Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев:

– Оқушылардың қуанышына ештеңе жетпейді. Мектепке қомақты қаржы бөлінгендіктен, күрделі жөндеу жұмыстары өте сапалы орындалуы керек. Себебі оқу жылына білім беру нысандыраның дайындығы Үкімет басшысының тікелей назарында.

Демографиялық өсімнің нәтижесінде қалада ықшам аудандар көбейіп, мектептерде орын тапшылығы мәселесі туындағаны жасырын емес. Бұл ретте апатты жағдайдағы 4 мектептің екеуінің ғимаратын жаңа оқу жылында табыстаймыз. Тоқабай ауылындағы бір апатты мектеп мәселесін жеке инвестор арқылы шештік. Жерлесіміз, меценат азамат өз қаражаты есебінен 550 млн. теңгені құрайтын 100 орындық мектеп құрылысын бастады. Мұнан өзге Қазалы ауданындағы тағы бір мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, қала мектептеріндегі орын тапшылығын жою үшін 4 мектептің жанынан қосымша ғимарат салуға шешім қабылданды. Себебі жаңа мектеп салу қымбатқа түседі. Қазіргі таңда 600 және 375 орындық 2 мектептің жоба-сметалық құжаттары аяқталып, мердігер компаниялар бекітілуде. Ал, қалған 2 білім ұясының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Қазір ата-ана да, бала да, сондай-ақ әкімдер мен құрылысшылар да абыр-сабыр.

Отбасындағы баланы мектепке жіберу үшін керек-жарағын қамдап ата-ана базар жағаласа, мектептердің күрделі жөндеуін, немесе құрылысын міндеттеріне алған мердігер құрылыс компаниялары да белгіленген мерзімге үлгеру үшін қарбаласта.

Білім күні межеленген мектептер пайдалануға берілуге үлгірмей қалады ма деп уайымдаған жергілікті билік те құрылыс жағалап жүр. Биыл өңір бойынша 182 мың оқушы мектепке барады екен. Олардың үздік білім алуы, үлгілі тәрбиелі болуы мұғалімдер қауымына қандай сын болса, білім мекемелерінің жарық, жылы, таза болып, оқушылар мен ұстаздарға қолайлы жағдай жасау үлкенді-кішілі әкімдерге міндет.

Жаз бойы аймақ бойынша 6 мектепте күрделі жөндеу жасалуда. Оған бюджеттен 2,1 млрд. теңге қаржы бөлінген. Сондай мектептердің бірі қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы білім ордасы. Күні кеше облыс әкімі Н.Нәлібаев осы оқу орнына барып, мектеп әзірлігін көзбен көрді. Осы аптаның сейсенбісінде өткен үкімет отырысында да жаңа оқу жылына дайындық барысы талқыланды.

Осы үкімет отырысына басқа да өңір әкімдерімен қатар селекторлык режимде қатысқан аймақ басшысы Н.Нәлібаев жиын бітісімен іле-шала осы тақырып бойынша бірден облыс әкімдігінің жиналысын өткізді.

Ресми ақпарат бойынша облыста 295 мемлекеттік, 16 жекеменшік мектеп бар. Бұлардың барлығының жағдайы керемет деген өтірік болар еді. Апаттық жағдайдағы, 3 ауысымдық мектептерді барынша азайтамыз дегенменен, облыс әкімі өзі айтпақшы бала туу жағдайының жақсарғанына орай мектептерде орын жетпей жатқан жағдайлар бар. Одан бөлек бар мектепті бір мезетте жақсартып қоюға қаржы да тапшы. Дегенменен аппатты мектептер арасынан Аралдағы №71-ші, Жаңақорғандағы №169- шы мектептердің жаңа ғимараты жаңа оқу жылына тапсырылады деп күтілуде.

Жиынға қатысқан сала басшыларына аймақ басшысы Н.Нәлібаев «жергілікті жердегі барлық меселеге жауапты екендіктеріңізді тағы да бір еске саламын. Сабақ процессі еш кедергісіз басталуы керек. Көмекке мұқтаж отбасының балаларына қажетті барлық қолдау шараларын жүзеге асырыңыздар! Бұл тек басқарманың ғана емес, қала, аудан әкімдерінің де тікелей міндеті» деп тапсырма берді. Баға қымбаттығына орай қазір баланы мектепке қамдау қайсыбір отбасына болмасын оңайға түспей отыр. Табыстың төмендігінен тапқаны тамағына жетсе, коммуналдық ақы тағы да басқа қажеттіліктерге жетпейтін орташа табысты отбасылардың өздері де дәптер, қалам бағасынан шошынып, баланы мектепке қалай жіберемізге басып отыр.

Осы ретте көмекке мұқтаж тұрмысы төмен отбасы балаларының керек жарағына көмек болсын деп үкімет жалпыға міндетті оқу қоры аясында берілетін ақшалай көмекті мектеп киіміне, құрал-жабдығына жұмсауға бағыттады. Ресми ақпарат бойынша біздің облысымызда тиісті көмек алатын арнайы санаттағы 31 322 бала бар екен. Әкім Н.Нәлібаевтың айтуынша оған жергілікті бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінген.

Биыл – балалар жылы. Осыған орай аймақта демеушілер есебінен 80 спорт алаңы, оның ішінде Қызылордада 1 млрд. теңгеге жуық қаржыға 50, аудандарда 600 млн. теңгеге 30-дан астам спорттық-ойын алаңдары салынуда.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған