Қызылорда облысы әкімі Н.Нәлібаевтың тапсырмасымен оның бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, елді мекендердегі жол құрылысы, пайдалануға берілген және қайта жаңғыртудан өткен ғимараттардың қазіргі жай-күйімен танысты.
Алдымен Аққұм ауылдық округіне аялдап, жол құрылысы жұмыстарының нәтижесін көрді. Мұнда 2023-2024 жылдары 457,1 млн. теңгеге 10 көше күрделі жөндеуден өткен болатын.
Былтыр Жалағаш ауданында әлеуметтік жағынан осал топ санатындағы 111 отбасыға жаңа баспана кілті табысталған болатын. Облыс әкімінің бірінші орынбасары осы тұрғын үйлерді де көріп шықты
«Ауыл – ел бесігі» жобасымен 2022 жылы 140,0 млн. теңгеге салынған Таң ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен өткен жылы пайдалануға берілген Қаракеткен ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысы да назардан тыс қалмады.
Ал Жалағаш кентіндегі Мемлекет басшысының тапсырмасымен және аймақ басшысының қолдауымен бой көтерген «Руханият орталығына» бүгінде музей, кітапхана, архив, неке қию залы, сондай-ақ ардагерлер мен аналар кеңесі, жастар орталығы, азаматтық қоғам өкілдері, тарихи-мәдени ұйымдар біріккен.
* * *
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай да Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандар жұмысымен танысты.
Алдымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен салынған 300 орындық №292 орта мектебіне барды. Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған, кең әрі жарық сыныптарымен, пәндік-зертханалық кабинеттерімен ерекшеленеді. Физика, химия және биология кабинеттері тәжірибелік жұмыстар жүргізуге арналған арнайы құрал-жабдықтармен, заманауи зертханалық құрылғылармен толық қамтамасыз етілген. Информатика кабинеттерінде жаңа үлгідегі компьютерлер, интерактивті тақта және жоғары жылдамдықты интернет желісі қолжетімді.
Сапар барысында әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйі де назардан тыс қалмады. Өткен жылы Арал қаласында осы санаттағы 60 отбасы жаңа баспанамен қамтамасыз етілген болатын.
Қайрат Нұртай көпбейінді аудандық аурухана жанындағы 25 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесінің жұмысымен танысып, «Қамқорлық» оңалту орталығына да барды. Ғимарат 289 млн. теңгеге қайта жаңғыртылған. «Қазақстан халқына» қоры қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Орталықта балаларға мамандандырылған оңалту қызметтері көрсетіледі, сумен емдеу, шунгит, сенсорлық, интерактивті және тұзды шахта бөлмелері қарастырылған. Сонымен қатар, емдік дене шынықтыру, механотерапия және ойын залдары бар, логопед, дефектолог, психолог мамандар қызмет көрсетеді.
* * *
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай Қазалы ауданында да жұмыс сапарымен болып, кейінгі жылдары іске қосылған әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандарға арнайы барды.
Алдымен Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында салынған 300 орындық мектептің жағдайын зерделеді. «Асар» серіктестігі салған білім ордасы өткен жылдың наурыз айында пайдалануға берілген. Заманауи құралдармен толық жабдықталған 23 оқу кабинеті, STEM, робототехника, хореография бөлмесі, спорт залы, кітапхана және асханасы бар. Оқушыларға сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған.
Қазір мектепте 285 оқушы білім алуда.
Келесі нысан – теміржол вокзалы ғимараты мен вокзал аумағы. Өткен жылы «Строймодуль Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аумақты абаттандыру жұмыстарын бастаған болатын. Қайрат Ырзақұлұлы мердігер мекеме өкілдеріне қайта жаңғырту аймақ басшысының тікелей бақылауында екенін айтып, жұмысты қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

Бұдан бөлек 2022 жылы пайдалануға берілген «Өрімтал» балабақшасын, Қазалы ауданы әкімдігі ғимаратын көріп шықты. Әкімдік ғимаратын 2018 жылы «Промстройсервис» серіктестігі салып, 2019 жылы пайдалануға берілген. Әкімшілік және кеңсе бөлмелері заманауи стандарттарға сай жабдықталған, қызмет көрсету инфрақұрылымы қалыпқа келтірілген, техникалық қызмет көрсету және абаттандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
* * *
Облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен Қармақшы ауданына барған жұмыс сапарында әлеуметтік нысандарды аралап шықты.
Алдымен ІІІ Интернационал ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. Заманауи талаптарға сай салынған нысанды «Астана Сервис LTD» ЖШС 2024 жылы пайдалануға берді. Құрылысына 409 млн теңге қаралған кешенде бүгінде ауыл тұрғындары, әсіресе оқушылар спортпен тұрақты шұғылданады.

Әрі қарай, №284 мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының жұмысымен де танысты. 120 орынға арналған білім ордасының оқу корпустары, жатақхана, асхана және спорт алаңдары бар.
Жұмыс сапары кезінде облыс әкімінің орынбасары Жосалы кентіндегі «Руханият орталығына» да арнайы барды. Екі жыл бұрын пайдалануға берілген орталықта аудандық кітапхана, тарихи-өлкетану музейі, архив, ардагерлер кеңесі, жастар орталығы және қоғамдық ұйымдар орналасқан.
Қармақшы ауданында 2023-2024 жылдары 207 пәтерлік 103 тұрғын үй сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға берілсе, былтыр тағы 30 тұрғын үй табысталған. Осы сапарда әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйі де назардан тыс қалмады.