XXI ғасырда мемлекеттің орнықтылығы тек табиғи ресурстар қорының көлемімен, инвестициялар ауқымымен немесе өнеркәсіптің даму деңгейімен ғана айқындалмайды. Барған сайын маңызды фактор ретінде өз технологияларын жасау қабілеті, жоғары білікті мамандар даярлау, зерттеу инфрақұрылымын дамыту және білімді экономика мен қоғам игілігіне қызмет ететін практикалық шешімдерге айналдыру мүмкіндігі алдыңғы орынға шығуда.
Жаһандық бәсекелестік ғалымдар, инженерлер, технологиялық компаниялар, жаңа материалдар, зияткерлік меншік және елдің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ететін құзыреттер үшін жүріп жатыр. Осындай жағдайда Қазақстан дайын шешімдерді импорттаумен ғана шектелмей, ұлттық сын-қатерлерге жауап бере алатын әрі халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті өзінің ғылыми-технологиялық базасын қалыптастыруы қажет.
Бұл, әсіресе, атом саласы үшін ерекше маңызды, өйткені ол тек атом энергетикасымен ғана шектелмейді. Атом саласына ядролық медицина, радиофармацевтика, радиоизотоптар өндіру, радиациялық технологиялар, жаңа материалдар, экологиялық мониторинг, зерттеу инфрақұрылымы, цифрлық басқару жүйелері және кадрлар даярлау да кіреді. Сондықтан атом ғылымын дамыту елдің технологиялық егемендігінің негізгі элементтерінің бірі ретінде қарастырылуы тиіс.
Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы адами капиталдың, білімнің, ғылымның және инновациялардың мемлекеттік басымдықтар жүйесіндегі маңызын күшейтті. Бұл ғылымды оқшауланған сала ретінде емес, ұлттық дамудың негізі, заманауи өндірістердің, жоғары білікті жұмыс орындарының, жаңа нарықтардың және өңірлік өсудің көзі ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін жаңа тәсілді қалыптастырады.
Мемлекеттің міндеті – дарынды зерттеуші, инженер немесе технолог тек ғылыми зерттеулер жүргізіп қана қоймай, жаңа технологиялар жасап, халықаралық ынтымақтастыққа қатысып, Қазақстанда кәсіби тұрғыдан өзін жүзеге асырудың нақты перспективаларын көре алатындай жағдай жасау. Ол үшін заманауи зертханалар мен жабдықтар, ғылыми зерттеулерді тұрақты қаржыландыру, әзірлемелерді өндіріске енгізу тетіктері, мансаптық өсу мүмкіндіктері, сондай-ақ мамандар мен олардың отбасылары үшін сапалы әлеуметтік орта қажет.
Осындай саясаттың негізгі құралдарының бірі – ғылымды қажетсінетін аумақтарды дамыту. Оның мәні белгілі бір қалада немесе ауданда ғылыми ұйымдарды орналастырумен ғана шектелмейді. Ғылымды қажетсінетін аумақ – ғылыми институттарды, университеттерді, инженерлік орталықтарды, технологиялық компанияларды, медициналық ұйымдарды, өнеркәсіптік кәсіпорындарды, инвесторларды, мемлекеттік органдарды және даму институттарын біріктіретін тұтас экожүйе.
Мұндай жүйенің басты мақсаты – ғылыми идеяның толық циклін қамтамасыз ету: іргелі зерттеулер мен зертханалық әзірлемелерден бастап тәжірибелік үлгіні жасауға, оны инженерлік тұрғыдан жетілдіруге, сертификаттауға, өндіріске енгізуге және практикалық қолдануға дейінгі барлық кезеңдерді қамту. Осындай стратегия аясында ғылым экономикадан бөлек өмір сүрмейді. Ол жаңа технологиялардың, өндірістердің және қызметтердің қайнар көзіне айналады. Университеттер нақты ғылыми және инженерлік міндеттерге қол жеткізеді, жас ғалымдар мен инженерлер өз жобаларын іске асыру мүмкіндігіне ие болады, бизнес ғылыми инфрақұрылым мен құзыреттерге қол жеткізеді, ал өңірлер экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.
2035 жылға дейін ғылымды қажетсінетін аумақтарды құру және дамыту тұжырымдамасы аумақтың мамандануына, зерттеу инфрақұрылымына, кадрлық әлеуетіне, университеттерге, өнеркәсіпке және нарықтарға жақындығына қарай әртүрлі даму модельдерін көздейді. Атом саласы үшін бірін-бірі толықтыратын екі негізгі алаңның маңызы ерекше – Курчатов қаласы және Алматыдағы Ядролық физика институтының базасында құрылатын ғылыми-технологиялық парк.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы Курчатов қаласында елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, атом саласын дамытуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға қызмет ететін зерттеу және сынақ инфрақұрылымына, ғылыми мектептерге және мол тәжірибеге ие. Сондықтан Курчатовты ғылым қаласы ретінде дамыту символдық қадам ғана емес, стратегиялық маңызы бар міндет болып табылады.
Здоровец Максим Владимирович — Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің
Ғылым және инновациялар департаментінің директоры.