Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы кезге дейін қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бюджет қаражатын уақытылы игеру және инвестиция тарту арқылы жаңа жобаларды жүзеге асыру негізгі басымдық екенін алға тартып, нақты тапсырмалар беріп келеді.

Аймақ басшысының төрағалығымен өткен кешегі жиында облыс бюджетінің игерілуі және 2023 жылы республикалық бюджет есебінен жобалардың қаржыландырылу барысы мен мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.

Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай бюджет игеру бағыты бойынша талдау қорытындысын баяндады.

Қызылорда өңірі республика бойынша қаржы игеруден 3 орында. Өткен жыл қорытындысымен облыс бюджеті қаражатының игерілуі 99,5%-ды құрады. Әрине бұл жақсы нәтиже. Дегенмен кейбір бағытта қаржының толық игерілмей қалуы салдарынан кей сала жұмысына кері әсерін тигізген. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысымен Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласында бюджет қаржысы толыққанды игерілмеген.

– «Бюджет қаражатын алу үлкен еңбекпен келеді. Барлық басқарма басшыларына, аудан, қала әкімдеріне бюджет қаржатының тиімді әрі мақсатты жоспарлануын және уақытылы игерілуіне қатаң талап қойып келемін. Бюджеттің әр тиыны сұраулы. Өйткені, аймақтың экономикалық, әлеуметтік жағдайын жақсартуға қажетті қаржыны жоғарыға дәлелдеп, республикалық бюджеттен қаржы бөлдіру оңай емес.

Әрбір жобаның мерзіміне қарай, мердігерлермен уақытылы жұмыс жасалуы керек. Мәселен, жаңа мектептердің құрылысын аяқтау жыл соңында деп белгіленеді, бірақ оқу жылы қыркүйекте басталады. Жоспарлау дұрыс емес. Бюджет қаржысын бағыттау барысында да жобалардың мерзімі ескерілмейді, салдарынан қаржы игерілмейді. Сондықтан қала, аудан әкімдері қаражатты халыққа ең қажетті деген мәселелерге бағыттау керек,-деді Н.Нәлібаев.

Аймақ басшысы Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов пен Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменовке ескерту жасап, қала, аудан әкімдеріне барлық қаражат толық, сапалы және уақытылы игерілу мақсатында заңға сәйкес тауар жеткізушілер және мердігерлермен тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

 P.S. Өткен жылдың әр айы, тоқсаны сайын аймақ басшысы бюджеттің игерілуін қадағалап, әкімдікте өткен әр жиын, мәжілісте қала, аудан әкімдерінің мықты тұстарымен қатар осал тұстарын да көрсетіп, тапсырмалармен төпелеп отырды. Мәселен, былтырғы жылдың 10 ай қорытындысымен қаржы игерілу деңгейі төмен болған Қармақшы ауданының әкімі Ә.Ерсұлтановқа сөгіс те жариялады. Ресми ақпаратқа назар аударар болсақ, қарашаның алғашқы он күндігінде өткен жиында “аймақ басшысы мемлекеттің қаржысы өз мерзімінде сапалы игерілуі керек екенін баса айтып, жұмысты уақытылы үйлестіре алмаған Қармақшы ауданы әкімі Әділбек Ерсұлтанов пен оның орынбасарына сөгіс жариялаған. Одан әріге барар болсақ өткен жылдың шілде айының екінші он күндігінде өткен жиында да “аймақ басшысы бірнеше көрсеткіштер бойынша қалыс қалған аудандардың барын айтқан. Мәселен, Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданында өнеркәсіп өндірісімен қатар өңдеу секторында теріс тенденция қалыптасқан”. Былтырғы жылды сөгіспен аяқтаған Қармақшы ауданы әкімі Ә.Ерсұлтанов биылғы жыл басын ескертумен бастады.

Қызылорда қаласының әкімі А.Шәменовке де аймақ басшысы жыл басынан ескерту жасады.

Айтпақшы, қала басшысы А.Шәменовке аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың ескертуі бір бұл емес. Осыдан бір апта бұрын ғана қаладағы жарық мәселесіне орай алғашқы ауызша ескертуін алып та үлгерген еді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған