Қызылорда облысы – Қазақстан тарихында ғана емес, күллі Орталық Азия өркениетінде айрықша орны бар киелі аймақ. Бұл өңір – ежелгі мәдениеттер тоғысқан, сауда мен руханияттың алтын арқауына айналған Ұлы Жібек жолының негізгі тармақтары өткен тарихи кеңістік.

Қазіргі таңда туризм – экономиканы әртараптандыратын, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдететін стратегиялық сала.

Осы мәселелерді талқылау мақсатында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының 2026 жылға арналған жылдық жоспарына сәйкес 15 қаңтар күні «Аймақтағы туризмді дамыту мәселесі. Этно-мәдени және мемлекет қорғауына алынған ескерткіштердің жағдайы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ғалымдар, археологтар, туризм саласының мамандары және тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемелерінің өкілдері қатысып, өңір туризмін дамыту жолдарын жан-жақты талқылады.

Туризмнің дамуы тек қаржылық табыс әкеліп қоймай, ұлттық мәдениетті насихаттауға, тарихи мұраны сақтауға және өңірдің халықаралық деңгейде танылуына мүмкіндік береді.

Қызылорда облысы туристік бағыттарды дамытуға қолайлы табиғи және мәдени ресурстарға ие. Алдағы кезеңде инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғырту, өңірдің туристік мүмкіндіктерін кеңінен таныту және жол бойы сервистік әрі бағдарлау элементтерін жетілдіру арқылы келушілер санын арттыруға толық негіз бар.

Дөңгелек үстел барысында төмендегідей нақты ұсыныстар айтылды:

Біріншіден, туризм саласында жүйелі маркетинг пен жарнама жетіспейді. Жол бойындағы жанармай құю станцияларында, демалыс орындарында флайерлер, туристік карталар, билбордтар орнату арқылы өңірдің тарихи нысандарын кеңінен таныту қажет.

Екіншіден, Жанкент, Сортөбе, Асанас, Шіркейлі қосасары секілді археологиялық ескерткіштерді зерттеуге бөлінетін қаржыны кемінде үш есеге арттыру ұсынылды. Қазба жұмыстарына жыл сайын 50–60 млн теңге көлемінде тұрақты қаржы бөлу ғылыми зерттеулердің сапасын арттырып, жас ғалымдарды тартуға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, шалғайда орналасқан, бірақ тарихи маңызы зор ескерткіштердің – Бұланды күмбезді кесенесі мен Сырлытам кесенелерінің толық масштабтағы көшірмелерін салу ұсынылды. Бұл нысандарды әуежайға апаратын жол бойына орналастыру өңірдің туристік келбетін айшықтай түсер еді.

Төртіншіден, облыс аумағында мыңға жуық археологиялық ескерткіш тіркелгенімен, бірде-бір қорық-музейдің болмауы – үлкен олқылық. Осы бағытта арнайы қорық-музей құру тарихи мұраны сақтаумен қатар, туризмді жүйелі түрде дамытуға жол ашады.

Бесіншіден, Орта Азия мен әлемге танымал Жанкент пен Сығанақ қалашықтарының маңынан заманауи визит-орталықтар салу қажет. Бұл орталықтар туристерге сапалы ақпарат ұсынып, экскурсиялық қызметті дамытуға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, Қызылорда облысы – Ұлы Жібек жолының жай ғана географиялық өткелі емес, оның рухы мен тарихы сақталған тірі мұра. Осы байлықты тиімді пайдаланып, жүйелі түрде насихаттау – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті. Мемлекеттік қолдау мен жүйелі іске асырылатын бастамалар Сыр өңірінің мәдени-танымдық туризм саласындағы әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді. Туристік бағыттарды кеңінен таныту, археологиялық мұраны зерделеу жұмыстарын жандандыру, қорық-музейлер мен визит-орталықтар желісін дамыту, сондай-ақ тарихи маңызы бар нысандарды қолжетімді форматта жаңғырту өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, халықаралық деңгейде танылуына серпін береді.

Аталған ұсыныстар іске асқан жағдайда Сыр өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен оны тиімді пайдалануға мүмкіндік туады және бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін берер еді. Сонымен қатар, бұл бастамалар Қызылорда облысының ішкі туризммен шектелмей, халықаралық мәдени-танымдық туризм кеңістігінде танылуына жол ашады. Осы орайда Сыр өңірінің тарихи мұрасын сақтау және оны экономикалық айналымға енгізу кейінге қалдыруға болмайтын, нақты шешімдер мен жауапты іс-қимылды талап ететін стратегиялық міндет болып табылады.

ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі

                                                                                                                                                                 

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған