Өткен жылға өтпей-ақ, биылғы жылдың бас жағына тоқтасақ, қаңтар-ақпан айларындағы рейтинг бойынша ең соңғы 16 орында тұрған Қызылорда облысы кешегі шілде айының қорытындысымен алғашқы бестікке кірді. Ақиқат үшін айта кетейік, сәуір айының бас жағында облыс басшылығы ауысқаннан кейін наурыз, сәуір айларын Toppress ақпараттық порталы сараптамаға қоспапты. Ал мамыр менен маусымда 16-ші орыннан сәл көтеріліп, орта кеудегілердің төменгі жағына нақтылағанда 12-шы орынға жылжыған едік. Тамыз айының бас жағында жарияланған шілде айының қорытындысы бойынша Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев еліміздегі өңірлер әкімдері арасында өткен маусым айының қорытындысы бойынша 5-ші орынға жайғасқан Алматы қаласының әкімі Е.Досаевты 6-шы орынға жылжытып, 5-ші орынды иемденді.

Жалпы облыс әкімі болып тағайындалғанына 4 айдан асып бара жатқан Н.Нәлібаевтың әр ісі, әр сөзі ел назарында. Артық басқармаларды қысқартып, басшылардың айлығын үнемдегені де, “маған халық кеңесші” деп бұрыннан келе жатқан кеңесшілерді керек етпегені де, елдің ақыл айтып, жол көрсетер ақсақалдарымен қатар уақытысында ел басқарған елдің арқасүйер азаматтарын да билікке араластырып, үлкен жиындарға қатыстырғаны да ел көңіліне жақты. Өзіне көп жақтастар тапты.

Әкімдіктің жиналыстарын құр жиын етпей, өңірдің экономикалық, әлеуметтік даму деңгейін ортаға салар сараптамалық талдау кеңестеріне айналдырды. Аудан әкімдерінің іс-қимылын ортақ талқыға салып, олардың қабілет-қарымын, іскерлігін, біліктілігін жұрт көзінен жасырмады.

Н.Нәлібаев аймаққа әкім болып келгелі бері орталықтағы ақпарат құралдарында жақсы жаңалықтар жиі-жиі жарқ етуде. Жаңа заманға лайықты жылу электр орталығы салынады. Неке сарайы мен өнер орталығы, оқушылар сарайы салынатыны тағы бар. Айта берсе Қызылордада екі күннің бірінде жаңалық десе де болады.

P/S: Қандай да бір игілікті іс, жағымды жаңалықтың ар жағында елдің үміті мен сенімі бары рас…

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған