Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі десек, қате болмайды. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін, басқаша айтсақ, «ғылым-білім бар жұрттар» ғана өркениеттің өріне шығады. Бұл – ақиқат. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Алдымызда тағы бір маңызды міндет тұр. Біз жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Өйткені қазақ ғылымының болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр және мақсаты биік жастардың қолында. Талапты әрі талантты азаматтар келешекте ұлттың шамшырағына айналады. Олар Қаныш Сәтбаев сияқты алып тұлғалардың жолын жалғайды. Сондықтан жас зерттеушілерге қамқор болуымыз керек. Бұл бағытта нақты бастамалар жүзеге асырылып жатыр.
Ғылымның әлеуетін ел игілігіне жарата білу қажет. Ғалымдарымыз ашқан жаңалықтар зертханалар аясында қалып қоймауы керек. Нақты нәтиже беретін, өндіріске енгізуге болатын жобаларды жүзеге асыру қажет.
Бұдан бөлек, ғылым қалашықтарына және қарқынды дамитын қалаларға жаңа технология енгізуді жолға қоюымыз керек. Қазір Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Инвесторларды осындай даму орталықтарына қаржы салуға ынталандыру қажет. Бұл да – Үкіметтің өзекті міндеттерінің бірі.
Ғалымдар үнсіз қалмауы керек
Өтпелі ережелерге сай, жаңа Ата заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Сол уақытқа дейін негізгі заңдардың барлығы Конституция нормаларына сәйкестендірілуге тиіс. Бұл бағытта Парламент ауқымды заң шығару жұмысына кірісті. Депутаттар заң жобаларын мұқият әрі жедел қарастырады деп сенемін. Осы күрделі үдерісте ғалымдар ерекше рөл атқарады. Өйткені олар өркениет құндылықтарын дәріптеп, санаткерлік және моральдық қасиеттерімен көпке үлгі көрсетеді. Нағыз ғалымдар ескілік пен қараңғылыққа қарсы күрестің алғы шебінен табылып, ағартушылық пен білім жолында әрдайым топ бастаған.
Біздің қоғам жақсы мен жаман туралы деструктивті түсініктердің жетегіне ермеуге тиіс, төл болмысымызға жат дүниетанымға көзсіз сенбеуі қажет. Оның салдары ауыр болады.
Ғалымдарымыз үнсіз қалмай, қоғамда, әсіресе, жастар арасында жауапкершілік пен тәртіп қағидаттарын дәріптеуі қажет деп санаймын. Құқықтық нигилизмге жол жоқ. Біздің таңдауымыз – заңға бағынатын парасатты қоғам.
Сайлау биыл тамыз айында өтеді
Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді.
Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі.
Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады. Бұл ретте біз жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық реформалар қоғамдық сананың оң сипатта өзгеруіне әсер етуге тиіс. Мен мұның маңызы жөнінде бірнеше рет айттым.
Кітап оқу – ұлттық озық қасиет
Отбасы институты мен білім беру жүйесін нығайту, шын мәнінде, балаларды кітап оқуға баулумен тығыз байланысты. Жалпы, осылай болуы қажет. Қанша жерден пессимистік пікірлер айтылса да, кітап – білім бұлағы әрі тәлімгер ретінде маңызын жоя қойған жоқ. Кітап оқыған сайын танымың тереңдейді. Кітап ақыл-ойды шыңдап, дүниетанымыңды кеңейтетіні, адамдардың өз қарым-қабілетіне деген сенімін күшейтетіні белгілі.
Таяуда еліміз Ұлттық кітап күнін екінші рет атап өтеді. Жұртшылықтың қолдауына ие болған бұл бастама отандық баспа саласының жұмысын жүйелеп, шетелдік авторлардың өзекті, пайдалы көркем шығармаларының аударылуына түрткі болуға тиіс. Кітап оқу үрдісі төл дүниетанымымыздың ажырамас бөлігіне, ұлттың озық қасиетіне айналғаны жөн. Ғалымдар бұл іске салмақты үлес қосуға міндетті деп санаймын.
Қайғылы оқиға азаймай тұр…
Осы тұста мына бір аса маңызды мәселені қайта атап өткім келеді: біз қоғамда заң үстемдігі қағидатын, яғни заңға бағыну мәдениетін түбегейлі орнықтыруымыз қажет. Заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс: қоғамдық орындағы жүріс-тұрыс мәдениетінен, оның ішінде жиын-тойлардан, тұрмыстық мәдениеттен бастап, жолда көлік жүргізу мәдениетіне дейін осы мызғымас қағидатқа сай болуы керек.
Мен бұған дейін де өз сөздерімде жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталдым. Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге болмайды.
Бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр. Демек бұл жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек. Азаматтар бекітілген ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырған дұрыс.
Сотқарлар мен бұзақылар “қаһарман” емес
Полицейлермен тәжікелесу, тіпті оларға шабуыл жасау фактілерін тыю қажет. Мұндай жағдайларға, сондай-ақ құқықтық нигилизм дертіне шалдыққан адамдарды, басқаша айтқанда, сотқарлар мен бұзақыларды «қаһарман» жасауға заң аясында қатаң шара қолдану керек.
Біз өркениетті ұлт болғымыз келсе, полицейлердің, дәрігерлердің, мұғалімдер мен қызмет көрсету саласы мамандарының, жалпы, адал әрі заңға бағынатын азаматтардың ар-намысына тиетін кез келген әрекетке батыл түрде тосқауыл қоюымыз қажет.
“Әл-Фараби” – құрметті марапат
Данышпан бабаларымыздың баға жетпес туындыларын заман талабына сай кәдеге жарата білуіміз керек. Ойшылдарымыз бен ғалымдарымыздың мұрасын терең танып, кеңінен дәріптеп, барынша дамытқан жөн. Ұлы тұлғаларды ұлықтау жұмысына тың серпін беру аса маңызды.
Түркістан төрінде «Қожа Ахмет Ясауи» ордені туралы көтерген бастаманың мәні де – осында. Сондай-ақ былтыр Ясауи ілімін зерделеуге арналған халықаралық симпозиум өтті. Жалпы, бәріміз әйгілі Қожа Ахмет Ясауиді бірегей ғұлама ғалым әрі өркениеттанушы ретінде еліміздің әрбір аймағында және шетелде де кеңінен дәріптеуіміз керек. Сонымен бірге оның құндылығы аса зор бай мұрасын өзіміз де барлық тұрғыдан жан-жақты зерттеуіміз қажет. Осы өнегелі дәстүр биыл әл-Фараби форумына ұласады. Мұндай тағылымы мол, ғылыми мәні зор басқосулар жыл сайын өткізіліп тұрады.
Бүгінгі салтанатты жиында тағы бір жақсы жаңалықты жариялағым келеді. Қазақ даласы көптеген кемеңгер тұлғалардың мекені болғанын білесіздер. Соның ішінде әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабидің орны ерекше. Оның мұрасы – бүкіл адамзаттың асыл қазынасы, өркениет ойының шыңы. Осыған орай, мен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санаймын. Бұл марапат білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі. «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фараби» ордендері биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында тапсырылатын болады.
(Ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінен)