Ел игілігіне бағытталған ауқымды жобалардың бірі – Қазалы ауданындағы Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына орамішілік газ желілері құрылысының басталуына орай Бекарыстан би ауылында салтанатты шара өтіп, үш ауылдың тұрғындары көптен күткен игі істің куәсі болды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, тұрғындар­дың тұрмыс сапасын жақсартуға бағыттал­ған ауқымды жұмыстардың басталуымен құттықтады. Сондай-ақ үш ауылдың да халқы көп ұзамай көгілдір отынның қуанышына кенелетіндігін жеткізді.

– Көгілдір отын – бұл тек қана отын көзі емес. Бұл – тұрғындардың тұрмысын жеңілдететін, экологиялық жағдайды жақсартатын, уақытты үнемдейтін, ең бастысы – өмір сапасын арттыратын маңызды игілік. 2026 жылға аймақ бас­шысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауы­мен аудандағы Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түкті­баев ауылдарына орамішілік газ желілері құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 680 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгін міне, елді мекендерге орамішілік газ жүргізу жұмыстары басталуда. Жалпы жыл соңына дейін аудан бойынша елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі жүзеге асып жатқан жұмыстар толықтай аяқталғаннан кейін Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылда­рын­дағы 1000-ға жуық тұрғын үй мен 16 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылып, 5500-ден астам тұрғын көгіл­дір отынның қуанышына кенелетін болады. Бұл – еліміздің, бірлігіміз бен береке­міздің арқасында қол жеткізіп отырған жетістігіміз. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде ауылдарымыз күннен-күнге жаңарып, көркейіп келеді. Алдағы уақытта да ауданы­мыздың барлық елді мекендерін кезең-кезеңімен көгілдір отынмен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді аудан әкімі.

Шарада Қызылорда облысының Құрметті Азаматы Самұрат Имандосов пен Ақжона ауылдық ардагерлер кеңесі­нің төрағасы Шынтас Жадиев ауыл тұрғын­дарын маңызды бастамамен құттықтап, ауыл ақсақалы Болат Сәдуов жиылған жұртшылыққа ақ батасын берді.

Аталған 3 ауылды көгілдір отынмен қамту жұмыстарымен мердігер мекеме – «AsiaStroy KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі айналысуда. Аудан басшысы шарадан кейін мердігер мекеменің жауапты өкілімен кездесіп, жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімінде әрі сапалы аяқтау керектігін айтты.

Мұнан соң аудан басшысы мен ел ағалары, зиялы қауым өкілдері жиылған жұртшылықпен бірге орамішілік газ желі­лерін жүргізу жұмыстарының басталуына куә болды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған