Әдеттегідей, осы аптаның сейсенбісінде Үкімет жиыны болып өтті. Оған Үкімет басшысы О.Бектенов төрағалық етті. Жиынға өзек болған негізгі тақырып биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және республикалық бюджеттің атқарылу барысы.
Жиында баяндама жасаған Қаржы, Энергетика, Өнеркәсіп және Құрылыс, Ұлттық экономика министрлері мен Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары айтқандарына қарағанда жағдай жаман емес. Өсім бар. Мәселен Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин баяндауынша бірінші тоқсан бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі 3% болып отыр. Қазір экономика шикізат бағытынан гөрі өңдеу саласына бейімделіп келеді десек, биылғы жылы экономика мұнай саласын есепке алмай-ақ өсуде екен. Салалар бойынша келетін болсақ, құрылыс, көлік қызметтері және өңдеу өнеркәсібі ең жоғары өсім берген.
Бұдан бөлек сауда 4,8%-ға, байланыс қызметтері 3,9%-ға, ауыл шаруашылығы 3,4%-ға өскен көрінеді.
Енді сауданың өсіміне келер болсақ қаңтар-ақпан екі айда сыртқы сауда айналымы 21,7 млрд. долларды құраған. Елімізден сыртқа 12 млрд. тауар экспортқа шықса, соның ішінде өңделген тауарлар экспорты 4,5 млрд. доллар екен. Ал сырттан елімізге 9,6 млрд. импорт кірген. Демек ішке кіргізгенімізден сыртқа шығарғанымыз 2,4 млрд. доллардан астам болып тұр. Бұл әрине ілгерілеушілік.
Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде де өсу 8,5%-ға жеделдеген. 18 өңірде өсу тіркелген. Айта кететін жайт өңдеу өнеркәсібіне екінші жыл қатарынан тау-кен өнеркәсібінің үлесі жоғары десек, өкінішке орай мұнай секторының үлесі 2010 жылы 16,5% болса, 2024-ші жылы 8,1%-ға дейін түсіп, соңғы жылдары оның ішкі өнімдегі үлесі екі есе төмендеген.
Вице-министр биылғы жылы “Экономиканың өсуінде мұнай секторының оң үлесі бола қоймайтынын” атап айтқан. Өйткені “биылғы қаңтар-наурыз айларында мұнай өндіру 19,8%-ға, табиғи газ өндіру 15,1%-ға қысқарғандықтан тау-кен өнеркәсібінің өндірісі 11,4%-ға төмендеп отыр екен. Дегенмен көмір өндіру 12,8%-ға, металл кендерін өндіру 0,6%-ға, тағы да басқа пайдалы қазбаларды өндіру 39,4%-ға артқан. Демек, мұнай өндірісінің қысқарған көлемін басқа жер асты қазба байлықтары жауып отыр.
Еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 3%-ға өсуін қамтамасыз етіп, ең жоғары өсім көрсетіп отырған үшеудің біреуі – өңдеу өнеркәсібі.
Бұл салада машина жасау өндірісі 21,9%-ға, оның ішінде автомобиль құрастыру 29,6%-ға, электр жабдықтарын өндіру 31,3%-ға өскен.
Сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру 12,6%-ға, сусындар шығару 10%-ға, құрылыс материалдарын шығару 37,1%-ға, металл бұйымдары 39,3%-ға, дәрі-дәрмек өнімдері 46%-ға, химия өнеркәсібі 2,4%-ға артқан.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында елімізде құрылыс қарқыны да қалыпты. Айналдырған үш айда құрылыс жұмыстары 14,8%-ға өскен. Әрине, өңірлердің басым дені құрылыс қарқынын өсіргенмен, Ақмола, Жетісу, Абай, Солтүстік Қазақстан төмендеп тұр екен.
Құрылыс, тау-кен, көлік құрастыру тағы басқа салалардағы өсіммен көңілді өсіргенімізбен ауыл шаруашылығы өнімдеріне көп алаңдайтынымыз белгілі. Әзірге мұндағы жалпы өнім көлемі 3,4%-ға артқан. Дәтке қуат…
Үкімет басшысы О.Бектенов жыл соңына дейін экономикалық өсімді 5%-дан жоғары деңгейге жеткізу қажеттігін, шикізаттық емес салалардағы барлық резервтерді толық пайдалану керектігін міндет етіп қойып, тапсырмалар тапсырды.
Үкімет басшысының тапсырмасына қарағанда ауылшаруашылығында жылыжайға, көкөніс пен сүт өндірісіне басымдық беріледі. Сондай-ақ өнімді өткізуді ілгерілету үшін көтерме-тарату инфрақұрылымын дамыту, логистикаға, өнімді сақтауға аса көңіл бөлінеді. Әлеуметтік бағыттағы азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуін тежеуге тұрақты мониторингтар жүргізіледі.
Осы жиында Үкімет басшысы Сауда министріне “өткен аптада сізге ірі көтерме базарларда тәртіп орнатуды тапсырған болатынмын. Жасыратыны жоқ, ол жерлерде ел айтып жүргендей, «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етеді. Көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да өнімдердің бағасы ешқандай негізсіз, қолдан көтеріледі. Міне, осыны нағыз делдалдық схемалар деп айтуға болады. Ішкі істер министрлігімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге осы мәселемен нақты әрі жүйелі түрде айналысыңыз», — деп қадап тұрып тапсырма берді.
Бұдан бөлек азық-түлік, отын, көлік, коммуналдық қызмет нарығындағы монополияға қарсы бақылауды күшейту, бензин бағасына мораторийдің аяқталуына орай бағаны қымбаттатпау, энергия ресурстарына деген сұраныстың көбеюіне орай газ өндіру қуатын арттыру, тағы да басқа мәселелер бойынша нақты межелер белгіленді.
Жиын барысында Үкімет басшысы құрылыс саласында тұрақты өсімді қамтамасыз етуге байланысты алаң көңілін де жасырмады. Мәселен, Үкіметке тұрғын үй құрылысына 516 млрд. теңге қажет деген ақпарат түскенімен өңірлер 249 млрд. теңгенің өтінімін, яғни қажетті көлемнің жарыдан төменін растаған. Демек, тұрғын үй құрылысының толық өтелмеу қаупі бар.
Жыл соңына дейін жалпы ішкі өнімді 5%-дан жоғарылатамыз деп жоспар құрып отырған үкіметтің “әр күні, әр жиыны жылға азық” екені белгілі. Осы межеге қайтсем де жетем деп белді бекем буып отырған Бектенов жиынды «Бәсекелестік күннен күнге күшейіп келеді. Бос әңгімені доғаратын уақыт келді. Нақты іспен айналысу керек. Ірі өнеркәсіп және инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырып, барлық салаға жасанды интеллектіні енгізу керек. Қаржылық тәртіпті қатаң сақтап, әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру қажет. Қазіргідей бәріне бірдей емес, мемлекет шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана қолдау көрсетуі тиіс», деп қорытты.
Өсім өспесе, төмендемейді…
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Премьер-министр Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштеріндегі өсімді айрықша атап өтті.
Үкімет отырысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режим арқылы қатысты. Одан кейін өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде Үкімет отырысында айтылған мәселелер жан-жақты талқыланды.
– «Жауапты басқармаларға қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, макрокөрсеткіштердің өсім динамикасының тұрақты сақталуы үшін жұмысты жүйелі ұйымдастыруды тапсырамын. Бүгінде көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүруде. Сондықтан қала, аудан әкімдері осы науқанда атқарылған жұмыстар есебінің статистика органдарына толығымен ұсынылуын, мәліметтердің дәлдігін қамтамасыз етуі тиіс», – деді Данияр Еренғалиұлы.
Бұдан бөлек облыс әкімінің бірінші орынбасары ай сайынғы қаржыландырудың жиынтық жоспарын 100 пайыз игеруді тапсырды. Мамырдың 1-не дейін конкурстық рәсімдерді толық аяқтап, келісімшарттарды қазынашылық органдарына мерзімінде тіркеу керектігін атап өтті.
Биыл өңірге 789,2 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған, өткен үш айда көрсеткіш 142,1 млрд. теңге болды. Оның 106,1 млрд. теңгесі– жеке инвестициялар. Жыл соңына дейін 100 млрд. теңгеге 21 жоба іске қосылады.
2026-2029 жылдары 2 трлн. теңгеге жуық қаржыға 48 жоба жүзеге асырылып, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.Агроөнеркәсіп саласында 185,8 мың гектарға егін егу жоспарланған, оның 70 мың гектары – күріш.
Су үнемдеу технологияларына алдағы үш жылда 34 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Сонымен қатар, 40 млрд. теңгеге крахмал-сірне зауыты, 68 млрд. теңгеге техникалық дақылдар өсіру және 134,5 млрд. теңгеге жылыжай кешені жобалары жүзеге асырылуда.
Өңір 100% ауыз сумен қамтылған. Жыл соңына дейін газдандыру 85%-ға, жақсы жолдар үлесі 95,2%-ға жеткізіледі.
Биыл тұрғын үй құрылысына бюджеттен 55,6 млрд. теңге бөлінді. Қаржыландырудың барлық көзінен 950 мың шаршы метр тұрғын үй табысталады.