істейді. Оның құрамына Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері енгізілді.
Бұл жиында Төралқа құрамы жаңа мүшелермен толықты.Кеңестің ұйымдастырушылық құрылымын қалыптастыру аясында Төралқа мүшелерінің қатарына тағы төрт адам қосылды. Олардың қатарында Бекмұрат Жүсіпов, Наринэ Микаелян, Денис Рыпаков және Нұртай Сабильянов бар.
Осылайша Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы Сессиясынан кейін Төралқа мен тұрақты комитеттер алдағы уақытта азаматтардан келіп түсетін бастамаларды қарастыруға, өңірлермен байланысты дамытуға және жалпыұлттық бірлік мәселелерін талқылауға, түскен өтініштерге сәйкес шешім шығаруға жұмыс жасайды деп нақты міндет қойылды. Нәтиже әдеттегідей уақыт еншісінде…
А.Әлиарыстан