«Анаға тағзым» атауымен аталған республикалық форум Сыр өңірінде ұйымдастырылды. Бағдарламаға сәйкес, қатысушылар үшін түрлі кездесулер, жиындар және шаралар да ұйымдастырылды.
Шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи, өңірлерден, аудандардан делегациялар, облыстың зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, көп балалы аналар, Аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері, аудандардағы әйелдер кеңестерінің мүшелері қатысты.
Форум алдында қатысушылар жергілікті қыз-келіншектердің әзірлеген өнімдері біріктірілген көрмені тамашалады. Онда ұлттық киім-кешектер, әшекейлі бұйымдар, сабын және өзге де түрлі тұрмыстық қолданысқа қажетті өнімдер қойылған. Әрбір өніммен жекелей танысқан форум қатысушылары дөңгелек үстелге жайғасып, қоғамдағы Әйел-Ананың орны мен қадірі жайында түрлі пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ, форум аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбденнің форум қатысушыларына арналған бейнеқұттықтауы көрсетіліп, Павлодар облысы әкімінің әйелдер істері жөніндегі кеңесшісі, ұлағатты ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Бақытжамал Максилова, Түркістан облысының Ата-аналар одағының төрағасы, отбасылық коуч Ақбаян Жақыпова, «Қазақстан барысы – 2022» жеңімпазы Мақсат Исағабыловтың анасы Роза Қуаңбаева, Қызылорда облысының құрметті азаматы Алмагүл Божанова тақырып аясындағы ойларын ортаға салды.
Шара барысында Нұрлыбек Нәлібаев облыстың ғана емес, еліміздің атын түрлі елге танытып жүрген әр саладағы жеңімпаз ұл-қыздардың аналары, көп балалы аналар мен түрлі саланың өрістеуіне үлес қосып жүрген қыз-келіншектерге ерекше назар аударып, марапаттады. Олардың қатарында ақын, «Алтын домбыра» иегері, Мұхтар Ниязовтың анасы Жұмакүл Оңғарбаеваға «Жұлдызды ана», анасы Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевтың анасы Ұлбосын Алыпқашоваға «Байрақты ана» және «Қазақстан барысы-2022» Мақсат Исағабыловтың анасы Роза Қуаңбаеваға «Ұлықты ана» номинациялары табысталды.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:
– Биыл қыркүйекте Қызылорда қаласында заманауи әрі көпфункциялы «Анаға тағзым» орталығы пайдалануға беріліп, қыз–келіншектердің рухани ордасына айналды. Облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы орталықпен танысқан соң, «Расында, ұлттық салт–дәстүрімізді, болмысымызды, тіліміз бен дінімізді терең насихаттауымыз керек. Ұлттық құндылықтарға деген көзқарасымыз айқын болуы тиіс», – деп жоғары бағасын берді. «Анаға тағзым» орталығы – балауса қыз баладан ардақты асыл әжеге дейін бас қосатын тәрбие мектебі. Осы жерде ақылды да парасатты аналардың, инабатты келіндердің өнегелі ісінен, салмақты сөзінен үлгі алатын жастар қатары көбейері сөзсіз. Бүгінде тұрмыстық қиындыққа тап болған аналар мен балаларға қолдау көрсету мақсатында 7 аудан мен Қызылорда, Байқоңыр қалаларында «Бақытты отбасы» бөлімдері ашылды. Орталықтарда заңгерлік және психологиялық көмек көрсетуден бастап, кәсіпкерлік негіздерге оқыту, бизнес–жоспар құруға, грант немесе шағын несие алуға құжат рәсімдеуге жәрдемдесу, жұмысқа орналастыру және өзге де қызметтер кезең–кезеңімен көрсетіледі. Оған қосымша 114 жедел әрекет ету тобы құрылды. Бұл топ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға дер кезінде көмектесуді көздейді.
Сондай-ақ, жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жалпыұлттық жобасы жайында пайдалы ақпараттармен бөлісті.
Дайындаған А.Әлиарыстан