ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы талқыланды.

Үкімет басшысының айтуынша, осы салада қалыптасқан проблемаларды кезек күттірмей шешу үшін алғаш рет тұжырымдама әзірленді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова тұжырымдама Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауындағы тапсырмасын орындау үшін дайындалғанын айтты. Құжат 4 негізгі бағытты қамтиды. Олар – тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарындағы тәуекелді төмендету шараларын экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ, еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру.

Үкімет жиынынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кәсіпорындарды тексергенде бірқатар заң бұзушылық анықталғанын атап өтті.

«Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары жыл басынан бері 231 кәсіпорында тексеру жүргізіп, 368 заң бұзушылықты анықтаған. Заңнама талаптарын бұзғандарға 186 нұсқама беріліп, 33 ескерту және 7,9 млн.теңге көлемінде айыппұл салынды. Кейбір кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі талаптары сақталмағандықтан, қайғылы оқиғалар орын алып, кісі өлімі болады. Бұл – мекемені басқарушының салғырттығы және адам өміріне деген немқұрайлы көзқарасы», – деді аймақ басшысы.

Осы ретте, облыстық бақылау жөніндегі басқармасына аймақтағы меншік нысанына қарамастан барлық мекемедегі еңбек қауіпсіздігін бақылауға алу тапсырылды. Ол үшін оқыту жұмыстарын күшейтіп, қызметкерлердің сапалы қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуін тұрақты түрде қадағалау және өндірістік жарақат бойынша тәуекел дәрежесі жоғары кәсіпорындарды анықтау өте маңызды. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына профилактикалық жұмыстар жүргізілуі керек.

Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне мерекелік демалыс күндері коммуналдық қызметтердің күшейтілген режимде, үздіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз ету, Сырдария өзеніндегі су тасқынының алдын алу, ал облыстық білім басқармасына оқушылардың қауіпсіздігін бақылау міндеттелді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған