Сыр еліне сырттан келген қонақтардың қатарын Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канес те толтырды. Ол облысқа сапары барысында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» жұмыс жүйесімен танысты. Сондай-ақ, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесті.
Кездесу барысында сөз алған аймақ басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастық бағыттағы байланысты негізге ала келе, Франция мен Қызылорда арасындағы тауар айналымын атап өтті.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы:
Биылғы қаңтар–тамыз айларында Қызылорда облысы мен Франция арасындағы тауар айналымы 244,3 мың АҚШ долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 есе өскен. Аймақтан негізінен балық және өсімдік өнімдері экспортталса, Франциядан трактор, пластмассадан жасалған бұйымдар және тоқыма өнімдері импортталуда. Өз кезегімізде біз шетелдік әріптестерден, оның ішінде, француз компанияларынан инвестиция тартуға қызығушылық танытамыз. Жаңа жобаларды орналастыру үшін қажетті инженерлік инфрақұрылымы жеткізілген арнайы индустриялық аймақтар жұмыс жасауда. Екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге шақырып, инвесторлармен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға дайын екенімізді жеткіземін.
Елші де екі ел арасындағы байланыстың жақсы деңгейде екенін атап өтіп, оның ішінде Қызылорда облысымен іскерлік бағыттың оң бағытта екенін тілге тиек етті.