Еліміздің біраз өңірлерінде ауа-райына байланысты түрлі қолайсыздықтар туындап жатқаны белгілі. Мәселен Түркістан облысында 2 ақпанда сағат 08:00-ден бастап таулы аудандарда қардың еруі және жауынның көп жауғанына байланысты су деңгейі көтеріліп, нәтижесінде Кентау, Түркістан, Бәйдібек, Ордабасы және Сауран аудандарында аула аумақтары мен көшелер су астында қалды. Үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 50-ден аса құтқарушы, 10 бірлік техника және 20 мотопомпалар жұмылдырылған. Ресми ақпарат бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты Бәйдібек, Ордабасы және Сауран аудандарында 6 көше, 48 аула су астында қалған.

Бұған дейін ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қазақстанның 255 елді мекенін су басу қаупі бар екенін айтқан болатын. Министр су басу қаупі жоғары аймаққа Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау,Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарын жатқызды.

Біздің өңірде бірнеше күн көптеген келеңсіздіктер болғаны белгілі. Атап айтсақ, алдымен жаңбыр жауып, таңертеңгі аяздың әсерінен көктайғақ болды.Ауа-райы тудырған қолайсыздықтар қалай реттелуде? Жауапты мекемелер жұмысына тоқталсақ.

Ауа-райы қолайсыздығы салдарынан туындаған көктайғақтың алдын алу мақсатында түңгі саған 01:00-ден басталған тазарту жұмыстары 2 ауысыммен жүргізілді. Ол үшін арнайы кезекшілік кестесі бекітілді. Бірінші кезекте көлік ағыны көп орталық көшелер, әлеуметтік нысандар аумағы тазартылды. Сондай-ақ арнайы техникалармен жаңбыр суы тазартылып, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалды.

Қызылорда қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Қадырбек Әліповтің айтуынша, 2 ақпан күні таңғы сағат 8-ден бастап бір тәулік ішінде көктайғақ кезінде құлап, түрлі дене жарақаттарын алған 150 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. 21 адам ауруханаға жатқызылып, 3 адам жансақтау бөліміне түскен, ал 18 адам травматология бөлімінде стационарлық ем алуда. 3 ақпан күні таңертең облыстық көпсалалы аурухананың жедел жәрдем бөліміне 8 адам жүгінген. Олардың үшеуі ауруханаға жатқызылды.

Толассыз жауған қар, көктайғақ оқыс оқиғаларға әкеліп соқтырды. Мәселен, 2 ақпан күні таңғы сағат 8-дер шамасында қаланың сол жақ жағалауында 2 автобус соқтығысты. Салдарынан 3 адам аурухана көмегіне жүгінген. Өзге зардап шеккендер жоқ. Жол-көлік оқиғасының орны рәсімделіп, тиісті құжаттар жинақталып, сараптамалар тағайындалды.Ал 2 ақпанда сағат 00:00 мен 15:00 аралығында Қызылорда облысы көлемінде барлығы 14 жол-көлік оқиғасы орын алды. 11 автокөлікке материалдық шығын келтіріліп, бір адам қаза болып, 10 адам жарақат алды.Сол себепті жүргізушілерден қолайсыз ауа-райы кезінде жолдардың жабылуына байланысты алыс сапарға шықпау, жол ережелерін сақтау, ауа райы туралы ескертулерді елеп-ескеру сұралды.

Қазіргі таңда облыста 29 су басу қауіпі бар аймақ анықталып, оған 366 арнайы техника бірлігі және 1137 адамы бар 138 жауапты мекеме бекітілді. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары дайындыққа келтірілді.

Мұхаммедшах КАЮП

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған