ҮШЕУІНІҢ БІРЕУІ БАРАДЫ

Сенаттың 20 мандаты босағалы өз өңірлерінің үмітін арқалап, 14-ші қаңтардағы ҚР Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелгендер көп болды. Еліміз бойыша тіркеуден өткен үміткерлер 66-ға жетіп отыр.

Алғашында Сыр елінде сенат депутаттығының сайлауына қатысуға өтініш білдірген Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов, Руслан Рүстемов, Нұрғали Рақымшаұлы Қордабай, Жорабек Ибрагимұлы Нұрымбетов, Жасұлан Бақытұлы Жарасбаев, Асылбек Өмірбекұлы Шаменов, Наурызбай Сейітқалиұлы Байқадамов, Бердешов Жеңісбек Төлепбергенұлы секілді үміткерлер болды. Биылғы жылы ерекше атап өтер жай үміткердің барлығы өзін-өзі ұсынды.

Ресми дерек бойынша тек Бердешов Жеңісбектің кандидатурасы заңдылықтарға сай болмай, құжаттары қабылданбаған. Себеп: соңғы үш жылда Қызылорда облысында тұрақты тұрмауы және еңбек қызметін растайтын құжаттың ұсынылмауы болып отыр.

Ал қалған үміткерлер, соның ішінде Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов, Қызылорда облысының экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Рақымшаұлы Қордабай, кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаты Жасұлан Бақытұлы Жарасбаев, Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Сейітқалиұлы Байқадамов өз кандидатураларын кейін қайтарып алды. Демек, сайлауға қатыспайды.

Сонымен, заңдылықтарға сай болмай қабылданбаған, ойлана келе кандидатурасын кейін қайтарып алғандарды қоспағанда, тізімде қалған үш үміткердің бірі сенатқа баруға қамданбақ. Барлығын ел-жұрт, қала халқы жақсы таниды. Бірі қалалық мәслихат депутаты, 1957 жылы туған Жорабек Нұрымбетов болса, екіншісі аймақтың мәдениет және спорт басқармасының басшысы, 1968 жылы туған Руслан Рүстемов, ал үшінші кандидат Қызылорда қаласының әкімі, 1978 жылы туған Асылбек Шәменов.

Үш үміткердің әрқайсысы түрлі салада өз кәсібилігімен бірқатар белестерді бағындырып, түрлі мәселелерді шешуде табандылық танытқан азаматтар. Мәселен Жорабек Ибрагимұлы су шаруашылығына қатысты жұмыстарды жандандырса, Руслан Рүстемұлы мәдениет саласы, АРТ-Спорт үйірмелері мәселелерін жолға қоюда өңірде бірқатар жұмыстар атқарды. Ал Асылбек Өмірбекұлы әкімдікте сатылап өтіп, түрлі деңгейдегі қызметтерде, оның ішінде басқарма, аудан басқарып, бүгінде Сырдың бас шаһарының әкімі болып отыр. Сондықтан, үш үміткердің қай-қайсысы барса да өңір үшін маңызды мәселелерді шешуге ықпал етері анық. Бәлкім Нұрымбетов барса өңірдің ауылшаруашылық, сушаруашылығы мәселелері оң шешімін табар, Рүстемов барса мәдениет саласында оң өзгерістер болары хақ, ал Шәменов барса Қызылорда қаласындағы маңызды жобаларға жол ашар…

Жалпы айтқанда Сыр халқы үшін сенатқа қайсы үміткер барса да өңір үшін пайда әкелер іс тындырары анық. Облыстық сайлау комиссиясының ресми ақпараты бойынша облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттарынан жалпы саны 147 таңдаушының тізімі жарияланды.

Айта кетейік, ҚР Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарға дауыс беру қаладағы «Достық үйі» ғимаратында 14-ші қаңтар күні өтпек.

Дамир АМАНГЕЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған