Қос өңірдің халқы үшін маңызы зор «Қызылорда-Жезқазған» тас жолын жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Республикалық маңызы бар жол көп жылдан бері күрмеуі шешілмей келген, халықтың арасында біраз талқыға салынған мәселелердің бірі болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев автомобиль жолының құрылысын мерзімінде бастауды, сапалы әрі халыққа қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қадағалауымен республикалық маңызы бар жолдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Бүгінде күре жолдың құрылысы 40 пайызға аяқталып, 83 шақырым асфальт төселген. 

«Сыр өңірін еліміздің орталық бөлігімен жалғайтын күре жолдың жалпы ұзындығы – 424 шақырым. Ал Қызылорда облысының аумағындағы ұзындығы – 216 шақырым. Жоба құны – 108,5 млрд теңге. Жыл соңына дейін 104 шақырым жолды аяқтау көзделіп отыр», – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.

Басқарма басшысының айтуынша, жоба толықтай аяқталса Ресей Федерациясын Орта Азия мемлекеттерімен, еліміздің оңтүстік, солтүстік және орталық аймақтарымен байланыстыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ республикалық жолды жөндеу нәтижесінде, көлік айналымы тәулігіне 1500 данадан 6000-ға дейін, ал жолаушылар саны 3000 адамнан 10 000-ға дейін, жүк тасымалы көлемі 700 тоннадан 3000 тоннаға дейін артады. Бұдан бөлек, Қызылордадан Астана қаласына дейінгі жол жүру уақыты 6 сағатқа қысқарады. 

Айта кетсек, облыста «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны мен «Қызылорда-Жезқазған» жолы республикалық статусқа ие. Ал былтыр облыстағы жолдың индикаторлық көрсеткіші 82 пайыз болды. Бүгінде жол құрылысы аймақ көлемінде қарқынды жүріп жатыр.

Облыс орталығы, аудан мен ауыларалық жолдардың жаңартудан бөлек, ірі жол құрылыстары да бар. Соның бірі – көпшілік үшін көкейкесті мәселеге айналған «Қызылорда-Жезқазған» автожолы.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған